Шымкентте ауыра көрмеңіз...

Мәселе

Жариялаған: admin | Уақыты: 2025-02-25 15:35:00 | Соңғы рет жаңартылған уақыты: admin on

Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 339


Шымкентте ауыра көрмеңіз...

Ақысын төлесеңіз де сапалы ем жасамайды

Үкімет халықтың  денсаулығына аз көңіл бөліп, қаржыдан қысып жатқан жоқ. Керісінше жыл сайын бұл салаға бөлінген қаржы артумен келеді. Алайда, сапа сол қаржыға сай жақсарып кете алмай жатыр. Бұған себеп көп, әрине. Соның бірі – жемқорлық болса керек. «Балықтың басынан шіритінін» ескерсек, сала министрінің жемқорлықпен сотты болуы талай жайтты аңғартатын сыңайлы.  

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған былтырғы жолдауының алтыншы тармағында былай деді: «...Биыл денсаулық сақтау саласына бюджеттен 3,3 триллион теңге қаржы бөлінді. Бірақ, оның нәтижесі әлі көрініп жатқан жоқ. Медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушылар арасында міндеттердің дұрыс бөлінбеуі бұрмаланған ақпараттың көбеюіне әкеп соқтырды. Науқастарға мемлекет кепілдік берген қызметтерді ақылы негізде алуды немесе бірнеше ай бойы кезек күтуді ұсыну жайттары аз емес. Бұған жол беруге болмайды».

Президент мұны босқа айтқан жоқ, салада бар кемшілік болғасын арнайы тоқталды. Науқастарға мемлекет кепілдік берген қызметтерді ақылы негізде алуды немесе бірнеше ай бойы кезек күтуді ұсыну жайттары Шымкентте де кездеседі. Менің байқағаным, қазір мемлекеттік ауруханалардың өздері қаражат табуды науқас емдеуден де жоғары қойып алған секілді. Бар мақсаты – ауырып келген адамды ақылы бөлімге жатқызу екені байқалады. Ауруханада бос орын болса да. Ақ халаттылар да менеджерлікті мықтап меңгеріп алған ба дерсіз? Портал арқылы тегін емделу жолын тым күрделендіріп айту арқылы науқасты сыпайы түрде ақылы бөлімге жатуға мәжбүрлейді. Мәселен, «порталмен емделемін десеңіз үш-төрт ай күтесіз» дегенде ол уақытқа дейін сырқатым асқынып кетеді деген қауіппен, денсаулықты сақтау үшін көнуге тура келеді. Ертеңгі күні шу шығып кетпесін деген сақтықпен «Өз еркіммен келістім» деген тілхат жаздырып алуды да ұмытпайды екен.

Жуырда редакцияға М. Райымбекова есімді азаматша хабарласты. Оның сөзіне қарағанда іші ауырып, дәрігерге барғанда іштегі шақалақтың 2 апта бұрын өліп қалғаны анықталған. Бұрын ондайды көрмеген жас келіншек қорқып, үрейге бой алдырады. Өзі Астана қаласында тіркеуде, ай сайын МӘМС-ке қомақты ақша аударып отырған. Яғни, оның емделуіне ешқандай кедергі болмау керек. Шымкент қаласындағы №2 ауруханаға барғанда ондағы ақ халаттылар порталды кем дегенде бір апта күту керектігін айтып, ақылы емделуге кеңес береді. Қолымызға түскен құжатқа сенсек, сырқат палатаға жатқаны үшін 39 мың, наркозға 12250, тағы бір қажеттіліке 1240, медициналық түсікке деп 40 мың теңге төлеген. Сонда ойламаған жерден 100 мың теңгеге жуық шығындалған. Бірақ істеген ем-домдары көңілге қонбайды. Ішті тазалау жұмыстары наркозсыз жасалған. Барлық ақысын төлеген науқас талап еткенде, өздерінде наркоздың жоқ екенін айтады. Тығырыққа тірелерін сезген дәрігер мейірбекеге сөмкесіндегі үш ледокаинді алып келуді тапсырады. Бұл медицина ережесіне сай келмейді. Дәрі қалтада емес арнайы орындарда сақталуы тиіс.

Дүйсенбі күні ауруханадан шыққалы жатқан науқас «анықтау үшін УЗИ-ге түсіріп, тексермейсіздер ма?» деп сұрағанда УЗИ-дің де ақылы екенін айтады. Ал УЗИ-ге түскенде іште қан қатып қалғаны анықталған. Сонда бұлар не тексерді, нені емдеді? Ақылы бөлімде жатқанның өзінде ауруынан толық айықтырмай, ауруханадан шығарып жібере бермек пе? Қалтада жүрген дәріні еге салу қаншалықты талапқа сай келеді? Осы секілді сауалдарға жауап алу үшін Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбековке хабарластық. Ол кісі өзінің гинеколог маманы еместігін айтып, басқармадағы «Ана мен бала денсаулығын сақтау» бөлімінің меңгерушісі Инна Глазебнаяға бағыттады. Жағдайға қаныққан ол таңданысын жасырмады. Ал ауруханадағы ота жасаған дәрігер де, бөлім меңгерушісі де «Ледокаин арнайы орында сақталмай неге дәрігердің сөмкесінде жүр, ақысы төленген наркоз неге салынбады?» деген сұраққа тұщымды жауап бере алмады. Аурухананың бас дәрігері Бақытжан Пазылов болса жағдайды өзіне дұрыс жеткізбеген дәрігерлерге шара көретінін, дәрігерлердің қателігі себебінен төленген қаржы толықтай қайтарылатынын айтты.

Әрине, нарық талабы – қаражат табу екені түсінікті. Алайда, дәрігерлердің бірінші міндеті - қаржы табу емес, науқастарды сапалы емдеу. Ал қосымша қаражат көзін тауып, аурухана жағдайын жақсартамын десе ешкім қарсылық танытпайды. Бірақ, бұл бірінші орынға шығып кетпеуі керек. Науқастардың да әлеуметтік жағдайлары әртүрлі. «Қаражатын төлеймін, мені бар жағдайы жасалған палатаға жақызыңыздар» деген науқастың өтінішін орындауға болады. Ал, онсыз да ауырып, қиналып келген қарапайым науқасты мәжбүрлік болмаса да ақылы бөлімге жатқызып, қаражат іздетіп тағы қинаудың, ағайындардың сабылтудың қажеті қанша? Жалақымен ғана күн көріп отырған адамға 80-90 мың теңге аз ақша емес. Денсаулығы үшін барын сатса да, қарызданып-қауғаланса да қажет қаражатты тауып әкеледі ғой әйтеуір, бірақ, оның ертеңгі күнкөрісі қалай болмақ? Уайым жеп, ауруына ауру жамап алмай ма? Осыны да ойлану керек.

Ұлықбек ҮМБЕТ.   

 


Пікір қалдырыңыз: