Тал-дарақ егу – теңге жымқырудың төте жолы емес пе?

Мәселе

Жариялаған: admin | Уақыты: 2025-02-03 10:15:00 |

Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 143


Тал-дарақ егу – теңге жымқырудың төте жолы емес пе?

                              немесе Шала жансар «Шатқал»...

          

Қателеспесек, 2017 жылы сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың бастамасымен «Шатқал» бағдарламасы қабылданған болатын. Осы бағдарлама аясында Шымкент қаласының аумағында көлемі 226 гектарды құрайтын 14 шатқал бой көтеретін болған-ды. Көгалдандыру ісінің бірінші кезеңінде ағаш егіліп, тамшылатып суару әдісі орнатылып, абаттандыру жұмыстарының екінші кезеңінде жауапты мекемелер шатқалдарға жол салып, жарықтандыру ісімен айналысатын болған-ды. Дамыту жұмыстарының үшінші кезеңінде демалыс орындары мен балалар ойын алаңдарының құрылыс жүргізуі жоспарланған. Бағдарлама мақсатын жүзеге асыруға көптеген мекеме қызметкерлері мен студент жастар жұмылдырылған-ды. Шатқалдар қараусыз қалып, қурап қалмас үшін бірқатар қалталы азаматтар, дәлірек айтқанда облыстық мәслихаттың депутаттары жер телімін жекеге алып, бір-бір шатқалды абаттандыруды міндетіне алған еді. «Қараусыз қалған шатқалдарды көгалдандырып, инфрақұрылым жұмыстарын жүргізіп, субұрқақтар, аяқжолдар, ашық театрландырылған сахналар, тағы басқа да халыққа қызмет көрсету орындарын салып, демалыс кешендеріне айналдырамыз. Осындай жобалар жасап, жүзеге асыру облыстағы басқа аудан-қала басшыларына да міндеттелді», – деп ресми түрде баяндаған сол кездегі облыс әкімінің орынбасары Ж.Бөкенбаев айды аспанға шығармаса да көптің көңілін айға бір-ақ жеткізген еді.

Мұның барлығын неге өткен шақпен айтып отырмыз? Тау қопарардай дүбірмен басталған тірліктің жай ғана күбірмен аяқталғаны өкінішті. «Байға мақұлшы көп» демекші, облыс басшысының бастамасын мақұл көрген қалталы азаматтар өре түрегеліп, қолдау көрсеткен болатын. Алайда, бәрі де көпті алдау, көзбояушылық, науқандық тірлік екенін уақыттың өзі дәлелдеп берді. Сол кездері егілді деген жүз мыңдаған, тіпті, миллиондаған көшеттің қазір бағдарлама жоаспарындағыдай жаппай көгеріп, саялы баққа айналғанын, мегаполис тұрғындары мен қонақтарының сол саяда асыр сап, серуен құрып жүргенін көру арман күйі қалды. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен 5 жылда 2 миллиард ағаш отырғызу тапсырмасының да бұлжымай орындалғанына күмән көп.  

«Бақсақ, бақа екен» депті бір бейбақ. Сол айтқандай, «көшет егудің» астарында көп қитұрқылық, жаппай қаржы жымқыру әрекеттері жасырынып жататын көрінеді. Бұлай деуімізге Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбектің жақында ғана жасаған мәлімдемесі себеп болып отыр. Халық қалаулысының айтуынша, елімізде ағаш егуге бөлінген миллиардтаған қаражат жымқырылып жатқанға ұқсайды. «Менің қолымда барлық облыс әкімдіктері ұсынған статистика бар, онда бюджет қаражатының жымқырылғаны айдан анық. Орман өсіреміз деген желеумен миллиардтаған ақша жымқырылып жатыр. 2020 жылы президенттің тапсырмасымен орман қорындағы жерлерде ағаштар санын көбейту үшін 2 млрд ағаш, ал елді мекен жерлерінде 15 млн ағаш егу жоспарланған. Мен бұл 2 млрд ағаш пен 15 млн ағаш қайда егілгенін анықтап көргім келді. Менде барлық әкімдіктің жауабы бар. Таңғалып отырмын. Ағаш саны жеткіліксіз. Егілуге тиіс 15 млн ағаш қайда? Миллиард ағаш туралы мүлдем ауыз ашпай-ақ қояйын. Мендегі дерекке сенсек, Маңғыстау облысында 2021 жылы 556 мың ағаштың орнына шамамен 20 мыңға жуық ағаш егілген, 2022 жылы 167 мың ағаштың орнына 21 мың тал егілген. Ал ШҚО-да 2021 жылы 127 мың ағаштың орнына 85 мың ағаш қана егіліпті. Міне, әр облыстағы жағдай осы. Кей жерде 30, кей жерде 50, кейбір жерлерде 150 мың ағаш жетіспейді. Менің сұрағым бар: мұны біреу бақылай ма, әлде сіздер ақшаны тек бөлесіздер ме? Осы ағаштарды егуге бюджеттен қыруар ақша бөлінген. Бұл деректер бойынша бірде бір қылмыстық іс қозғалған жоқ. Ешкім жауапкершілікке тартылған жоқ», - деді депутат.

Шатқал болсын, басқа да түрлі бағдарламалар аясында статистика бойынша жыл сайын қыруар тал-көшеттер егіліп жатыр. Алайда, жалған статистикалар қоғамды құрдымға құлататынын ұмытпауымыз керек. Тіпті, егілген күннің өзінде көшеттердің жартысына жуығы уақтылы суарып, баптамаудың салдарынан қурап кетіп жатыр. Мұндай мысалды облысымыздағы барлық аудан-қалалар мен мегаполисімізден де кезіктіруге болады. Көзбояушылық, жаныашымастық, қаражытты желге ұшыру қашанғы жалғасар екен?

Оңтүстікте қазірдің өзінде күн жылынып, шаруа егін қамына кірісіп кетті. Бұйыртса, барлық аудан-қалаларда жылдағы дағды бойынша көше бойына көшет егу, тал-дарақ отырғызу ісі үлкен қарқынмен бастау алады. Әсіресе, жаңадан құрылған мөлтекаудандарда. Бірақ, олардың аспанмен таласа бой көтеріп, шаһарларды жайқалған жасыл желекке орайтын күн болар ма екен?

Нұр Мекен.   

Пікір қалдырыңыз: