Жариялаған: admin | Уақыты: 2025-02-21 12:45:00 |
Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 383
Қалада көлік көбейген сайын автотұрақтың қажеттілігі арта түсуде. Осыны пайдаланған кейбір пысықайлар жол жиектерінен ақылы автотұрақтар ашып, «жұмыртқадан жүн қырқып» жүр.
Әрине, өз қалтасынан қыруар қаражат шығындап, арнайылап автотұрақ салғандарға айтар уәжіміз жоқ. Алайда, мемлекет тарапынан миллиондар, миллиардтар жұмсалып төселген асфальттің бір шетін иемденіп алып, бизнесін жүргізгендерге не деуге болады? Мәселен, Шымкенттегі Қырғы базар, «Самал», «Бекжан», «Автонұр» базарларының төңірегі ақылы автотұраққа толы. Былтыр ғана жаңа асфальт төсеп, жөндеген Әйтеке би көшесі бойындағы сауда қатарларының алды да автотұрақ. Ол онсыз да тар көшенің жартысын алып жатыр. Сонда көшені кеңейткеннен не пайда, ол әлдекімдердің бизнесін жандандырып жатса? Рас, құрылыс заттарын алуға келген тұтынушылар көлігін қоятын жер таппайды, сол үшін автотұрақ жасаған болар. Бірақ, неге ол ақылы болуы тиіс? Неге мемлекеттің салған жолын өзгелер пайда көзіне айналдыру керек? Осы қаншалықты заңды? Ең сорақысы, автотұрақ үшін ақшасын алғандар егер көлігіңізге бір зиян тиген болса жауапкершіліктен жалтарады. Ақысын алдың ба, жауапкершілікті де мойныңа ал!
Осыған байланысты мен мынадай ұсыныс айтқым келеді. Жолдың жиегіндегі автотұрақтар тегін болу керек. Автотұрақты ақылы етіп, табыс тапқысы келген кәсіпкерге өз есебінен салатын арнайы жер бөлсін немесе ғимаратын кейін шегіндіріп, автотұрақ салсын. Ал көпшілікке ортақ жолды заңсыз иеленіп, халықты тонау ақылға сыйымсыз. Автортұрақты заңсыз иеленгендерді жауапкершілікке тартатын да кез келді.
Н.БЕКМҰРАТОВА.