Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан
17.10.2026

Экологиялық сенбілік өткізілді

Сенбілік – тек тазалық жұмысы ғана емес, ол тәрбиенің де көзі. Ол адамға жақсы әдет, мәдениет құндылықтарын, өмірлік мәні бар, пайдасы мол тәрбие сіңіреді. Сенбілікке қатысу арқылы адам өзін қоршаған ортаға қамқорлықпен, жауапкершілікпен қарауды үйренеді. Мұның әсіресе жасөспірімдер мен балалар үшін маңызы зор. Бала жастан тазалыққа, табиғатты қорғауға үйренген адамда ол өмір бойына қалады, жақсы қасиет боп қалыптасады.

Адам өзінің бейберекет шашып, қалдыра салған, тастай салған қоқысы жинала келе қоршаған ортаны бүлдіретінін, оның ажарына, көркіне көлеңке түсіретінін біліп өсуі керек. Ортаның тазалығы әрбір адамның әрекетіне байланысты екенін есте ұстауы керек, ол әрбір адамның қоршаған ортаға қамқорлығы, жауапкершілігі арқасында сақталады. Ал тазалықпен бірлесе айналысқан жандардың арасында өзара сыйластық, түсіністік қалыптасады. Сенбілік адамды бір-біріне жақындастыра түседі, оларда өзара сенім пайда болады, бірлік пен ынтымақ, ортақ іске деген жауапкершілік сезімдері артады. Ол туған жерге деген сүйіспеншіліктің, патриоттық сезімнің ұштала түсуіне де қызмет етеді.

Арыс қаласының жастары мұны жақсы түсінеді, сондықтан да үнемі түрлі тазалық шараларын ұйымдастырып, оған өз қатар-құрбыларын жұмылдырып отырады. Қалада кешегі күнгі өткізілген эко-сенбілік те осындай ізгі құндылықтардың лайықты көрінісі болды. Ол жастардың, ерікті-волонтерлер мен мемлекеттік қызметшілердің қатысуымен өтті. Оған қатысқандар көшелерді, жолдар бойын қоқыстан тазартты, сол арқылы өздерінің туған жерге деген жанашырлығын паш етті.

Қоршаған ортаны таза ұстау арқылы біз өзгелерге өнеге көрсетеміз, сенбіліктің тек тазарту жұмысы ғана емес екенін ұғындырамыз. Экологиялық сенбілікке қатысқан әрбір азамат осыны ұқты, осындай игі іске өзінің қомақты үлес қосқанын сезініп, үйлеріне көтеріңкі көңіл-күймен оралды.

О. ТҰРАР.

Жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар