Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан
16.10.2026

Ауыз сумен қамту – 100,газбен қамту – 84,2 пайызға жеткізілмек

Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов Ордабасы ауданына жұмыс сапарымен барып, елді мекендердегі ауыз су жүйелерін қайта құру және табиғи газбен қамту бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Алдымен Төрткүл ауылдық округіне қарасты Көкарал, Төрткүл, Бөген, Шұбар және Бадам ауылдарындағы ауызсу жүйелерін қайта құру нысандарын аралады. Қазіргі таңда аудандағы Қарақұм, Төрткүл, Көкарал, Бөген, Шұбар және Бадам елді мекендерінде ауыз су инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.

 

Нысандарды аралау барысында облыс әкімінің бірінші орынбасары құрылыс жұмыстарының қарқынына, белгіленген мерзімдердің сақталуына және орындалатын жұмыстардың сапасына назар аударды. Ол мердігер мекемелерге құрылыс қарқынын күшейтіп, нысандарды талапқа сай сапалы аяқтауды тапсырды.

З.Жолдасов ауыз су инфрақұрылымын жаңғырту мәселесіне басымдық беріп, тұрғындарды сапалы әрі үздіксіз ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыс жүргізуді тапсырды. Құрылыс жұмыстарының сапасы мен орындалу барысы тиісті деңгейде болған жағдайда ғана қаржыландыру мәселесі қаралатынын жеткізді. Аудан әкімі Азат Оралбаевтың айтуынша, аталған елді мекендердегі ауыз су жүйелерін қайта құру жұмыстары толық аяқталған соң аудан тұрғындарын орталықтандырылған ауыз сумен қамту көрсеткіші 100 пайызға жетеді екен.

Жұмыс сапары барысында ауданның табиғи газбен қамту бағытындағы өзекті мәселелері де талқыланды. Қазіргі таңда Ордабасы ауданындағы 45 елді мекен табиғи газға қосылған. Қамту деңгейі 78,9 пайызды құрайды. Жыл соңына дейін Ақпан, Аққойлы және Шұбарсу ауылдарындағы құрылыс жұмыстарын аяқтап, тұрғындарды табиғи газға қосу жоспарланып отыр. Нәтижесінде газбен қамту көрсеткіші 84,2 пайызға жетеді деп күтілуде.

Сонымен қатар, Бадам ауылдық округіне қарасты Қарабастау, Мамыр және Ордабасы ауылдарын табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Аталған елді мекендерге газ жеткізуші құбырды Ақбұлақ ауылын газдандыру нысаны арқылы тарту көзделген. Осыған байланысты Ақбұлақ ауылын табиғи газбен қамтамасыз ету құрылысын іске асыруға қажетті қаржы мәселесін қарастыру қажеттігі айтылды. Аудан әкімі А.Оралбаев газдандыру бағытында туындап отырған мәселелерді баяндап, оларды шешу жолдарын ұсынды.

Жұмыс қорытындысы бойынша Зұлпыхар Жолдасов ауыз су және газдандыру жобаларының әрқайсысы бойынша нақты ахуалды қамтитын жүйелі кесте әзірлеуді тапсырды. Онда орындалған жұмыстардың көлемі, қалған құрылыс кезеңдері, қаржыландыру қажеттілігі мен белгіленген мерзімдер көрсетілуі тиіс. Басты міндет – инфрақұрылымдық жобаларды сапалы әрі уақтылы аяқтап, тұрғындарды ауыз су және табиғи газбен қамтамасыз ету мәселелерін жүйелі шешу.

Жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар