АҚШ-тың «Bloomberg» ақпараттық сайтында әлем миллиардерлерінің алғашқы «ондығына» кіретін байлардың рейтингі жарияланды. Ерекшелігі сол, олардың барлығы да АҚШ азаматтары.
Бұған дейін 7-ші орында болып келген француз миллиардері Бернар Арно 11-ші орынға сырғыды. Ол жыл басынан бері 64,9 миллиард долларынан айырылып, байлығы 143 миллиардқа дейін төмендеген. Ал, алғашқы «ондыққа» АҚШ инвесторы Уоррен Баффет қосылды. Байлығы 144 миллиард доллар деп бағаланған оның жасы қазір 96-да.
«Bloomberg» жариялаған «ондықтың» басында «Tesla» компаниясының иесі Илон Маск тұр. Оның байлық деңгейі өткен жылы 1 триллионнан асып барып қайта төмендеген. Қазіргі қазынасы 918,8 миллиард долларға тең. Екінші орындағы Ларри Пейдждің («Google» жүйесінің негізін қалаушы) байлығы 286 миллиард долларға тең. Одан кейінгі орынға 274 миллиард доллар ақшасымен «Amazon» компаниясының негізін қалаушы Джефф Безос жайғасқан. Төртінші орында — Сергей Брин («Google» жүйесінің негізін қалаушылардың бірі), байлығы 266 миллиард долларға тең. Бесінші орынды 245 миллиард долларға бағаланған байлығымен «Dell Technologies» компаниясының иесі Майкл Делл иеленген. Марк Цукербергтің иелігінде («Meta» компаниясының тең құрылтайшысы) – 229, Ларри Эллисонда («Oracle» компаниясы) – 208, Дженсен Хуангта («Nvidia» компаниясының бас атқарушы директоры) – 181, Стив Баллмерде («Microsoft» компаниясының бұрынғы бас директоры, «Лос-Анджелес Клипперс» баскетбол клубының иесі) 172 миллиард долларға тең байлық бар екен.
Жалпы, қазіргі кезде әлемдегі миллиардерлердің ұзын саны 3428-ге жетіпті. Барлығының байлық жиынтығы кемінде 15 триллион долларды шамалайды.



