Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан
17.09.2026

«Көше тамағының» зияны көп

 

Бүгінде қалаларда, тіпті кей ауылдарда жұрттың көбі көшеден тамақтанатын болды. «Жұмыстан қайтарда жолдан чикен немесе гриль ала салшы», — дейтіндер көп. Баршамыздың тез әзір бола қоятын лаваш, шаурма, фри, гамбургер, хот-дог, пицца сияқты тез пісетін тағамдарға, тәтті сусындарға неге соншалықты әуес болып бара жатқанымыз ойландырады.

Мамандардың айтуынша, жылдам әзірлене қоятын мұндай тағамдардың бәрі де фаст-фудқа жатады. «Фаст-фуд» сөзінің өзі «тез пісетін тағам» деген мағына береді. Мұндай тағамдар құрамында май, қант, тұз, түрлі азықтық қоспалар, дәмдеуіштер көп, консерванттар, тіпті жасанды бояғыш заттар да болады. Олар біздің миымыздағы құмарту орталығының белсенділігін арттырады. Содан бізде оған деген құмарлық пайда болып, бірте-бірте ол жемесек іздеп тұратын тәуелділікке ұласады, ағзаның гормондық фонын өзгертеді. Күн сайын тұтынып, бұлжымас әдетке айналдырсақ, фаст-фуд жүрек-қан тамырларына, бауырға, эндокриндік жүйеге салмақ салады, сол арқылы ағзаға жайсыздықтар әкеледі. Калориясы көп, сондықтан оны тым жиі жемеген жөн. Мұндай азықтар құрамында жасұнықтар аз болады немесе тіпті де болмайды. Ол өз кезегінде ішек микрофлорасына зиян, ішті қатырады, желдендіреді, асқазанды саздырады. Тез даярланатын азықтарда холестерин де көп болады, қан тамырларына шөгіп, қақ боп тұруы мүмкін.

Қысқасы, фаст-фудты тым жиі тұтынуға болмайды. Ол әсіресе балалар мен жасөспірімдерге ауырлық етеді. Тәуелді болып қалғандарды одан ажырату қиын. Күнделікті тамаққа фаст-фудты ғана қолданатындарда себепсіз ашушаңдық, ұстамсыздық, үрейшілдік, көңіл-күйдің құлазуы жиірек кездеседі. Кейбір қоспаларын ағза қорыта алмай, жинай береді, содан семіздік те пайда болады. Тұзы мен көмірсуы көп болғандықтан ағзада сұйық шамадан тыс жиналады, дене домбығып, ісінеді, қандағы қант көбейеді. Оның үстіне қимыл-қозғалыстың аздығы қосылып, бұл азықтың адам денсаулығына зиянды әсері еселеніп арта түседі.

Мамандар осылай дейді. Бұған құлақ асқан кей елдер бүгінде фаст-фудты азайтып, кейбірі оны алуға мүлдем тоқтам қойып жатыр. Ал біздің елде, керісінше, жылдам әзірленетін тамақ саласы қарқындап дамып келеді. Ақыры не болмақ?!

Жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар