Биылғы жыл еліміз үшін сайлау жылы болды десек қателеспейміз. Еске салсақ, референдумнан бөлек екі бірдей сайлау өткізілді. Осыдан 2 ай бұрын өткен Құрылтай сайлауынан кейін саяси «жауырыншылар» көп ұзамай жергілікті мәслихат сайлауларының да өтетінін болжаған болатын. Сонымен, Президент Жарлығымен 29-қараша – жергілікті мәслихат депутаттарын сайлайтын күн болып бекітілді.
Алайда, бұл саяси додаға дайындық Президент Жарлығына дейін-ақ басталып кеткен сыңайлы. Мандаттан үмітті жандар ерте бастан түрлі партияларға тіркелуді бастады. Әсіресе, «Әділет» партиясына өтуді көздегендер көп болды. Әрине, сайлауға әкімдік араласпайды деген әңгіме сөз жүзінде айтылғанымен, іс жүзінде ахуал басқаша ма дерсің. Өйткені, биліктегілер саяси доданы сырттай қызықтап қарап отырмай, үміткерлерді іріктеу ісіне білек сыбана кіріскені байқалады. Кейбір аудан-қалаларда бұл «жауапты» істі ым-шымсыз жүзеге асыру аудан әкімінің орынбасарларына жүктелсе, кейбірінде аппарат басшылары айналысуда. Ішкі саясат бөлімі басшыларының арасында да белсенділігімен көзге түскендер кездеседі.
Мемлекет басшысының ресми мәлімдемесінен кейін дода бірден қыза түсті. Тіркелу уақытының тым тығыздығы олардың белсенділігін еселеп арттырды. Алдын-ала дайындықтың арқасында үміткер ретінде тіркелуден ешкім кешігіп қалмаған секілді. Дегенмен, «көрінбейтін майданның» көпшілігі осы тіркелу барысында орын алатыны бар. «Қолайсыз үміткерлердің» дені осы «сынақта» сүрініп жатады. Біреуі декларациясын дұрыс тапсыра алмайды, біреуінің салық алдында бірнеше теңге берешегі болып шығады, тағысын тағылар. Тіпті, сайлауға кедергісін келтірмес үшін кейбір «ноқтаға басы сыймайтын бұзықтарды» темір тордың арғы жағына қамап тастайтын әдістер де кездеседі. Бұл жолы осынау «көрінбейтін майданның» қалай өткенін көпшілік біле бермесе де додаға араласқан санаулы адамдар жақсы білсе керек.
Сонымен, тіркеу мерзімі аяқталып, насихат науқаны басталды. «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» дегендей, бұл сайлаудың да өзіне тән өзгешелігі болатыны анық. Үміткерлер тіркеу барысында болатын құйтырқылықтар мен аяқтан шалу әдістерін әбден зерттеп, оны айналып өту амалдарын жасайды. Мәселен, аяқтан шалу амалдарын жасап үлгермеу үшін «қолайсыз үміткерлердің» көпшілігі тіркеу уақыты аяқталуға санаулы ғана сағаттар қалғанда тіркеліп жатады. Бірақ, ондайлармен күрес доданың соңына дейін жалғасады. Мұндай жағдай осы жолы да көрініс беріп, ол әлеуметтік желідегі айқасқа себеп болуда.
Сөзіміздің дәлелі ретінде Шымкент қалалық мәслихаты депутаттығына үміткерлікке құжат тапсырған Өмір Шыныбекұлының басындағы жағдайды айтуға болады. «Кандидат екенімді өзім білмей тұрып, кандидаттар тізімінен шығарылған сияқтымын, – дейді Өмір Шыныбекұлы. – Тіркеу мерзімінің соңғы күні құжат тапсырдым. Ресми тірлкелмей тұрып, «сенерім Алла және ұстаздар» деп әлеуметтік желіге жазба жариялағанмын. 31 қазан күні сағат 10.00 шамасында «Шымкент қаласы Қаратау аудандық прокуратурасының аға тергеушісімін. Сайлау туралы заңды бұзғаныңыз үшін сіздің үстіңізден шағым түсті» деп прокуратураға шақырып, түс қайта істі әкімшілік сотқа жіберді. Әкімшілік сот «Кандидаттарды тіркеу аяқталмай тұрып «Фейсбук» әлеуметтік желісі арқылы үгіт-насихат жүргізіп, Сайлау туралы заңды бұздыңыз» деп айыппұл салды. Ал 1 қарашада №12 сайлау округінің төрағасы Серікбай Бердібеков телефонмен хабарласып: «Сот қаулысына сәйкес сіз сайлау додасынан шығарылдыңыз», – деді. Бұл мені үміткерлер тізімінен шығару үшін алдын-ала ұйымдастырылған әрекет деп есептеймін. Екі қорғаушым жұмыс істеуде, не болатынын уақыт көрсетеді».
Иә, дода айқассыз өтпейді. Науқан басталмай жатып, талас-тартыс қызған секілді. Ел арасында айтылып жатқан жел сөз де, жөн сөз де аз емес. Жуырда бір аудан әкімі «көп сөйлейтін» бұрынғы депутатты облыстық мәслихат депутаттығына үміткерліктен шығарып таста» деп жоғарыдан нұсқау келді, оған айтсақ көнбейді» деген рас-өтірігі белгісіз әңгіме айтып жүргенін құлағымыз шалды. Ал Түркістан облысының тағы бір ауданында «екі бірдей үміткерді тізімнен шығарып таста» деген талапты орындамаған округтік сайлау комиссиясының бес бірдей мүшесі өз еркімен комиссия мүшелігінен шығу жөнінде өтініштерін жазыпты дейді.
Дода енді басталды, соңына дейін киноға бергісіз қандай оқиғалар орын аларын уақыт көрсетер. Ең бастысы, билікке жаққан емес, халыққа жаққан үміткерлер депутат болып сайланса деген тілегіміз бар.



