Ұлттық қор балаларға неше теңге бөлді?

Әлеумет

Жариялаған: admin | Уақыты: 2025-02-02 10:15:00 |

Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 450


Ұлттық қор балаларға неше теңге бөлді?

         

Бұған дейін де айтқанымыздай, «Ұлттық қор - балаларға» бағдарламасы шеңберінде 18 жасқа дейінгі (18-ді қоса алғанда) Қазақстан Республикасының азаматтарына қордан ақша бөлінеді. Ол ақша АҚШ долларымен есептеледі. Жақында Ұлттық қор 2024 жылдың қорытындысы бойынша дәл осы бағдарлама аясында қанша балаға қанша теңге бөлінгенін ресми жариялады. Бағдарлама аясында Ұлттық қордан ақша алуға тиісті қатысушылардың жалпы саны - 6 921 035 бала. Оның ішінде 324 430 қатысушы 2025 жылы 18 жасқа толады екен.

«2025 жылы есептелген бір балаға арналған нысаналы талаптардың сомасы 2024 жылғы 31 желтоқсанның соңындағы жағдай бойынша Қазақстан азаматы болып есептелетін балалардың саны туралы деректерге және балаларға Ұлттық қордан есептелген нысаналы талаптардың

888 794 506 АҚШ доллары мөлшеріндегі жалпы сомасы туралы ҚР Ұлттық Банкінен алынған ақпаратқа сүйене отырып есептелді», - дейді «БЖЗҚ» АҚ баспасөз қызметі.

Айта кетейік, қордан бөлінетін қаржы барлық балаға бірдей сомада. Яғни бір балаға 129 АҚШ доллар 38 центке тең. Қаржы бөлу процесінде Қазақстан Республикасының азаматтығын былтыр жаңадан алған балалар да бар. 2024 жыл ішінде қайтыс болған балалар саны да ескерілген. Ал 2006 жылы туған балаларды қоспағанда, 2024 жылы Ұлттық

қордан алғашқы қаражат есептелген балаларға ағымдағы жылы 3,04 АҚШ доллары мөлшерінде инвестициялық кіріс есептелген. Нәтижесінде бағдарламаға 2 (екі) жыл қатарынан қатысқан баланың

нысаналы жинақтары 232 доллар 94 цент болды. 2006 жылы туған және 2024 жылы 18 жасқа толған балалардың бағдарламаға қатысу уақыты аяқталды. Былтыр олардың саны 304 815 болған, енді олар (кәмелеттік жасқа толғаннан кейін) БЖЗҚ-да 2024 жылы автоматты түрде ашылған есеп шотына түскен өздерінің жинақтарын тұрғын үй жағдайларын жақсартуға немесе білім алуға ақы төлеу мақсатына қолдана алады.

Дәл осындай өтінішпен «БЖЗҚ» АҚ-ына келген 53 001 азаматқа шамамен 5,32 млн АҚШ доллары айтылған екі мақсат үшін бөлініп берілген. Нысаналы жинақтар жоғарыда айтқанымыздай, АҚШ долларымен аударылады және БЖЗҚ-дағы нысаналы жинақтау шотында 10 жыл бойы сақталады. Егер осы мерзім ішінде иесі қаражатты пайдаланбаса, онда бұл қаржы зейнетақы қорына сол адамның атына автоматты түрде ашылатын ерікті зейнетақы шотына түседі. Зейнетақы қорына АҚШ долларымен емес, сол аударым жасаған күнгі ҚР Ұлттық Банктің ресми бағамымен аударылады.

Балаңыздың атына Ұлттық қордан ақша түсіп, түспей жатқанын білу үшін kids.enpf.kz сайтына кіріп тексересіз. Ол жерге баланың ЖСН жазсаңыз болғаны. Жалпы, ата-аналар 18 жасқа толмаған баласы бойынша жасалған есептеулер туралы деректерді eGov mobile электрондық үкіметі мен екінші деңгейдегі банктердің ұялы қосымшаларынан да тексере алады.

Ж.Жайлаубекқызы.

 

Пікір қалдырыңыз: