Газетімізде Құран-Кәрімде аталған жан-жануарлар жөнінде танымдық мақалалар жариялауды жалғастырамыз. Осы кезге дейін үй жануарларының ішінен жылқы мен түйе түліктері жөнінде жаздық. Бүгін Зеңгі баба тұқымы – сиыр малы туралы айтайық.
Сүті, майы пайдалы…
Қасиетті Құран-Кәрімнің бір сүресі толықтай «Сиыр» («Бақара») деп аталады. Бұл сүренің 67-73-аяттарында Бани-Исрайыл қауымында болған адам өліміне қатысты оқиға баяндалады. Онда қылмыскерді анықтауға байланысты Алла-тағала тарапынан көрсетілген мұғжиза жайында келтірілген. Жалпы, «сиыр» деген сөз Құранда бірнеше сүреде «Бақарадағы» оқиғаға байланысты айтылады. «Әнғам» және басқа да сүрелерде ол қандай жануардың етін жеуге болатын-болмайтыны жөніндегі талқылауларға қатысты келтіріліпті. Ал ардақты Пайғамбарымыздың (с.а.с.) сахаба Абдулла ибн-Мәсғудтан риуаят етілген бір хадисінде: «Сиырдың сүті мен майынан пайдаланыңдар, етінен сақтаныңдар. Шынында сүті мен майы – ем, ал еті – кесел» деп айтылған екен. «Мұны «сиыр етін шамадан тыс көп пайдаланған дұрыс болмайды» деп түсінген жөн» дейді тәпсірлеушілер. Анығы Аллаға аян.
Мамандар сиыр етін «құнарлы» деп сипаттайды. Дегенмен оны тағамға тым жиі қолданбауға кеңес береді. Себебі ол ағзаның қорғаныс қабілетін төмендетуі, «жаман холестерин» мөлшерін көбейтуі, бүйрек, бауыр ауруларының қаупін арттыруы мүмкін екен. Сондықтан аптасына екі-үш мәртеден артық пайдаланбауға кеңес береді. Ал сиыр сүтінде адам ағзасына қажетті амин қышқылдары, түрлі дәрумендер мен минералдар, микроэлементтер мол. Дегенмен ағзасы сүтті дұрыс қорыта алмайтын адамдар болады, абайламаса, оларға жайсыздық келтіріп, зияны тиюі де мүмкін. Майының құрамы негізінен қаныққан майлардан тұрады. Ол жүрек пен миға пайдалы, бірақ оны шамадан артық қабылдау ағзада холестерин көбеюіне, қан тамырлары ауруларының дамуына себеп болуы мүмкін. Еті қатты жанған отта қуырылса, онда зиянды қосылыстар пайда болады екен. Одан әзірленген шұжықтар да тұзы, нитриттер мен басқа да қоспалар араластырылуына байланысты ағзаға зиянын тигізуі ықтимал. Етін көп жегенде оның ақуызы ас қорыту жүйесіне, бүйрекке салмақ түсіреді. Сондықтан оны холестерині көп, өті мен бүйрегінде тас бар, панкреатит, гастрит сияқты созылмалы дерті асқынып жүрген адамдар абайлап тұтынғаны абзал. Құрамында пурин мол болғандықтан сиыр еті ағзасында зат алмасуы бұзылуы салдарынан буыны домбығып ауыратындарға да ауырлық етеді. Негізі кей адамдарға сиыр еті жақпайды, оны өздері де сезеді, біледі. Аталарымыздың «Жылқы еті – ұйқыға жатқанша, қой еті – таң атқанша, сиыр еті – келесі күн батқанша», «Сиыр еті суықтық етеді» деген сөздері тектен-тек айтыла салмаған сияқты.
Асқазаны – 4 камералы
Сиыр түлігі жасына, жынысына қарай бұзау, торпақ, баспақ, тайынша, құнажын, дөнежін, бұқа деп аталады. Өгіз – піштірілген аталық мал. Бұқа 15-20 жыл, аналық сиыр 20-30 жыл жасайды. Жыныстық жағынан ұрғашылары 7-10, еркегі 8-10 айлығында жетіледі. Аналық малдың буаздық мерзімі шамамен 9,5 айға созылады.
Сиырдың асқазаны төрт бөліктен тұрады. Жем-шөп ауыз қуысында толықтай шайналмай-ақ өңеш арқылы қорыту жүйесіне түседі, онда араластырылып, сұрыпталып, әрі қарай жіберіледі. Келесі бөлігі азықтың уатылғанын өткізіп, ірісін кері қайтарады. Уатылып, сұйытылған азық қатпаршаққа жетеді де, сонда сұйығы сіңіріліп, ағзаға қажетті заттары бөлінеді. Азық осылайша ұзақ өңделіп, қорытылып, сіңіріледі. Сондықтан да сиыр азықты жапырып жейді, сосын оны түнімен қорытып, күйсеп жата береді. Қорытылмаған азықты кері лықсытып, қосымша өңдеуден өткізетін қасиеті бар. Асқазан қышқылы зор, ол тәулігіне 40-80 литрге дейін түзіледі. Ондағы ферменттер мен тұз қышқылы азықты тоқтаусыз өңдеумен болады. Сондықтан да сиырды тәулігіне оншақты мәрте азықтандырып, жеткілікті суғарып тұру керек.
Сиыр бағып, миллионер болғандар бар
Әлемде сиырдың мыңнан астам тұқымы бар, жалпы саны 2 миллиардқа жетеді. Соның ішінде, мысалы, Үндістанда 195 миллион сиыр бар. Үнді мәдениеті мен сенім-нанымында оны құрметтеп «Гау Мата» (Сиыр-Ана) деп атайды. «Адамға қамқорлығы көп, сүт, айран, май береді» деп, тіпті «отынға – тезек, жерге — тыңайтқыш береді» деп те жақсы көреді. Үндістанда сиыр қала көшелерінде де еркін жүре береді, оны ешкім таяқтап, қумайды. Бұл елде қартайған, қажетсіз жануарды бос қоя береді, діндар адамдар таңертеңгілік ас ішпес бұрын сиырына жем береді, жұрт иесіз малға деп азық қалдықтарын далаға шығарып қояды. «Киелі жануарға» арнап түрлі фестивальдер өткізіп тұрады. Бұл елдің кей штаттарында сиырды союға түбегейлі тыйым салынған. Тіпті, қандай да бір себеппен жарақаттаса немесе абайсызда өлтіріп алса, кінәлі түрмеге жабылуы әбден мүмкін. Кей жерлерде сиырды қорғаймыз деп адамды ұрып өлтіріп қойған оқиғалар да орын алған. Тек саусақпен санарлық өңірлерінде, негізінен басқа ұлт, өзге дін өкілдері тұратын аумақтарда ғана сиыр етін тұтынуға болады. Ал 3,5 миллиондай ғана тұрғыны бар Уругвайда Зеңгі баба тұқымының саны адамнан үш-төрт еседей көп, шамамен 12 миллионға жетеді. Бұл ел сиырдың сүті мен етін шетелдерге көптеп экспорттайды.
Әлем сиырлары жыл сайын адамға миллиондаған тонна сүт береді. Оның сүтінен тонналаған май, қаймақ, ірімшік, сүзбе, құрт сияқты пайдалы өнімдер алынады. Бұл нарықта тауарлы-сүт фермалары, компаниялар мен түрлі кооперативтер ғана емес, жекелеген шаруалар да әрекет етіп, өз нәпақасын тауып жүр. Олардың ішінде көптеген миллионерлер де бар. Мысалы, жаңазеландиялық ерлі-зайыпты Колин және Дейл Армердің иелігіндегі «Dairy Holdings» компаниясының құрамында бүгінде 58 сүт фермасы жұмыс істейді екен. Бұл компанияның құны 535 миллион долларға жеткен.
Негізі сиыр орташа есеппен жылына 500-600 литр сүт береді. Ал ғылыми жағынан жетілдіріліп, жағдайы жасалғандары, мысалы, гольштин сиырлары жылына 10 тоннаға дейін сүт бере алады. Жылына 20 тоннаға дейін сүт берген әйгілі сиырлар да бар. Ал ет алу мақсатында өсірілетіндерінің салмағы бір тоннадан асатындары болады. Мысалы, Италияда «Донетто» деп ат қойылған киан тұқымды бір бұқаның салмағы 1740 кило болған. Францияның шароле тұқымды «Фельдмаршал» деген бұқасының бойы 190 сантиметрге жеткен. Зеңгі баба түлігінің ішінде түрлі рекорд жасаған жүздеген сиырлар бар.
Д. НҰРПЕЙІС.



