Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан
22.10.2026

Күз – сазанның құнарлы, дәмді кезі

Күзде ағзаны нығайтатын тағамдарды жиірек пайдаланған дұрыс. Себебі күндізгі уақыт қысқарып, қажетті дәрумен, минералдарды беретін жеміс-жидек те азайып келеді. Ауа салқындап, түрлі жұқпалар бой көтеретін маусымда дұрыс тамақтана білген маңызды.

Жалпы, аптаның бір күнін «балық күні» етіп алуға болады. Себебі балық етінде дәрумендер, әсіресе аса қажет «Д» витамині, минерал, микроэлементтер, омега қышқылдары көп. Қазір малдың семіргені сияқты балықтың да қоңданатын кезі. Бірақ әрқайсысында әрқалай. Білгір балықшылардың пайымынша, мысалы, бекіре еті маусым айы мен қазан айының аралығында құнарлы келеді. Тұқы (толстолобик) еті жаздан күз басына дейін, мөңке балық (карась) еті күзде мықты, дәмдірек болады. Жыланбалықтікі қысы-жазы құнарлы, әсіресе кермек сулы ортада өссе дәмдірек екен. Ал жұрттың көбірек таңдайтыны – сазан етінің дәмі мейлінше кіретіні – қыркүйек-қазан айлары. Өйткені сазан бұл кезде қысқа дайындалады, сондықтан еті дәмді әрі пайдалы элементтерге бай болады.

Сазан етінде А, В, С, Е, Р дәрумендері мол, оның иммунитетті сақтауға, жүйке жүйесіне, терінің күйіне оңды әсері бар. Амин қышқылдарын толығымен алмастыра алатын жеңіл сіңірілетін ақуыздар мол. Ол балалар мен қарт кісілердің жасуша ұлпаларының өсіп, нығаюына және қалпына келуіне пайдалы. Қаназдыққа қарсы, жүрек-қан тамырларын нығайтатын, қышқылданудан қорғайтын темір, магний, калий, цинк, селен бар. «Омега-3» сияқты толық қанықпаған майлы қышқылдар қан қысымын қалпына келтіреді, ағзада қабыну болса, оны бейтараптандырады, ми жұмысын жақсартады. Ал лецитин бауырға жағымды, қандай да бір себеппен зақымданған жасушаларды қалпына келтіреді. Құрамында көмірсулар жоқтығы себепті сазан еті жеңіл сіңіріледі, ас қорыту жолында кінәраты барлар оны қорықпай жей берсе болады. Оны әсіресе жүкті, бала емізетін әйелдер жеткілікті жеп тұрса пайдалы.

Дегенмен есте ұстайтын мынадай жайлар да бар: Егер сазан ластанған су көзінде өскен болса, оның еті ағзаға зиян тигізуі мүмкін. Тіршілік ортасында қорғасын, сынап сияқты ауыр металдар, басқа да зиянды заттар болса, олар сазан етінен де табылады. Мұндай зиянды заттар негізінен оның уылдырығына, майлы ұлпалары мен бауырына сіңеді. Оның май ұлпаларында «омега-6» қышқылы көбірек, егер «омега-3» қышқылы бар тағаммен теңестіріп жемесе, созылмалы қабынуға себеп болуы мүмкін. («Омега-3» қышқылы теңіз балығында, зығыр майында болады). Егер балық дұрыс сақталмаған болса, қатты жанған отта қуырылса, онда ағзаға зиянды еркін радикалдар түзілуі мүмкін, мұндай балықты жемей-ақ қойған жақсы. Өйткені ағзада еркін радикалдар қажетті мөлшерден артып кетсе ДНК мен ақуыздың, жасушалардың бүлінуіне, сөйтіп ауру туындауына себеп бола алады. Сондай-ақ балық еті аллергия беретін адамдар бар, олар да оны жемегені дұрыс болмақ. Жалпы, балықты қуырып жегеннен гөрі асып, буға пісіріп немесе бұқтырып тұтынған пайдалы.

Бүгінде балықты тоңазытып, мұздатып сақтайтыны белгілі. Сондықтан оның жаңа ма, ескі ме екенін айыру қиын. Осы орайда балғын өнімнен балықтың иісінен гөрі судың, су өсімдіктерінің өзіндік бір әлсіз иісі сезіліп тұратынын есте ұстаған дұрыс. Егер балықтан қышқыл немесе ащы иіс, аммиактікі сияқты өткір иіс шығып тұрса, онда бұл оның бүлінгенінің белгісі. Сосын көзіне мән беру керек. Балғын балықтың көзі бұлыңғыр, құрғақ немесе ішіне батып кеткендей емес, сыртқа қарап, анық болып көрінеді. Желбезегіне қараңыз, олар ашық қызыл немесе қызғылт түсті, ылғалды, шырышсыз болуы керек. Сұрқай, қоңырқай, қарайған болса, онда балық балғын емес, одан тіпті жағымсыз иіс шығуы да мүмкін. Қабыршақтары жылтырап, денесіне нығыз жабысып тұрса, онда «свежий» болғаны, егер қабыршақ түсі күңгірттеу болып, түсіп қалып жатса, онда балықтың ұзақ сақталғаны деп біліңіз. Терісі ешқандай дақсыз, таза, жырылмаған, шырышсыз болғаны дұрыс. Құрсақ тұсында жасылдау дақтар байқалса, ол да балықтың көп тұрып қалғанының белгісі. Балғын балықтың құйрық жағы тым құрғақ, бұралып тұрмаған болуы керек, ескірмеген балықтың құйрығы тік жатады.

Тағы бір айта кетер жайт, қуырылған балық жеген кезде шайды тым көп ішпеген дұрыс екен. Диетологтардың айтуынша, бір-екі кесе шайды сәл кейінірек ішу керек. Қуырылған балық майлы келеді, ал шай майдың сіңірілуін баяулатады, асқазан жұмысына салмақ түсіреді. Сондықтан шайды 15 минуттай кейінірек ішкен дұрыс болмақ.

Жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар