Тамыз айының басынан бері елімізде республикалық «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы жүріп жатыр. Жыл сайын өткізілетін шараның мақсаты мәлім – әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы балаларының мектепке дайындығына жәрдемдесу, мектеп киімін, оқу құралдарын алып беру. Дегенмен бұл шаруаның төңірегінде де даулы мәселелер туындап жататыны бар.
Кешегі аптада Шымкентте «Мектепке жол» акциясына өтініштерін өткізіп, бірақ көмек көрсетуден бас тартылған бір топ ата-ана қала әкімдігіне барып, наразылықтарын білдірді. Жаңа оқу жылының басталуына аз уақыт қалғанын алға тартқан олар құжат қабылдау процесін жеңілдетуді және мәселені жедел шешуді, наразылықтарын тыңдау үшін қала әкімінің алдарына шығуын талап етті. Әкімдікке полиция шақырылып, ашулы ата-аналарды тыныштандыруға тырысты.
Бұл даудың туындауына нақты не себеп? Не болып жатыр? Бұған қатысты қалалық білім басқармасынан мынадай деректер алдық: «…Биылғы жылы қолданыстағы мемлекеттік цифрлық ақпараттық жүйелер интеграцияланып, білім беру ұйымдары пайдаланатын Ұлттық білім беру деректер қорында (НОБД) Қаулыда көзделген Екінші санат бойынша қаржылық көмек алуға құқығы бар білім алушылардың тізімі автоматты түрде (25-ке жуық мемлекеттік ақпараттық жүйелердің деректері негізінде) қалыптастырылатын болды.
Шымкент қаласында қаржылық және материалдық көмекке өтінім беру процесі «QOSYMSHA» ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылуда. Өтініштер электронды түрде қабылданып, отбасының заңнамада белгіленген талаптарға сәйкестігі қаралады, қаржылық көмек көрсету негіздері Ұлттық білім беру деректер қоры (НОБД) арқылы тексеріледі, қарау нәтижелері тіркеледі және қаражаттың аударылуы мен мақсатты пайдаланылуы бақыланады.
Қазіргі таңда (2026 жылғы 10 тамыздағы жағдай бойынша) жүйеге 71189 өтініш келіп түсті. Оның 23410-ы (32,8%) қаралуда, 7651 өтініш бойынша көмек тағайындалып, төлем күтілуде. Ал, 39831 өтініш (шамамен 55,9%) бойынша қаржылық және материалдық көмек тағайындаудан бас тартылды. Бас тартулардың басым бөлігі Екінші санатқа жататындығы расталмаған өтініштерге қатысты болып отыр. Жауапты қызметкерлер тарапынан ата-аналарға түсіндіру жұмыстары жүргізілуде» — делінген бізге Шымкент қалалық білім басқармасынан келіп түскен ресми мәліметте.
Бұл даудың соңы қайда апаратыны алдағы уақытта белгілі болар. Осыған ұқсас түсінбестіктер елдің басқа да бірқатар өңірлерінде орын алып жатқан сыңайлы. Кей жерлерде электронды жүйе қарастырылмағандықтан жұрт тиісті мекемелерге құжат тапсыруға, көмекті алу үшін кезекке тұрып, апталап әлек болып жүргені жөнінде деректер бар.
Биыл республикалық «Мектепке жол» қайырымдылық акциясына жергілікті бюджеттерден жалпы сомасы 23 миллиард теңге қаржы қарастырылып отыр екен. Бір балаға берілетін жәрдем ақшаның ең төменгі мөлшері – 50 851 теңге, өткен жылғымен салыстырғанда 10 пайызға арттырылған. Мүмкіндігіне қарай кей аумақтарда төлем көлемі бұдан да көп болуы мүмкін. Оны жергілікті бюджетке жауаптылар шешеді. «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы биыл жалпы саны 450 мыңға жуық баланы қамтитын болып отыр.
Біз Түркістан облысында бұл акцияға қатысты қандай жұмыстар жүріп жатқанын да білдік. Облыстық білім басқармасының ресми мәліметінде бұл мақсатқа бюджет есебінен 3 миллиард теңгеден астам қаражат қарастырылғаны айтылған. Алдын ала жасалған есепке сәйкес, облыста биыл 60 мың 770 оқушыға қолдау көрсету жоспарланып отыр екен.
