Жариялаған: admin | Уақыты: 2025-02-06 10:15:00 |
Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 479
Масқараның түр-түрін көретін болдық-ау. Өкініштісі сол, дәстүрімізде жоқ нәрсені тықпалап, "әдет-ғұрып" етіп алатынымыз болды.
Арыдан беріге ауыз әдебиеті арқылы жеткен ұлттық
құндылықтарды мұртын бұзбай ұрпаққа жеткізген ата бабамыздың тектілігіне қайран
қаларсың...
Олай дейтініміз ауыз әдебиетімен сусындаған қазақ ауыз-екі әңгімемен-ақ дала дәстүрін дүбәрә етпеген бұрынғының жолын әуейілікпен әлемге танылғысы келетін бүгінгілер бұрып жүр.
Осылай айтуымызға бесік тойдағы "дамбал жырту дәстүрі" себеп болды. Бір әйел беліндегі белдікке ішкиімдерді қыстырып, шүлен таратқандай ортаға шығады, оған жабыла таласып тармасып жүрген қатындардың әрекеті әжептәуір әңгіме бопты әлеужеліде.
Діңгегі мықты дала дәстүрінің дәп дәласы шыққанын дабылдатпастан бұрын, ниеттің түзу жағын түртпектеп көрейік деп көне көз әжелерден сөз тарттық.
-- Ертеректе Құдай етегіне беріп, ауы құрғамаған, балағынан бала саулаған аналардың дамбалын пұшпағы қанамай бала көтермей жүрген келіндер аттай қалап, сұрап алатын. Кейде ондай әйелді еркелігін көтере алатын қайын сіңлілері жабылып, жерге жығып дамбалын шешіп алатын. Бұл әрекет әпенділеу болғанмен әу бастағы жақсы ниеттің әсері ме, көзге қораш көрінбейтін. Бала сүюді армандаған келіндерге әлгі дамбалды ырымдап кигізетін.
Міне, әжелерден дамбал жайлы естігеніміз.
Ал, әлгі тойдағы жаңа дәстүр ойлап тапқандардың ой өрісін өзіңіз өлшей беріңіз.
Ар, ұят, иба, әдеп...
Ілгеріде аналарымыз іш киімдерді жуып, көзден таса, тіпті үстін шүберекпен бүркеп жаятын.
Анам марқұмнан "әйелдің бағы ауында" деген сөзді көп еститінбіз, ішкиім тұрмақ киілген шалбарды бөтенге бергізбейтін.
Әңгіме әлгі тойдағы дамбал жырту деген дәстүрден шыққан еді, бұл жөнінде замандастар не дейді екен, қараңызшы.
-- Несі бар, заманауи өзгерген түрі ғой ырымның. Трусиға таласқандардан байқамайсың ба, мына заман әйтеуір бір нәрсе алу, пайда табу...бір түрси болса да тегін, пайда!
--- Тойды қызықты етіп, есте қалатындай өткізу үшін ойлап тапқыштар шығарған дәстүр шығар.
Арзан ойынның аржағына үңілсек, қаймана қайқы қазақтың сайқы мазаққа құмарлығын аңғарарсыз...
Ар Дана.
Сурет сол "дәстүрді дәріптеген" тойдың видеосынан алынды