Бала кезімізден келі мен келсапты көріп өстік. Ауылдағы әр үйдің бұрышында, кейде ас үйдің бір шетінде ағаштан ойылған келі тұратын. Біз үшін ол күнделікті көзге үйреншікті бұйым еді. Оның қадір-қасиетін бала кезімізде толық түсінбесек те, келінің дүңкілдеген үнін естісек, үйде бір тіршіліктің басталғанын сезетінбіз. Әсіресе таңертең апамыздың келі түйгені әлі күнге дейін көз алдымызда.
Апамыз келіні бір қолымен нық ұстап, келсапты көтеріп-түсіріп, тарыны бабымен түйетін. Келсаптың келіге тиген бірқалыпты дыбысы үй ішіне ерекше бір жылылық беретін. Кейде біз балалар қызықтап қасына жиналып, «Апа, қашан бітеді?» – деп сұрайтынбыз. Сонда апамыз: «Тарының қабығы аршылмай, дәні ақталмай, асықпаңдар», – деп күлімсірейтін. Келі түбіндегі ақталған тарыны алақанымызға салып алып, талқанның дәмін тататынбыз. Сол бір қарапайым сәттердің өзі бүгін ойласақ, балалық шағымыздың ең жылы естеліктерінің бірі екен.
Апамыз келіні ерекше қадірлейтін. Оны аяқасты еткізбейтін, үстіне отырғызбайтын. «Бұл – дәннің орны, нанның несібесі. Келіге құрметсіздік жасауға болмайды», – деп бізге қайта-қайта айтып отыратын. Бірде біз, балалар келсаппен ойнамақ болып оны алып кеткенімізде апамыз дереу тоқтатып: «Ойыншық емес ол! Бұл келсап талай үйдің нанын дайындаған. Үлкендердің еңбегін көрген затты қадірлеу керек», – деген еді. Сол сөз сол күйі есімізде қалыпты. Апамыздың айтуынша, келі мен келсап тұрған үйде тіршілік үзілмеген. «Келінің дүңкілі шыққан үйде қазан қайнайды, бала күледі, дастархан жайылады. Келі – үйдің берекесіндей», – дейтін. Ол кісінің әр сөзінен келі мен келсапқа деген ерекше құрметті сезінетінбіз. Бала күнімізде оның жай ғана ағаштан жасалған тұрмыстық бұйым екенін білсек, есейе келе оның артында қаншама еңбек, қаншама тарих, қаншама отбасының несібесі тұрғанын түсіне бастадық. Қазір сол келі мен келсаптың көбін күнделікті тұрмыстан кездестіре бермейміз. Бірақ көз алдымызға апамыздың келіні түйіп отырған бейнесі, келсаптың бірқалыпты дүңкілі, келі түбіндегі ақталған тары және балалық шағымыздағы алаңсыз күндер келеді.
Сондықтан келі мен келсап біз үшін жай ғана көне бұйым емес. Ол – балалық шақтың естелігі, әже тәрбиесінің белгісі, ананың еңбегі мен қазақ шаңырағының берекесін танытатын ұлттық мұра. Кейде өткенді сағынғанда, бізге үлкен тарихтан бұрын осындай қарапайым дүниелер еске түседі. Келінің дүңкілі де – сондай естеліктің бірі. Ол үнмен бірге ауылдың тынысы, әженің мейірімі, ананың алақаны және балалық шақтың тәтті күндері қайта оралатындай.
Бабиева Перуза Абибуллақызы,
Әдет—ғұрып және салт—дәстүр орталығы,
Шымкент қаласы.