Су салғырттықты кешірмейді
Жаз маусымында су көздерінде түрлі оқыс оқиғалардың болып жататыны бар. Осы орайда Түркістан облыстық төтенше жағдай департаментінен алынған бірқатар деректерді назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдік.
17 адамның ажалы судан болды
Түркістан облысында жыл басынан бері 17 адам суға кетіп қаза болыпты. Олардың 10-ы – балалар. Біреуі көлге, біреуі өзенге, үшеуі су қоймасына, бесеуі каналға шомыламын деп суға кеткен. Ал ересектердің екеуі өзенге, үшеуі каналға, екеуі карьерде жиналған суға шомылу кезінде опат болған.
Жыл сайын облыс аумағындағы су айдындарында қауіпсіздік шараларын сақтау бағытында қыруар жұмыс жүргізіледі. Қауіпті аймақтар анықталады, белгіленеді, тексерулер, зерделеу жұмыстары жүргізіледі. Мысалы, биыл облыстың су көздерінде 111 қауіпті, шомылуға тыйым салынған орын белгіленген екен. Жыл басынан бері облыс аумағында 742 рейдтік және патрульдік іс-шара жүргізіліп, нәтижесінде құқық бұзушылық жасаған 152 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жалпы сомасы 2 300 900 теңге айыппұл салынған.
Қатердің 95 пайызы «ыстық нүктелерге» тиесілі
Департамент облыс аумағында соңғы 3 жыл ішінде екі және одан да көп адамның суға кету фактілері тіркелген орындарға кешенді талдау жүргізіпті. Облыс аумағынан өтетін он шақты ірі өзен, «Шардара» су қоймасы, «Арыс – Түркістан» магистральды каналы мен басқа да ондаған каналдар зерделенген. Талдау тұрғындардың қауіпсіздік талаптарына сай ұйымдастырылған жағажайлар жеткіліксіз болған жағдайда шомылуға бейім қалыптасқан қауіпті орындарды таңдайтынын көрсеткен. Сондықтан халық көп шоғырланатын, азаматтар тұрақты түрде шомылатын ондай орындарда жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп қосымша қауіпсіз шомылу орындарын ашу мәселесін кезең-кезеңімен шешу қажеттілігі туындап отыр.
Облыстағы шомылуға тыйым салынған қауіпті учаскелердің ішінде өткен жылдардағы қайғылы жағдайлардың статистикасы негізінде анықталған «ыстық нүктелер» бар. Өңіріміздегі судағы қайғылы жағдайлардың 95 пайыздан астамы дәл осындай тұрғындар үйреншікті әдетпен баратын, ресми рұқсат етілмеген орындарда болып жатады. Келес ауданындағы «Ошақты», Сарыағаш ауданындағы «Ашынау», Мақтаарал ауданындағы «К-18», «К-21», Жетісай ауданындағы «К-34», «Маш» суармалы каналдарының, Шардара ауданындағы «Қызылқұм», Ордабасы ауданындағы «Арыс-Түркістан» магистральды каналдарының елді мекен тұсынан өтетін жерлерін темір тормен қоршау жұмыстарын жүргізуге тиісті шаралар қабылданған.
Шомылуға тыйым салынған су айдындарында қауіпті учаскелерге 683 ескерту тақтайшалары қойылған. Су айдындарының бетон, темір бөліктеріне 400-ден аса трафарет арқылы тыйым салу белгілері сызылып, 113 ақпараттық стендтер орнатылған. Биыл 1750 дана тыйым салу белгілерін орнату көзделген.
Бұл – облыстық төтенше жағдайлар департаменті жүргізіп жатқан жұмыстар. Осыған қарап-ақ судағы қауіпсіздіктің облыста үнемі назарда ұсталынып келе жатқан ауқымды шаруа екенін аңғаруға болады. Өкінішке қарай, адам шығынына соқтыратын оқыс оқиғалар жылда болып жатады. Сондықтан бұл істе тұрғындардың өздеріне де көп нәрсе байланысты екенін тағы да естеріңізге салғымыз келеді.
Су – тіршілік көзі, дегенмен қауіпсіздік сақталмаса, оның «тілсіз жауға» айналып кететіні барын естен шығармаған абзал. Суда сақ болуды ұмытпаңыз!



