Жариялаған: admin | Уақыты: 2024-10-02 18:20:00 | Соңғы рет жаңартылған уақыты: admin on
Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 31
1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов пен аудан әкімінің орынбасары Алтын Ешанқұлова кенттер мен ауылдық округтерді аралап, жасы 100-ге жеткен қариялардың, тыл ардагерлерінің, жалғызілікті қарттардың шаңырақтарына барып мерекемен арнайы құттықтады.
Аудан әкімі өзінде «Қарияларды әлеуметтік жағынан тұрақты қолдау мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып саналады. Біз қарияларға жан-жақты қамқорлық жасау арқылы өскелең ұрпақты үлкендерді құрметтеуге үйретудеміз. Сіздерге бүгінгі қуанышты күні ұзақ өмір, мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, құт-береке тілеймін. Әрдайым ортамызда үлкен сый-құрметке бөленіп, аман-есен жүре беріңіздер!» - деп атап өтті.
Айта кету керек, Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 1990 жылғы 14 желтоқсанда әр жыл сайын 1 қазанда - Халықаралық қарттар күнін атап өту жөнінде шешім қабылдаған болатын. Бүкіл әлем, соның ішінде біздің Тәуелсіз елімізде де қарттарымыздың бұл төл мерекесін жыл сайын мерекелеп келеді.
–Халқымыз «Үйіңде қартың болса, жазып қойған хатпен тең» деп бекер айтпаған. Жақсы қартая білген адам күннің жарығы секілді өзгелерге нұрын шашады, санаға сәулесін сіңіреді. Қазыналы қарияларымыз – қоғамымыздың қымбат қазынасы. Олар – біздің тірегіміз, арқа сүйер ұстанымыз, мемлекетіміздің баға жетпес байлығы. Расында да, кезінде көп бейнет көрген қарттарымызды зейнетке бөлеу, құрметтеу, қамқорлық жасау – абыройлы борышымыз, - дейді аудан басшысы Бақыт Насырханұлы.
Біздің елде мемлекет тарапынан қарттарға ұдайы қамқорлық жасалуда. Мемлекет басшысы халқына арнаған жыл сайыңғы Жолдауларында зейнеткерлерімізге барынша қолдау білдіріп, зейнетақыларын көбейтіп, әлеуметтік жағынан қорғалуына баса назар аударуда.
Қарияларды әлеуметтік жағынан тұрақты қолдау мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып саналады. Біз қарияларға жан-жақты қамқорлық жасау арқылы өскелең ұрпақты үлкендерді құрметтеуге үйретудеміз.
Бұл орайда Мақтаарал ауданында да ардагерлердің материалдық-тұрмыстық жағдайын жақсартуға, денсаулықтарын нығайтуына жан-жақты көңіл бөлініп келеді. Бүгінгі таңда ауданда 10 мыңнан аса зейнеткер бар. Оның 244-і тыл ардагерлері. 250-ге жуық жалғызілікті қариялар ғұмыр кешуде.
Қариялардың денсаулығын жақсартып, сауықтыру мақсатында аудандағы әлеуметтік сала бөлімдері арқылы түрлі шипажайлар мен емдеу-сауықтыру орталықтарына жолдамалар берілуде.
–Аталар мен әкелерімізді, әжелер мен аналарымызды құрметтей білейік. Біз де солардың жасына жетеміз, сол кезде жастардың қамқорлығына мұқтаж боламыз. Қарттарды қазір қалай құрметтесек, біздің балаларымыз бен немерелеріміз де бұл үрдістен үлгі алып өседі, - дейді аудан әкімі Б. Асанов.
Қарияларды мерекесімен құттықтаған аудан басшысы оларға қуанышты күні ұзақ өмір, мықты денсаулық, отбасыларыңа амандық, құт-береке тіледі. «Әрдайым ортамызда үлкен сый-құрметке бөленіп, аман-есен жүре беріңіздер!» деді.
Мереке аясында Мырзакент кентіндегі «Аяулым» мейрамханасында қазыналы қарияларға арналған аудан әкімінің ақ дастарханы да жайылды.
Іс-шараға зейнет жасында жүрсе де елдің ынтымақ-бірлігінің артуына үлес қосып, елге қызмет етіп жүрген қазыналы қариялар, ардагерлер кеңесінің, әжелер алқасының белсенді мүшелері, ауыл билері және аз қамтамасыз етілген, жалғызілікті қарттар қатысты.
Аудан әкімі сөзге шығып, ауданымызда ынтымақ пен бірліктің нығайуына, қазақтың салт-дәстүрі мен әдет ғұрпының сақталуына және ұлттық тәрбиенің өскелең ұрпақтың бойына сіңіруге белсенді атсалысып жүрген қазыналы қарияларларға алғысын білдіріп, атаулы мерекемен баршаны құттықтады.
Мерекелік кеште «Мақтаарал» мәдениет үйінің қызметкерлері өнерлерін көрсетіп, қазыналы қарттардың көңілдерін көтеруге атсалысты. Сондай-ақ, белсенді еңбегімен көзге түскен бірнеше ардагерлер марапатталды.