Кітаптың адам баласына берері көп. Ол – ұрпақтар арасында мәдени және рухани байлықты сақтаудың, оны жас буынға жеткізудің негізгі құралы. Кітап арқылы жастар тарихпен, туған халқының ұлттық құндылықтарымен, салт-дәстүрімен, мәдениетімен танысады, сол арқылы сана-сезімі қалыптасады.
Жалпы, көркем әдебиетте бірлік пен тұрақтылық, әділдік пен ынтымақ, сенім мен жауаптылық құндылықтарын адамның басты адамгершілік қасиеттері ретінде дәріптейтін шығармалар көп. Кітап адамның елге, жерге деген сүйіспеншілігін, патриоттық сезімін арттырады. Өз кезегінде бұл Отанға деген сүйіспеншілікті, адалдықты, елдің мүддесі үшін қандай қиындыққа болса да дайын тұруды қалыптастырады. Бірлік пен ынтымақтастық тақырыптары қоғамды нығайтуға, бейбіт өмірге шақырады. Кітап арқылы жас буын өз халқымен бірлікте болудың маңыздылығын түсінеді.
Әсіресе әлеуметтік тақырыпт шығармаларындағы әділетсіздікке қарсы тұру, қоғамдық мүддені қорғау жолындағы күрестегі ерліктер, сондай-ақ достық пен өзара көмек негізінде қалыптасатын ынтымақтастық туралы әңгімелер, әділдік пен ынтымақ тақырыптары қоғамдағы теңдік пен әділеттілік сезімін тәрбиелеуге ықпал етеді.
Кітап оқу арқылы жас буын өзін-өзі тануға, моральдық таңдау жасауға, өз әрекеттерінің салдарын бағалауға үйренеді. Кітаптардағы сенім мен жауапкершілік тақырыптары адамның өз қабілетіне, болашағыне деген сенімін нығайтады, қоғамға қосқан үлесін түсінуге көмектеседі.
Осындай құндылықтар жүйесін қалыптастырудың қуатты құралы ретінде кітап адамның рухани дамуына, оның санасы мен жауапкершілік сезіміне әсер ететін жан-жақты тәрбиеші бола алады. Ойды тереңдетеді, адамның дүниетанымын, көзқарасын кеңейтеді.
Қысқасы, адам баласының қалыпты дамуында кітаптың орасан зор маңызы бар. Осы орайда Арыс қалалық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен көпшілік іс-шара өтті. Жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, рухани-мәдени құндылықтарды дәріптеу мақсатында «Кітап және жастар: бір шығарма – бір көзқарас» тақырыбында кездесу ұйымдастырылды. Кездесу барысында жастар оқыған шығармалары жайлы өз ой-пікірлерімен бөлісті. Олар кітаптың адам өміріндегі маңызы, кейіпкерлердің әрекеті мен шығармадағы негізгі идеялар төңірегінде пікір алмасты.
Қысқасы, кітап – жастарды елдің лайықты ертеңі, абзал азамат болуға баулитын рухани құрал. Сондықтан да Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған бұл іс-шара өз деңгейінде өтіп, қатысқан жастарға ой салды, рухани нәр берді деген сенімдеміз.
Х. АСАН.



