Кентау қаласының индустриалды аймағында жаңа зауыт жұмысын бастады. Өндіріс орнының ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, көпшілікті құттықтады.
– Бұл – Түркістан облысының өнеркәсіптік әлеуетін арттырып, өңір экономикасына тың серпін беретін маңызды жоба. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы аймақтарда отандық өндірісті өркендетуге, инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға және тұрақты жұмыс орындарын құруға айрықша мән беріп келеді. Осы бағыттағы жұмыстар өңірімізде жүйелі түрде жалғасады, – деді облыс әкімі.
«АйдарСтройГрупп» ЖШС-нің зауытына 1,5 млрд теңге инвестиция тартылған. Мұнда 30 жаңа жұмыс орны құрылды. Кәсіпорын өнеркәсіпке арналған металл құрылымдары мен металл бұйымдарын өндіруге маманданған. Жобаны жүзеге асыру үшін Кентау қаласының индустриалды аймағынан «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 1,5 гектар жер учаскесі берілген. Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталып, негізгі технологиялық жабдықтар орнатылған. Кәсіпорынды қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бағытында да жұмыстар жүргізілген. Өндіріс орнына электр желісі тартылып, трансформатор орнатылған. Сонымен қатар табиғи газға қосылуға қажетті жұмыстар атқарылған.
Салтанатты рәсімде облыс әкімі кәсіпорынның жұмысымен танысып, өндірістік үдерісті көрді. Жаңа зауыттың іске қосылуы Кентау қаласының өнеркәсіптік әлеуетін нығайтып, өңірде отандық өндірісті дамытуға және халықты тұрақты жұмыспен қамтуға үлес қосады. Облыс әкімі жұмыс сапарында Кентаудағы индустриалды аймақты аралап, жауаптыларға өндіріс орындарын ашу жұмысын күшейтуді тапсырды. Өңірде өндіріс орындарын ашу жұмысы жалғасады.



