Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан
Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан

Ақылы режимдер енгізіледі

2026 жылғы 10-11 шілдеде республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының «Қарағанды – Балқаш – Бурылбайтал», «Бурылбайтал – Күрті»  және «Талдықорған – Өскемен» учаскелерінде ақылы режимдер енгізіледі. Бұл жөнінде «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ хабарлады.

Аталған жол учаскелерінде көлік құралдарын сәйкестендіру және жол жүру ақысын есептеу автоматты түрде жүзеге асырылады. Бақылау аркалары арқылы өткен кезде көліктің мемлекеттік нөмірі тіркеледі. Абоненттік төлем ақылы учаскеге іргелес елді мекендерде тіркелген жергілікті автокөлік құралдары үшін қарастырылған. Ол бір айға немесе бір жылға рәсімделеді және көлік құралының түрі мен жүк көтергіштігіне байланысты белгіленеді.

«Қарағанды – Балқаш – Бурылбайтал» учаскесінің ұзындығы — 645,64 шақырым. Оның ішінде 91 шақырымы — қолданыстағы, 554,64 шақырымы — жаңа учаске. Учаскенің бастапқы нүктесі — 247+700 шақырым, соңғы нүктесі — 2151+000 шақырым. Учаскеде рұқсат етілген жылдамдық режимі сағатына 140 шақырымнан аспайды. Ақылы режим 10 шілдеден бастап енгізіледі. Абоненттік төлемді көлік құралдары Бұқар жырау, Абай, Шет, Ақтоғай, Мойынқұм, Жамбыл аудандарында, сондай-ақ Балқаш және Приозерск қалаларында тіркелген пайдаланушылар рәсімдей алады.

«Бұрылбайтал — Күрті» учаскесінде де ақылы режим 10 шілдеден бастап енгізіледі. Учаске ұзындығы — 80 шақырым. Бастапқы нүктесі — 1041+000 шақырым, соңғы нүктесі — 1121+000 шақырым. Рұқсат етілген жылдамдық режимі мұнда да сағатына 140 шақырымнан аспайды. Абоненттік төлемді көлік құралдары Жамбыл және Іле аудандарында тіркелген пайдаланушылар рәсімдей алады.

Ал «Талдықорған — Өскемен» учаскесінде ақылы режим 11 шілдеден бастап енгізіледі. Учаске ұзындығы — 772,955 шақырым. Оның ішінде 32,4 шақырымы — I санатты, 740,55 шақырымы — II санатты жол. Учаскенің бастапқы нүктесі — 287+000 шақырым, соңғы нүктесі — 1073+000 шақырым.

Жылдамдық режимі I-б санатты учаскеде — сағатына 110 шақырымнан, II санатты учаскеде сағатына 100 шақырымнан аспайды. Абоненттік төлемді көлік құралдары Ескелді, Ақсу, Сарқан, Алакөл, Үржар, Аягөз, Жарма және Ұлан аудандарында тіркелген пайдаланушылар рәсімдей алады.

Абоненттік төлемді төмендегідей тәсілдер арқылы рәсімдеуге болады:

kaztoll.kz сайтындағы жеке кабинет арқылы;
— 1403 тегін байланыс орталығы арқылы;
— ақы алу пункттерінде;
— клиенттермен жұмыс істеу орталықтарында.

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» АҚ жүргізушілерге ақылы учаскелер туралы ақпаратпен алдын ала танысуды, көлік құралының мемлекеттік тіркеу нөмірінің дұрыстығын тексеруді және тиісті құқық болған жағдайда абоненттік төлемді уақтылы рәсімдеуді ұсынады.

Қосымша сұрақтар бойынша пайдаланушылар 1403 байланыс орталығына жүгіне алады. Қоңырау шалу тегін.

 

Жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар