Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан
17.09.2026

Күзде етті көбірек тұтыныңыз

Алдағы 23 қыркүйекте күннің күзгі теңелуі болады. Біз өмір сүріп жатқан Жер шарының Солтүстік жарты шарында ол астрономдардың есебінше таңғы сағат 06.06 шамасында орын алмақ. Бұл – күздің шын мәнінде күшіне ене бастауы, бұдан ары қарай түнгі уақыт ұзара береді.

Күндізгі уақыттың қысқаруы адамға елеулі түрде әсер етеді. Мысалы, күннің қысқаруы адамның ішкі биологиялық күйін өзгертеді, ағзада «бақыт гормоны» атанған серотониннің түзілуі азая бастайды. Мұны көңіл-күйдің тұрақсыздануынан аңғаруға болады, кейде себепсізден-себепсіз маза кетеді, көңілсіздік басады, іске ынта төмендейді. Кейде маужыратып ұйқы қысады. Мамандардың айтуынша, бұл кезде ағзада «Д» дәруменінің түзілуі төмендейді, бұл өз кезегінде адамның шаршаңқы жүруіне, тіпті ашуланғыш болуына да әсер етеді. Зейін төмендейді. Бұл кезде уақтылы әрі дұрыс тамақтанып жүрген жөн. Бір мезгіл болса да ыстық тамақтан бас тартпаңыз. Өйткені ауаның салқындауына байланысты ағза жылуды көбірек қажетсіне бастайды, сондықтан жылу түзетін ақуызы, көмірсуы молырақ тағамдар ішкен пайдалы. Әйтпесе иммунитет төмендеп, осы кездері қоза түсетін түрлі жұқпалы аурулар алдында дәрменсіз болып қалуыңыз мүмкін.

Ал жылу түзетін азыққа, бірінші кезекте, әрине, ет жатады. Мұны аталарымыз жақсы білген, сондықтан соғымдық малды осы уақыттан соя бастаған. Ағзада жылу түзуде балық, жұмыртқа, құрамында жасұнығы молдығына байланысты қарақұмық, сұлы, картоп та пайдалы. Сондай-ақ бұл кезде асқабақ, қызылша, сарымсақ, сәбіз де ағзаға жағымды болады. Тамаққа келімдәрі, қара бұрыш сияқты дәмдеуіштер қосса, ол да ағзаны жылытады. Әрине, ағзаға, әсіресе асқазанға жақпайтын болса, ондай дәмдеуіштерден абайлаған да дұрыс. Жаз бойы тұтынған салқын сусындардан бас тартып, шай, кофе ішуді жиілетсе зияны жоқ. Жалпы, қай істе болса да тепе-теңдік бұзылмауына мән берген жөн.

Қазір «мизам шуақтың» кезі, ауа температурасы күндіз жылы, түнде салқын. Сондықтан түнде терезені ашық қалдырмаған жөн. Үйдің бойдағы жылуын ұзағырақ сақтауына мүмкіндік беріңіз. Өйткені, мысалы, бетоннан соғылған көпқабатты үйлердің қабырғалары салқын ұстап, күн бірден суытқан жағдайда үй іші тез сууы мүмкін. Орталықтандырылған жылыту маусымы басталғанша әлі біраз уақыт барын есте ұстаңыз. Үйін от жағып жылытатындар көмір мен ағашын даярлай берсе де болады. Енді жеңіл киімді жиып қойып, маусымға сай киініп жүрген абзал.

Бұл кезеңде әсіресе созылмалы сырқаты барлар денсаулығына мұқият болып, уақтылы тынығып, дұрыс тамақтанып, дене белсенділігін сақтаған абзал. Ал қандай да бір жайсыздық сезініп, ол күн сайын жалғасып келе жатса, онда дәрігерге көрініп алған артықтық етпейді.

Жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар