Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан
Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан

Орындадың сөз бен істің дәлелін

Медицина ғылымдарының докторы, профессор, жоғары санатты кардиолог дәрігер Сәуле Райымбекқызы Әбсейітованың өмірден өткеніне де 40 күн толып отыр.

Ол 1971 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтын тәмамдағаннан кейін еңбек жолын Шымкент қаласындағы №6 емханада учаскелік дәрігер болып бастады.

1974–1980 жылдары реанимация бөлімінің дәрігері және терапия бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарды.

1980–1988 жылдары Жедел медициналық жәрдем көрсету ауруханасының инфаркт бөлімінің меңгерушісі болды.

1987 жылы медицина ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін қорғады.

1988–1996 жылдары Оңтүстік Қазақстан облыстық Денсаулық сақтау басқармасы бастығының емдеу және алдын алу жұмыстары жөніндегі орынбасары қызметін атқарды.

1996–2000 жылдары республикадағы бірегей мамандандырылған мекеме – Облыстық эндокринологиялық диспансердің бас дәрігері болды.

2000 жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық кардиологиялық орталығының ашылуына тікелей бастамашы болып, оның қалыптасуы мен дамуына зор үлес қосты. 2000–2010 жылдары орталықтың бас дәрігері қызметін атқарып, облыстағы кардиологиялық және кардиохирургиялық қызметтің негізін қалады. Сонымен қатар Оңтүстік Қазақстан облысы Денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас кардиологы болды.

Осы кезеңде өңір тұрғындарына көрсетілетін кардиологиялық көмектің сапасын арттыруға, кардиохирургиялық қызметті дамытуға, заманауи емдеу әдістерін енгізуге және денсаулық сақтау саласындағы реформалардың табысты жүзеге асуына үлкен үлес қосты.

2010 жылы медицина ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алды.

2010 жылдан бастап Астана қаласындағы «Ұлттық ғылыми медициналық орталық» АҚ-да халыққа кардиологиялық және кардиохирургиялық көмек көрсету бөлімінің жетекшісі әрі аға ғылыми қызметкері ретінде қызмет атқарды.

2012–2017 жылдары Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің бас штаттан тыс кардиологы қызметін атқарды.

Ғылыми-педагогикалық қызметте де үлкен жетістіктерге жетіп, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медицина академиясында профессор ретінде көптеген жас мамандарды тәрбиелеп, олардың кәсіби қалыптасуына және ғылыми дамуына елеулі үлес қосты.

Сәуле Райымбекқызы өз қызметінің барлық кезеңдерінде жоғары кәсібилігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен, жауапкершілігімен және адамгершілік қасиеттерімен ерекшеленді. Ол өңірдегі кардиологиялық қызметтің дамуына өлшеусіз үлес қосып, мыңдаған адамның өмірін сақтап қалуға себепкер болды.


Қайталанбайтын кардиолог, қазақтың қайсар қызы – қайраткер Сәуле Райымбекқызы Әбсейітованың рухына  өлең арнап едім.

 

Сәуле десе сәуле шашқан жан едің,

Жасағансың жүректердің сан емін.

Сұсты еді сәлемің мен әлемің,

Көп жігіттің армандаған әні едің.

 

Өткір едің, өжет едің,  өр едің,

Өксікпенен  өріледі өлеңім.

Сөзі басқа,  ісі басқа қоғамда.

Орындадың сөз бен істің  дәлелін.

 

Жапырақтай жүректерді жылытқан,

Сырқаттарға ататынды күліп таң.

Біліміңмен ап шыққанда тұйықтан,

Құты қашып тұратынды  құныққан.

 

Жандар болды қанатыңды қырыққан,

Ал, сол кезде жүрегіңді кім ұққан?

Жаның  сенің жаннат болсын жан әпке,

Мекеніңде мәңгілікке  тыныққан.

Пердеш Есенбеков, журналист, ақын.
Шымкент қаласы.

Жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар