Ұлттық статистика бюросы еліміздегі халық саны жөнінде жаңа деректер жариялады. 1-қазанға дейінгі көрсеткіш – 20 миллион 633 мың 529 адам. Олардың 13 миллион 254 мың 158-і — қаланың, 7 миллион 379 мың 371-і ауылдың тұрғындары. Әйелдер саны ерлерден 458 мың 695 адамға артық. (Тиісінше, 10.546.112 және 10.087.437).
Осы деректерге сүйенсек, біздің елде де урбанизация қарқынды жүріп жатқанын байқауға болады. Қалада қоныстануға тырысатындар саны артуда.
Ал бізбен құрлық және теңіз арқылы шектесетін көрші елдердің бұған қатысты көрсеткіштері қандай? Жақын көршіміз Өзбекстандағы 39 миллионнан асып отырған тұрғынның 19,5 миллионы – қалалықтар екен. Алатақиялы ағайындарда еркек жыныстылар әйелдерден 280 мыңдай көбірек.
Қытайда бүгінде 1 миллиард 412 миллионнан астам адам бар. Соның 971 миллионға жуығы қалада тұрады. Бұл елде еркектер әйелдерден 30 миллиондай артық. Бұған 1970 жылдардан бастап жүргізілген «Бір отбасы – бір бала» мемлекеттік саясатының себеп болғаны мәлім. Ал Ресейде әйелдер еркектерден көбірек екен. 146 миллион тұрғынның 79 миллионнан астамы – нәзік жандылар. 103 миллионнан астам адам қалаларда тұрады.
Халық саны 7,5 миллионға жеткен қырғыз ағайынның қалаларда 3,1 миллионы тұрады. Бұл елде әйел заты жалпы халықтың 50,5 пайызын құрайды. Ал Түркіменстанның 7 миллион тұрғынының 3,3 миллионы қалалықтар. Мұнда да әйелдер саны сәл басымдау – 50,86 пайыз.
Әзірбайжанда 10,5 миллион адам тұрса, қалалықтар саны 6 миллионды шамалайды. Тұрғындардың 50,2 пайызы – әйелдер. Ал Иранның 93 миллион тұрғынының 68,5 миллиондайы қалада тұрады. Онда пайызға шаққанда 1 әйелге 1,03 еркектен келеді.
Жалпы, қала халқының саны жөнінен әлемде алғашқы үш орынды Сингапур, Кувейт және Бахрейн алады екен. Сингапурдің 6 миллионнан асқан тұрғыны түгелдей қала-мемлекетте тұрады. Онда әйелдер еркектерден 1,55 пайызға көбірек. Кувейттің де 5,1 миллион тұрғынының барлығы қала тұрғындары. Әйел жыныстылар бұл ел тұрғындарының 38 пайызын құрайды. Ал Бахрейнде 1 миллион 700 мыңдай адам тұрады. Жарияланған деректерге қарағанда, қалалықтар саны тұрғын халықтың 88-ден 99 пайызға дейінгі бөлігін құрайды екен. Бахрейнде де әйелдер еркектерден аз – 37,4 пайыз.
Ғалымдардың жүргізген зерттеулерінің нәтижесіне қарағанда кейінгі кездері дүние жүзінде жалғызіліктілердің саны арту үстінде екен. Мысалы, Англиядан шығып тұратын «Экономист» («The Ekonomist») журналының жазуынша, миллиондаған жалғызіліктілердің басым бөлігін ажырасқан, отбасын құрмаған әйелдер құрауда. Бұл тақырыпқа арнайы зерттеу жүргізген «Morgan Stanley» қаржылық компаниясының болжамынша, алдағы үш-төрт жылда әлемдегі 25-44 жас аралығындағы әйелдердің 45 пайызы жалғызбасты болуы мүмкін. Түрлі себептермен жесір қалған, ажырасқандармен қоса тұрмыс құрмауды саналы түрде таңдайтындар қатары да арта түсуде. Яғни тұрмыс құрып, өмірге бала әкелуді табиғи миссиясы деп санамайтындар көбейіп келеді деген сөз. «Бұған бірінші кезекте әйелдердің экономикалық жағынан тәуелсіз болуы, өзін-өзі жетілдіріп, мансап қууға мүмкіндіктері арта түсуі себеп», — дейді зерттеушілер.
Бүгінде бұл, әсіресе, Еуропа, Америка елдерінде айқын аңғарылып отыр екен. Жарияланған статистикалық деректерге сенер болсақ, бүгінде Бельгияда әрбір 100 некеге 71 ажырасудан келеді. Ал АҚШ, Франция, Куба, Эстония, Люксембург, Испания, Чехия, Венгрия, Португалия сияқты елдерде ажырасудың пайыздық деңгейі 53-тен 68 пайызға дейін жетеді.
Ал біздің елдегі қазіргі ахуал қандай? Жарияланған кей деректерге қарағанда елімізде некесін бұзған әйелдердің саны жылдан жылға өсу үстінде екен. Қазірдің өзінде екіге жарылған отбасылардың қатары 500 мыңнан асқаны айтылады. Оның әрқайсысында бір ғана баладан есептегеннің өзінде жарты миллион бала әкесіз өсіп жатыр деген сөз. Одан бөлек, жетім балалар үйлерінде де жүздеген мың бала әкесіз, шешесіз өсіп жатыр. Осының бәрі айқайлап дабыл көтеруге шақыратын жайлар-ау…



