Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан
15.10.2026

Ордабасының өндірістік қуаты арту үстінде

Бүгінде инвестиция тарту – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етудің негізгі бағыттарының бірі. Инвестициялық жобаларды іске асыру арқылы өндіріс көлемін ұлғайтуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, кәсіпкерлікті дамытуға мүмкіндік туады. Ал бұл бағытта Ордабасы ауданында қандай шаруалар атқарылып жатыр? Бұл жөнінде аудан әкімінің орынбасары Мейрамбек Ақмұратовтан сұраған едік.

 

«Биылғы жыл басынан бері ауданға тартылған инвестиция көлемі 38,2 миллиард теңгені құрады. Былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 10,6 пайызға артып отыр. Тартылған инвестицияның 87,1 пайызы жеке қаражат есебінен жүзеге асты. Сол арқылы ауданымызда кәсіпкерлік саласы қарқынды дамуда. Нақты айстақ, шетел инвесторларының қатысуымен жалпы құны 23,9 миллиард теңгені құрайтын 6 жоба іске асырылуда. Оның ішінде жалпы құны 8,2 миллиард теңгені құрайтын «Central Asia Aluminum Company» серіктестігінің алюминий профильдерін өндіру, «Bereke KAZ-Engineering» серіктестігінің темір-бетон конструкцияларын өндіру, «Карьер табыс» серіктестігінің автоматтандырылған қыш өндіру кәсіпорындары іске қосылды. 304 адам жұмыспен қамтылды. Биыл аудан экономикасына тартылған инвестиция көлемін 55 миллиард теңгеге жеткізу жоспарланып отыр.

Ауданда негізгі басым бағыт ретінде өнеркәсіп саласын дамыту айқындалған. Еліміздің берік өнеркәсіптік қалқанын қалыптастыру үшін бүгінде бұл салада 57 кәсіпорын жұмыс істейді. Аталған кәсіпорындар күзге дейін 47,2 миллиард теңгенің өнімін өндірді. Бұл былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 70,6 пайызға артық. Өнім көлемін жыл соңына дейін 80,7 миллиард теңгеге жеткізу жоспарланған. Осының ішінде өңдеу өнеркәсібіне басымдық беріліп отыр. Бүгінде 43,9 миллиард теңгенің өнімі өндірілді, өсім 74,8 пайызды құрады. Бұл салада соңғы 3 жылда жалпы құны 22,6 миллиард теңгені құрайтын 17 жоба іске қосылды, 758 жұмыс орны ашылды.

Жаңа жобалардың жүзеге асырылуы ауданның өндірістік әлеуетін күшейтуге, өңдеу өнеркәсібі мен инвестициялық белсенділіктің артуына ықпал етуде. Мысалы, 2024 жылы ауданымызда жалпы құны 7 милиард теңгені құрайтын 5 жоба жүзеге асырылыпты. Атап айтсақ, «Бөрте милка», «JNRAY», «RZN», «Дарын 2030» серіктестіктерінің сүт зауытын ұлғайту, тігін фабрикасы, автокалавты газоблок және медициналық бұйымдар өндіру бағытындағы жаңа кәсіпорындары іске қосылып, 204 жұмыс орны ашылған. Ал 2025 жылы жалпы құны 11,5 миллиард теңгені құрайтын 5 жоба іске асырылды. Олар «Altyn land», «Bereke KAZ-Engineering» «Dala Construction.kz», «Arlan Stroy» серіктестіктерінің құрылыс материалдарын өндіретін, «Central Asia Aluminum Company» ЖШС-нің алюминий профильдерін өндіретін кәсіпорын. Нәтижесінде 389 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Биыл құны 3,4 миллиард теңгені құрайтын «Карьер табыс» ЖШС-нің автоматтандырылған қыш зауыты мен «AMG Park» ЖШС-нің балалар ойын алаңшаларын жинау кәсіпорындары іске қосылды. Сонымен қатар, «Темірлан» өндірістік паркін құру мақсатында 10,5 гектар жер телімі бөлінді. Оның бірінші кезеңінде 5 өндірістік ғимараттың құрылысы аяқталды. Жалпы құны 1,2 миллиард теңгені құрайтын металл бұйымдары, сұйық және ұнтақ кір жуғыш заттар, шыны өндіріс мен консервілеу  бағытындағы 5 жоба іске асырылып, 53 жаңа жұмыс орны құрылды.

Өнеркәсіп саласында 2026-2027 жылдары жалпы құны 31 миллиард теңгені құрайтын 12 жобаның іске қосылуы жоспарланған. Олар толықтай жүзеге асқан жағдайда жаңадан тағы 592 жұмыс орны ашылады. Оның ішінде «Хуатинг биотехнологи КО.ЛТД» («HUATING BIOTECHNOLOGY Co.,LTD») жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жалпы инвестициялық құны 9 миллиард теңгені құрайтын ірі қара мал сүйектерін терең өңдеп, май және желатин компоненттерін өндіру жобасы бар. Құрылысы 2025 жылы басталған. Жобаның І кезеңі таяу арада іске қосылады. Ол жаңа 30 жұмыс орнының ашылуына мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, жыл соңына дейін жалпы құны 5,3 миллиард теңгені құрайтын «Steel Frame» серіктестігінің металл конструкциясы бұйымдарын шығару және «Nur group» серіктестігінің алюминий композиттік панельдер өндіру жобалары  іске қосылады деп күтілуде. Ол 63 жаңа жұмыс орнымен қамтамасыз етеді», — дейді аудан әкімінің орынбасары.

 

Жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар