Бағаны бақылайтын адам бар ма?!

Мәселе

Жариялаған: admin | Уақыты: 2025-02-12 14:15:00 |

Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 579


Бағаны бақылайтын адам бар ма?!

Үкімет бағаны бақылаудан шығарып алды. Алып-сатарлар ойына келген бағаны қоя беретін болды. Әй дейтін әже, қой дейтін қожа қалмады...

Өздерін кәсіпкер санайтын кейбір алып-сатарлар мол пайдаға кенелу үшін түрлі қитұрқылықтарға барып жатады. Айталық, дүкеніне 100 қап ұн түсірген егесі оны құжатта 10 қап деп көрсетеді. 100 көлігі жолаушы тасымалымен айналысатын байдың құжатта 10 ғана көлігі тіркеуде тұрса таңқалмаңыз. Құжатта бір тонна жем саудалаған кәсіпкер шын мәнісінде 100 тонна жем сатқан болуы мүмкін. Осылай жалғасып кете береді. Бұл салықтан жалтарудың амалы. Ал енді Үкімет салық сомасын көтерер болса, жағдайдың қаншалықты күрделенетінін айтпай-ақ сезуге болады. Осы қитұрқылықтарды тиісті тексеруші органдар білмейді дегенге өз басым сенгім келмейді. Қазір «шоталын» алып, «көрмес түйені де көрмес» кейіп танытатындар аз дей алмаймын. Ұзақ жыл саудамен айналысқан өз тәжірибеме сүйенсем, кімнің қанша тауарды қаншаға сатып жатқанын бақылауға болады. Бағаның ырық бермеуі бақылаусыздықтың салдары болса керек.  

Бақылаудың бостығы басқа салалардың да былыққа батуына себеп болуда. Мәселен, қазір бір Шардара аудандық білім бөлімінің өзінде 12 қызметкердің іс-әрекетіне қатысты тергеу амалдары жүріп жатыр екен. Олардың жымқырған сомасы миллиардқа жетіп жығылатын көрінеді. Күдік дәлелденсе, тиісті жазаларын алуы керек. Енді менің түсінбейтінім, егер олар расымен де ай сайын белгілі қаржыны белгісіз бағытқа «жөнелтіп» отырған болса, соны бақылайтын қаншама құзырлы органдар жылдар бойы қайда қараған? Әлде онда да білімсіз мамандар отыр ма?

Жемқорлық жайын айтқанда қаланы ғана сөз ету дұрыс емес, ол ауылдарға да дендеп еніп барады. Қарапайым ауыл дүкенінің егесі мың теңгеге алған затын екі есе бағасына сатады. Бюджеттің қаржысын жымқырған жемқор да, қарапайым халықтың қалтасына түскен адам жемқор емес па? Осыны білетін ауыл адамдарының ішінде мүмкіндігі барлары өздеріне қажетті азық-түлікті Шардара, Арыс пен Шымкентке барып, артығымен сатып алып қояды. Сорлайтыны - ауылдағы кедей-кепшік. Өзі мұқтаж болып, қарызға алып тұрғасын 1 келі деп салынған шекердің салмағы одан аз болса да, бағасы қымбат болса да дүкеншіге артық ауыз ештеңе айта алмайды. Әйтеуір қарыз бергеніне қуанып, сатушының кез-келген «еркелігін» көтеруге мәжбүр. Ауылда дүкен аз, қарызға алар басқа жер болмағасын дүкен иелері де «қайдан құлақ шығарарын өзі білетін қазаншының еркіндігіне» бой алдырады. Осылайша кедей онан сайын кедейленіп, бай қор жинай береді.

Мен бұл жайды көп жерде мәселе етіп көтеремін. Әкімдердің есепті жиындарында да қозғадым. Жауап жалғыз – кәсіпкердің құқы тапталмауы тиіс. Әрине, кәсіпкердің құқы қорғалуы керек, бірақ, бұл оның іс-әрекетін бақылаусыз қалдыру деген сөз емес қой. Бір кәсіпкердің құқын қорғаймыз деп қарапайым қаншама адамның құқын аяқасты етуіміз керек пе?

Келмеске кетті деп қуанған кеңес заманында елдің қай түкпірінде болмасын дүкендегі заттардың бағасы біркелкі болатын. Артық бір тиын қостың ба – қылмыскерсің. Бізге де қазір дәл осындай қатаң бақылау керек.

Қанат-Әлі Бегалиев,

Шардара ауданы.

 


Пікір қалдырыңыз: