Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан
11.11.2026

ГЕРМАНИЯДАН КЕЛГЕН ҚОНАҚ

Жуырда Мақтаарал ауданының орталығы — Мырзакент кентіндегі саябақта Алғабас мәдениет үйі өнерпаздарының «Ел іші — өнер кеніші» атты мерекелік концерті өтті. Көпшілікке арналған концертте аудан қарияларына жылы лебіздер білдіріліп, ол кісілердің жүріп өткен өнегелі жолы кейінгі жастарға үлгі болатыны айтылып, ән шашулары жолданды.

 

Салтанатты жиын барысында құрметті қонақтарға сый көрсетіліп, марапат табысталды. Солардың бірі — туған жердің топырағын сағынған ұлты неміс Иван Брунер еді. Ол жұбайы және інісімен сонау Германиядан арнайылап ат терлетіп келді. Оның балалық шағы Мырзашөл өңірінде өткен. Жерлестерімен қуана қауышқан Брунер отбасы бір кездері ата-анасының да, өзінің де осы ауылда жұмыс істегендерін, жастық шақтарының қалай өткенін қызықты етіп айтып өтті. Қазақы дәстүрмен қонақтардың иығына шапан жабылып, ауыл әкімі атынан естелік сыйлықтар табыс етілді.

Германиялық қонақтар дастархан басында аудан орталығының және ауылымыздың көркейгенін көріп, қуанғанын айрықша атап айтты. Жұбайы Эмилия Брунер: «Германиядағы үйімізде Қазақстанның көк байрағы ілулі тұр», – деп алыста жүрсе де жастық шақтары өткен жерге деген сағыныштарының басылмайтынын, бірге жүрген достарын, сыныптастырын сағынатындарын сөз қылды. Бала кезде болған қызықты сәттерді боямасыз еске алды. Міне, туған жердің қадірін білу деген осы болса керек.

Концерттен кейін қонақтар ауыл мешітіне жұма намазға қатысып, көз көрген таныстармен дидарласып, ауылдағы мәдениет үйін, жаңадан салынып жатқан дәрігерлік амбулаторияны тамашалады. Ауылдың өсіп-өркендегініне таңданысын жасырмады. Соңында өзі оқыған мектебіне барып, сыныптарды аралады. Жаңарған мектеп пен жаңарған ауылдың, Жаңа Қазақстанның жетістіктеріне риза болды.

 

Асқар Елшиев,

Алғабас ауылының биі,

Мақтаарал ауданы.

Жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар