Жариялаған: admin | Уақыты: 2025-02-04 10:25:00 |
Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 118
Дәл осылай табыс тауып, алаяқтықпен айласын асырып келгендер ұсталды. Олар үшеу. Бірігіп алып, көздің жауын алатын пәтерлердің суреттерін жарнамалық ресурстарға салып, «жалға береміз» деген. «Жайлы төсек, ыңғайлы бөлме, қолайлы асүйі бар» пәтер жарнамасына қызыққандар хабарласқанда «жалға беру ақысының бір бөлігін алдын ала төлеңіз» дейді. Өзіне ұнаған пәтерді жалға алушы «броньдап» қою үшін сұраған ақсын алдын ала жіберіп отырған.
Әлгі үшеу дәл осылай талайларды сазға отырғызып кете берер ме еді, полиция құрықтап үлгермегенде. Десе де олар біраз дүние жинап үлгерген сияқты. Тергеу барысында олар былтырғы тамыз айынан бері кемі 20 адамды осылай сан соқтырғандарын айтқан.
Осылайша олар шамамен 12 млн теңге табыс тапқан. Күдіктілерден полиция 11 ұялы телефон, 15 SIM-карта, ноутбук тәркіледі. «Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасып жатыр» деген құқық қорғаушылар онлайн-платформаларда мәміле жасау кезінде барынша сақ болуды, күмәнді ұсыныстарға сенбеуді және алдын ала төлем жасамас бұрын ақпараттың шынайылығына көз жеткізуге кеңес беруде.