Аспаннан марапат «жауса» да, сапа «көгермей» тұр...

Мәселе

Жариялаған: admin | Уақыты: 2024-12-17 11:15:00 | Соңғы рет жаңартылған уақыты: admin on

Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 176


Аспаннан марапат «жауса» да, сапа «көгермей» тұр...


Мұғалім мәртебесі туралы заңның қабылданғанына бірнеше жыл болды. Бірақ мұғалімнің мәртебесін көтерген заң білім сапасын арттыра алды ма? Бұл сауалға нақты жауап беру қиын, қазір керісінше білім ұяларында айқай-шу, дау-дамай, жанжал, соттасу секілді келеңсіз көріністер көбейіп кетті. Соған қарамастан мұғалімді іздеген марапатта есеп жоқ.  

Әрине, марапатқа лайықты ұстаз болса қызғанбаймыз. Алайда, еселі еңбегін елеп емес, қалтасындағы ақшаға сатылатын марапаттарда қандай құн болмақ? Қазір ақшаға неше түрлі орден-медальдар, атынан ат үркетін атақтар мен марпаттар сатыла беретін болды. Оны өзге емес, мұғалімдердің өздері де мойындайды.

Сөзіміз жалаң, жалған болмас үшін білім саласының ыстығына күйіп, суығына тоңып жүрген майталман мамандардың пікірін назарларыңызға ұсынғанды жөн санадық. «Баяғыда «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері, «Білім беру ісінің үздігі», «Білім беру саласының құрметті қызметкері», – деген мәртебелі марапат иелерімен кездескенде кәдімгідей құрмет тұтатынмын. Мұндай марапат мықты, санаулы ұстаздардың ғана бағына бұйыратын. Министрдің атынан бір ұстазға алғыс хат немесе құрмет грамотасы келсе ұжым болып қуанып, марқайып қалатын, - дейді QAZBILIM GROUP компаниясы басқарма төрағасы, белгілі педагог Аятжан Ахметжанұлы. – Қазір ше? Қазір бәрінен қадір қашқан заман болды. Әр жиынның соңын марапатпен аяқтау үрдіске айналып барады. Аспаннан орден-медальдар жауып жатқандай әсерде қаласың. Олардың көптігі сонша, тіпті, министрліктің атынан берілетін марапаттың өзінің қадірі қалмады. Бұрын ілуде біреу алатын медальдар қазір екінің біріне қолжетімді. Алайда, білім сапасы керісінше төмендеп барады. Мұны қалай түсінуге болады? Үлкен марапатқа лайықты мұғалімі көп салада сапа да жоғары болуы керек емес пе? Олай емес. Мұны министрлік те білмей отырған жоқ. Келеңсіздікті жою үшін «мақсатты мектеп», «нысаналы мектеп» деп ала шапқын.

Балалардың тәрбиесі де ушығып тұр. Әлеуметтік желіде аптасына жаға ұстатар екі-үш жағдайға куә боласың. Күйінесің, күйрейсің. Өткенде бір ақпаратты оқып отырсам бір облыстың білім саласына 11 500 дана медаль беріліпті. Ол өңірде қанша мектеп, қанша оқушы бар екеніне қызығушылығым оянды. Анау айтты көп емес екен, ал сонда ұстаздары мен оқушылары одан бірнеше есе көп Түркістан облысына қанша мың медаль үлестірілді екен деп еріксіз күлкім келді. Күліп отырып күйініп, ашуланасың ғой.

Атақ, мәртебе, даңқ, орден... Басқа сала мамандары ауырса да бұл дерттен ұстаздар аулақ болу керек. 3-4 жыл бұрын «Ұлт ұстазы», «Алаш ұстазы» деген марапат тарату, яғни ақшасын төлесең оп-оңай бере салатын медаль бизнесімен күресіп едік. Енді бұл үрдіс министрліктің де табалдырығын аттағаны өкінішті. Медаль – мұғалімнің абыройын асқақтатып жатқан жоқ, керісінше беделін түсіруде».

Ұлттық мектептер желісінің жетекшісі А.Ахметжанұлының мұнысын орынсыз даурығу, бос уайым дей алмаймыз. Шын мәнінде бұл болашағымызды жарға жығар, қасіретке бастар қауіп. Бәлкім бұл пікірмен келіспейтіндер де көп шығар. Әркімнің пікірі өзіне қымбат. Біз де қателесуміз мүмкін. Дегенмен, ойымызды осы сала майталмандарының пікір-көзқарастарымен толықтыра түскіміз келді. Осы мақсатта елімізге белгілі ұстаз, әлеуметтік желі белсендісі Өмір Шыныбекұлына хабарласып көрдік. «Мен Аятжанның айтқандарымен толық келісемін, – деді ол кісі. – Бүгінде «Ы.Алтынсарин» төсбелгісі кім көрінгеннің кеудесінде тағулы. Биыл Түркістандағы білім басқармасына бір танымал адамның барып, өзінің әпкесіне неге «Ы.Алтынсарин» төсбелгісі берілмегенін айтып шу шығарғанын естігенде таң қалдым. Басқармадағылар құлақтары тыныш болу үшін келесі жылы әлгі адамның әпкесіне айтқан медалін бере салу керек пе? Солай болады деген күдігім бар. Өйткені, бізде солай, таза еңбектің адамы емес, таныс-білісі мықтылар марапатталады. Қазіргі министріміздің қызметке тағайындалғаннан кейін алғашқы ұстазын арнайы құттықтап барып, «Ы.Алтынсарин» төсбелгісін тағып кеткені осындай келеңсіздіктің бір көрінісі іспетті. Әрине, ұстазын құрмет тұтқанға, сыйлағанға не жетсін, бірақ, бәрі де әділ болуы керек қой. Сонда ол министр болғанға дейін алғашқы ұстазы аталған төсбелгіге лайықсыз болып келді де, министр болғаннан кейін бірден лайықты болғаны ма? Ұстазын құрметтесе өзі жекелей барып, алғысын айтып, сый-сияпатын жасай берсін. Шамасы келсе көлік сыйлап, үй әперсін. Оған ешкім де қой демейді. Алайда, медаль тарату – жеке бастың шаруасы емес. Маған «Ы.Алтынсарин» төсбелгісі 2019 жылы бұйырды. Бірақ ол үшін мектепте «Құнды құжат» үйірмесін аштым. Польшаға барып, адамдармен сұхбаттасып, құнды деректер жинадым. Осы мақсатта сайыстар ұйымдастырдым. 3 кітап шығарып, қаншама еңбектендім. Қазіргідей мектепке барып-келіп жүріп, марапат ала беретін болсам, Польшаға сабылып нем бар, жүре бермеймін бе осында-ақ?».

Иә, расында медальдан – мән, құрметтен – қадір, атақтан – абырой қашқан заман болды. Өкінішке қарай, аспаннан қанша марапат жауса да білім мен тәрбиеде сапа құлдырап барады. Министрдің өзі бастамашы болып, мұғалімдердің барлығы медаль үшін емес, үздік шәкірт, орден үшін емес, озат оқушы тәрбиелеу үшін жұмыс істейтін кез келді. Ұстаздар осыны жан дүниесімен ұғыну керек.

Балқы БАЗАР.  

 

Пікір қалдырыңыз: