Үлкендер жолы – ұлылық, ұрпағы жүрер ұғынып...

Әлеумет

Жариялаған: admin | Уақыты: 2025-02-21 12:45:00 |

Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 330


Үлкендер жолы – ұлылық, ұрпағы жүрер ұғынып...


Жуырда Түркістан облысы Бәйдібек ауданы, Жамбыл ауылындағы мектепте ауданның құрметті азаматы, ұлағатты ұстаз Жайлаубай Сәрсенбаевтың өнегелі өміріне арналған тәлімді, тағлымды кеш өтті. Оған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, белгілі қаламгер Бағдат Қалаубай, «Оңтүстік ұстаздары» газетінің журналисі, ҚР Журналистер одағының мүшесі Серікбай Тұржан, ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі Пазыл Бахрам, аудандық әжелер алқасының төрайымы Әтіркүл Әлиева, Жамбыл ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбдіхалық Ағабеков қатысып, қазыналы қария Жайлаубай Сәрсенбаев жайлы жылы пікірлерін ортаға салды. Ауылын қариясына қарап танитын елдің азаматтары «тентегін тия білген, жақсысын мақтан тұтқан Жайлаубайдай қазыналы қарттар көп болса екен» десті.


Сәрсенбаев Жайлаубай 1941 жылы 15 сәуірде Оңтүстік Қазақстан облысы бұрынғы Алғабас ауданы Жүзімдік ауылында туған. Сол ауылдағы жеті жылдық мектепті, одан әрі Шаян орта мектебінде оқып, оны 1959 жылы бітірген. Сол жылы Шаян орта мектебіне қазақтың Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов келген. Жайлаубай ақсақал заманының заңғар жазушысының қолын алып, өнегелі өсиет сөзін тыңдаған санаулы ұрпақтың өкілі.

– Ұлы жазушының «Шаянға барсаң әншімін деме» деген сөзі сол сапарында айтылды. Әдебиетке құмарлығымды одан сайын арттырған сол бір кездесуден соң 1960 жылы Шымкент педагогикалық институтының тарих және қазақ тілі әдебиеті факультетіне оқуға түстім, – дейді Жайлаубай ата өткен күндерін еске алып.

Институтты бітірген соң ол бірден өзінің туған ауылына, мектебіне оралады. Жамбыл орта мектебінде тарих пәнінен сабақ беріп жүрген жас маманның ерік-жігерінің мықтылығын байқаған сол кездегі аудан басшылары оны Алғабас ауданының комсомол комитеті мектептер бөлімінің меңгерушісі етіп сайлайды. Комсомол комитетінде істеп жүріп ЛКСМ-нің бірінші хатшысы Өзбекәлі Жәнібековпен кездесіп, мақтау сөздер естігені өз алдына бір тарих.

Шаңырақ көтеріп, отау құруына байланысты 1968 жылы туған ауылы Жүзімдікке тарих және география пәнінің мұғалімі болып ауысты. Ал 1973 жылдан 1978 жылға дейін Жамбыл орта мектебінде директордың оқу-тәрбие ісінің орынбасары болды. 1981 жылы Шаян СПТУ-85 кәсіптік техникалық училищесінің мұғалімі болып жаңа ортада жаңа қырынан танылған Жайлаубай Сәрсенбаевқа 1984 жылы оқу орнының басшысы А.Пәрменов мақтау қағазы мен Б.Момышұлы медалін салтанатты жағдайда табыс етеді.

1995 жылға дейін осында қызмет атқарған ол училищенің басқа жаққа көшуіне байланысты қайтадан Жамбыл орта мектебіне педагог-психолог болып қызмет ауыстырды.

1995 жылдары Жамбыл Жабаевтың 100 жылдық мерейтойын өткізуге атсалысып, облыстық байқауда «Облыстық оқу бөлімінің» грамотасымен  марапатталған Ж.Сәрсенбаевтың өзге де наградалары көп-ақ. Ұлағатты ұстаз Жамбыл орта мектебінде оқу-тәрбие ісінің меңгерушісі болып жүрып-ақ ауыл-аймақтың көркеюіне, ауыл тұрғындарының ынтымақ-бірлікте болуына көп мұрындық болды. Жамбыл ауылының биі ретінде талай даулы мәселелерде екі тараптың ымыраға келуіне түрткі болған жан. Ел үшін еткен еңбегін елеген аудан, облыс басшылары ақсақалмен талай рет жүздесіп, ақылын тыңдап, алғысын айтты. Әр жылдарда облысты, ауданды басқарған Ж.Түймебаевтан, Ә.Көбеевтен, Б. Көшербаевтан, аудан биі Игісіновтен, ауыл әкімі Дүйсенбековтерден алған марапаттары соның айғағы. Парламент депутаттары Ұ.Сәдібеков, Қ.Исатайұлы ақсақалды мерекелерде құттықтап тұруды ұмыт қалдырмайды.

Жұбайы, марқұм Байгелқызы Оразхан екеуі 7 ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Жайлаубай ата бүгінде сол ұрпағынан тараған 26 немере мен 14 шөберенің ортасында күйлі-бақуатты. Ұл-қыздарына арнап өлең жазып, өсиетін айтып отырады.

Жамбыл атындағы мектептің директоры Гүлмира Жүзімханқызы, ұдайы өнегелі іс-шаралар ұйымдастырып, жастарға тәлімі мол кездесулер өткізіп жүретін директордың бейінді істер жөніндегі орынбасары Жанболат Асанбаев, кәсіподақ ұйымының төрағасы Ержан Жанатаев сынды ұстаздарға кезедсуге келген қонақтар ризашылығын білдірді. «Жайлаубай Сәрсенбаевтай қазыналы қариялардың ақылын өскелең жастардың санасына сіңіру арқылы қоғамды тәрбиелейтініміз, болашаққа аманат етеріміз анық» десті олар.

Нұр МЕКЕН

 

 


Пікір қалдырыңыз: