Қарттар күні – үлкенге құрмет, қамқорлық, мейірім, ізет көрсететін күн. Бұл – ұрпақтар сабақтастығының басты бір көрінісі.
Алдыңғы толқынның өткен жолы кейінгіге үлгі. Осы орайда қарттармен кездесіп, әңгімелесіп, оларға сый-құрмет көрсеткен жанның өз көңілі де бір көтеріліп қалары анық. Өйткені адамға қуаныш сыйлаудың өзі бір ғанибет, қарт адам қуанады, өзінің өмір тарихын әңгімелеп беріп бір жасап қалады, жастарға алғысын айтып, батасын береді.
Біздің қазақ «Қариясы бар үйдің қазынасы бар» деп бекер айтпайды. Қарттар – біздің қазынамыз, ақылшымыз, өнеге беретін, бағыт-бағдар сілтейтін жанашырымыз. Олар арқылы ұлтымыздың адамгершілік қасиеттері, ұлттық құндылықтарымыз, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлеріміз ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Сондықтан оларға әрдайым қамқорлық көрсетіп тұру керек.
Арыс қаласында да үлкенге құрмет көрсетіп, ізгілік пен жанашырлықты дәріптейтін тағылымды бастаманы қолдайтын жастардың көптігі қуантады. Жастарымыз қарияларға қуаныш сыйлауды әдетке айналдырған. Бұған риза болған қарттарымыз да оларға ақ батасын беріп жатады.
Арыс қаласында әрбір жылы Қарттар күнінде көптеген іс-шаралар дәстүрлі түрде ұйымдастырылады. Кешегі 1 қазан – Қарттар күнінде де қаламыздағы белсенді жастар «Жас жүректен қартқа құрмет» тақырыбында игі іс атқарды. Олар қарт кісілердің ауласын тазалап, қыста қажет болатын отынын жарып берді. Қариялар өздеріне осындай қолғабыс жасаған балаларға алғыстарын айтып, ақ тілектерін жаудырды.
Бұл күні бірқатар қарияларға сыйлықтар табысталды, Алғыс хаттар ұсынылды. Себебі олар бүкіл өмір бойы еңбек етті, сол еңбектің жемісін бүгінгі ұрпақ көріп отыр. Сондықтан қарияларымызға тек Қарттар күнінде ғана емес, әрдайым көмектесіп тұру керек.
Ұрпақтар жалғастығының алтын көпіріндей болған осындай іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады. Олар алдыңғы толқын мен жас ұрпақтың арасында бірлік пен ынтымақтың тереңдей түсуіне қызмет етері сөзсіз.
О. ТҰРАР.



