Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан
Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан

Мал бордақылайды, өнім өндіреді

Мақтаарал ауданында агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағытында көптеген шаруалар атқарылуда. Шаруашылықтың бір бағыты – ет өндіру, ет өнімдерін шығару.

Бүгінде аудандағы «Тамила» шаруа қожалығы мал бордақылау кешенін салуда. Салынған инвестиция көлемі — 500 миллион теңге. Шаруа қожалығы  жыл соңына дейін 2000 бас малға шақталған кешенді пайдалануға бермек. 2027 жылға дейін оның қуаты 5000 басқа дейін ұлғайтылады деп көзделген.

Сондай-ақ ауданда «Мырза» ЖШС-нің 350 миллион теңге инвестиция салынған ет өнімдерін терең өңдеу цехы бар. Қазір оның жартылай дайын өнімдер бөлімі жұмыс істеп тұр. Ет өңдеу бағыты биылғы жылдың төртінші тоқсанында толық іске қосылатын болады.

Мақтаарал – атына сай, мақта егетін, еліміз бойынша мақтаны ең көп өсіретін аудан. Ол кәсіпорындарға мақта шикізатын берумен ғана шектелмейді, мақтадан түрлі өнімдер алу да жолға қойылуда. Мысалы, май зауыттарында мақта шитінен өсімдік майы айырылып алынады. Осы орайда аудандағы «Хамро Ата» ЖШС мақта майын өндіретін зауыттың құрылысын жүргізуде. Оған 1,5 миллиард теңге көлемінде инвестиция салынып отыр. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 80 пайызы аяқталған. Жаңа зауытта тиісті құрал-жабдықтар толықтай орнатылған. Кәсіпорын биылғы жылдың үшінші тоқсанында іске қосылады деп күтілуде.

Жалпы, мақталы ауданда инвестициялық ахуалды жақсарту және жаңа өндіріс орындарын ашу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Өткен 2025 жылы аудан бойынша 51 миллиард теңге инвестиция тарту жоспарланған болатын, жоспар артығымен орындалып, аудан экономикасына жалпы 56,4 миллиард теңге инвестиция тартылды. 8 инвестициялық жоба толық іске қосылып, нәтижесінде 153 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылды. Ал биылғы жылы ауданға 60 миллиард теңге инвестиция тарту көзделген. Жылдың алғашқы алты айының қорытындысы бойынша ауданға 23,4 миллиард теңге инвестиция тартылып, бекітілген жоспар артығымен орындалды.

Жалпы, 2026–2028 жылдар аралығында Мақтаарал ауданында құны 110,5 миллиард теңгені құрайтын 19 инвестициялық жобаны іске асыру көзделуде. 1207 жаңа жұмыс орны ашылады деген жоспар бар. Жобаларды іске асыруға  жергілікті кәсіпкерлер ғана емес, шетелдік инвесторлар да атсалысуда.

Мақтаарал ауданында 2014 жылы құрылған 24 гектарлық индустриалды аймақ бүгінде толық игерілуге жақын, аумақ кәсіпкерлерге бөлінген. Агрокешенді дамыту бағдарламасы бойынша биыл индустриалды аймақта «IBO COTTON» ЖШС-нің мақта талшығын өндіру жобасы іске асуда. Оған 800 миллион теңге инвестиция салынған. Сондай-ақ 1 миллиард теңге инвестиция құйылған «Мақтаарал Агроөнеркәсіп кешені» ЖШС-нің мақта майын өндіру зауыты іске қосылмақ. Бұлардың басым бөлігінің құрылысы аяқталған, құрал-жабдықтарын орнату жұмыстары жүргізілуде.

Бүгінде шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында Мақтаарал ауылдық округінен 2 гектар жер телімі бөлініп, онда 5 өндірістік ғимарат салынды. Әрқайсысының аумағы 450 шаршы метр болатын бұл нысандардың құрылысы аяқталды.

Бүгінгі таңда жалпы құны 540 миллион теңгені құрайтын жобаларды жүзеге асыратын 5 кәсіпкермен меморандум жасалған. Олар өндірістік ғимараттарды жалға алу немесе сатып алу арқылы өз кәсіптерін бастайды. Сонымен қатар, аталған өндірістік ғимараттарда жұмысын бастайтын екі кәсіпкерді «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы жеңілдетілген несиемен қамтамасыз ету үшін қажетті құжаттарды рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде.

Қысқасы, Мақтаарал ауданының өндірістік әлеуетін арттыруға бағытталған жұмыстар қарқынды жүруде. Ол жаңа жұмыс орындарын ашып тұрғындардың тұрмысын көтеруге, кәсіпкерлікті дамытуға және аудан экономикасының тұрақты өсімін қамтамасыз етуге қызмет ететін болады.

Х. АСАН.

 

Жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар