Алдыңғы толқын өкілдері – қоғамда абыройлы орны бар ұрпақ. Олар өмірде көп нәрсені көрді, тауқыметтерге төзді, қиындықтарды жеңді.
Қарияларымыздың өмірлік тәжірибесі өскелең ұрпақ үшін өнеге ғана емес, сарқылмайтын қажетті қазына десек болады. Өйткені олар халықтың басынан өткен ауыр кезеңдерде, дағдарысты жылдарда, өтпелі шақтарда өмір сүрді, еңбек етті, Отан қорғады. Олар қазіргі қоғамның маңызды шаруаларына да белсенді атсалысады, кейінгі жастарға құнды кеңестер бере алады. Өйткені оларда өмірлік тәжірибе, даналық бар. Сондықтан біз алдыңғы толқын аға, апаларға, ата-әжелерге құрметпен қараймыз, олар соған лайық.
Жасы ұлғайған кісілердің, қариялардың денсаулығы бұзылып, қоғамнан оқшау қалып, кейде тіпті қаржы жағынан да таршылық көріп, өмірдің қазіргі ырғағына бейімделуде қиналып қалатын кездері болады. Сондықтан жастар оларға әрдайым қамқор, мұқият болуы керек. Осындай жайларды назарда ұстап, қажет кезде қарияларға қол ұшын созып отыру – қоғамның үлкен борышы. Ұрпақтар арасындағы жалғастық іс жүзінде әрдайым өзінің көрінісін тауып отырғаны абзал. Үлкен кісілерге көмек беру, оларға әрдайым құрмет көрсету – қариялардың өмір сапасын жақсартып қана қоймай, жалпы қоғам мүшелерінің адамгершілік құндылықтары жоғары деңгейде болуын қамтамасыз ететін абыройлы іс.
Осы орайда Арыс қаласындағы Жастар ресурстық орталығы көптеген игі іс-шараларды ұйымдастырып, жүзеге асырып отырады. Кешегі «Қайырымды іс – жан азығы» тақырыбында ұйымдастырылған іс-шара да – осындай ізгі жұмыстардың лайықты бір жалғасы. Бұл күні қаланың ерікті жастары жалғызбасты қарияның үйіне барып, ол кісінің үй шаруаларына қолғабыс жасады.
Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету – халқымыздың ежелден қалыптасқан ұлағатты дәстүрі. Аға буын өкілдеріне қамқорлық таныту жастардың да рухын серпілтіп, оларды мейірімділікке, үлкенді құрметтей білуге үйретеді, осындай жақсы істер атқару арқылы олардың өздерінің де көңілі өседі. Себебі ризашылығын білдірген қария оларға алғысын жаудырады, ақжарма батасын береді. «Батаменен ер көгереді» деп өскен ұрпақ жаман болмайды, олардың бойына да алдыңғы толқын үлкен кісілердің бойындағы асыл қасиеттер сіңісті болады. Осындай ізгі шаралар арқылы жас толқынның өз арасында да адамгершілік пен мейірімділік құндылықтары таралады. Қоғамдағы ізгілік пен жанашырлық, ынтымақ пен бірлік, жауаптылық адамдар арасындағы өзара сенімді арттырады. Ал сенім деген – үлкен құндылық. Ол көпұлтты мемлекетіміз халқының арасындағы өзара түсіністік-сыйластықтың артуына жол ашады, оның нығаюына қызмет етеді. Бәрімізге ортақ патриоттық сезім, елге деген құрмет пен мақтаныш сезімдерін күшейтеді.
Ал жасы үлкен алдыңғы толқын өкілдеріне де керегі осы – жастардың жақсы тәрбие алып, мықты боп өсуі, еліміздің халқы ынтымақта болып, тұрақты даму жолында еңбек етуі, Қазақстанымыздың бейбіт жолда жасампаз жолмен дами беруі. Бұған жас-кәрі демей, баршамыз жүйелі түрде атсалысып отыруымыз керек. Осы орайда Арыс қаласы Жастар ресурстық орталығының өткізген бұл шарасы өз деңгейінде болып, алға қойған мақсат үдесінен шықты деп айтуға әбден болады.
Ел үшін еңбек еткен қарияларымызды қуантып жүргенге не жетсін!
Х. АСАН.



