Жетісайда қошқар сүзіп алған қыз ауруханаға түсті

Құқық

Жариялаған: admin | Уақыты: 2025-03-04 11:45:00 |

Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 336


Жетісайда қошқар сүзіп алған қыз ауруханаға түсті

        Полиция арызды қабылдамаған...

            

Табиғаттың қайта оянып, тіршіліктің түңлігі түрілер көктем мезгілін асыға күтпейтін адам жоқ шығар, сірә. Әрине, айналаның барлығы жасыл желекке бөленіп, қызылды-жасылды гүлмен көмкеріліп, құстар сайрап, қозы маңырап, бұзау мөңіреп, айналаның бәрі әсем у-шуға бөленіп жатудың өзі қандай ғанибет. Алайда, күннің жылынуымен ілесе келетін қауіп-қатерлердің де барын ұмытпаумыз қажет. Бұл мезгілде неше түрлі улы жәндіктер де оянып, белсенді тіршілікке кіріседі. Қорадағы төрт түлік пен ауладағы ит-мысықтың да құтырумен ауыру қаупі осы мезгілде өрши түседі. Өкінішке қарай, біз ит-мысықтың құтыруын қауіп көріп, төрт түліктің бұл аурумен ауырудағы қаупіне көңіл бөле бермейміз. Негізінде түйе құтырса, езіп өлтіруі, сиыр, қой сүзіп майып етуі мүмкін. Құтырмаған күнде де үй жануарларынан көп қауіп болып жататыны жасырын емес.

Шыны керек, біз негізінен қабаған иттің егесіне шара көруді білеміз. Ал, өзге үй жануарлары жарақаттаған жағдайда не істейміз? Қандай амал етеміз? Әрине, «мал ғой» деп қоя салуымыз да мүмкін, ал егер ауыр дене жарақатын салып, адам өміріне қауіп төндірсе ше?

3 наурыз күні Жетісай ауданының Жылысу ауылдық округінен Мұрат есімді азамат хабарласып, көршісінің қошқары қызын сүзіп, ауруханаға түсіргенін айтты. Арызданбақ болғанда Жетісай аудандық полиция бөлімінің қызметкер арызды қабылдамай қойыпты. «Енді не істесем болады» дейді амалы құрыған арызданушы. Әрине, қандай жағдай болмасын, полиция қызметкерінің арызды қабылдамауы заңға кереғар. Дегенмен, үй жануары адамға дене жарақатын салған жағдайда не істеу керектігін заңгер болмаса өзгелердің біле бермеуі мүмкін. Анық-қанығын білу үшін біз шымкенттік белгілі заңгер Жаңабек Әбішевке қоңырау шалдық. «Полицейдің арызды қабылдамағаны дұрыс емес. Шамасы оның өзі де заңды білмейтін болса керек. Бірақ, полиция арызымды қабылдамады деп қимылсыз қалуға болмайды. Қолма қол арызды қабылдамаса, электронды түрде, яғни «Е өтініш» арқылы арыз түсіру керек. Электронды арыз міндетті түрде қаралады. Назардан тыс қалмайды. Ал енді оқиғаға байланысты айтар болсам, қошқар, сиыр, жылқы болсын, ит болсын үй жануары есептеледі. Кейде үй жануарының шабуылы жарақаттан бөлек мүгедектікке себеп болуы, тіпті, айтқан жерден аулақ, адам өліміне ұласуы да ықтимал. Мал адамға шабуылдап, зардап келтірсе, иесі міндетті түрде жауапкершілікке тартылады. Азаматтық кодекстің 124-бабына сәйкес, үй жануарлары азаматтық құқықтың нысаны есептеледі, яғни зат санатында саналады. Сондықтан кез келген мал қожайынының меншік құқығы болып табылады. Бірақ елімізде үй жануарларын меншіктейтін тіркеу жүйесі әзірге жасалмаған», деп түсіндірді заңгер.

Бұл сауалдың жауабын ғаламтор арқылы да іздеп көргенімізде төмендегідей заң түсіндірмесіне кезіктік: «Кез келген ит немесе үй жануары тигізген залал оның ауырлық деңгейіне байланысты өтеледі. Яғни жауапкершілік пен жаза залал деңгейіне байланысты белгіленеді. Егер тек мүлікке залал келсе немесе киім, сөмкеге, сондай-ақ, денсаулыққа аса ауыр емес залал келтірілсе, иесі қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды. Бірақ ол адам денсаулығына зиян тигендіктен немесе мүлік бүлінгендіктен азаматтық-құқықтық жауапкершілікке тартылады. Оны азаматтық тәртіпте сотқа шағым түсіріп, жауапкершілікке тартуға болады. Сондай-ақ, зардап шеккен тарап моральдық шығын талап ете алады».

Зардап ауыр болған жағдайда мал иесін қылмыстық жауапкершілікке де тартуға болады екен. Ол үшін бірінші кезекте полицияға арыз жазу керек. «Үй жануары адам денсаулығына орта немесе ауыр зиян келтірсе, ҚР Қылмыстық кодексінің 114-бабында («Денсаулыққа абайсызда зиян келтiру») арнайы жаза қарастырылған. Денсаулыққа келтірілген залалды медициналық сараптаманың нәтижесі анықтайды. Оның барлығы қылмыстық іс материалдарына қосылады. Жануардың шабуылы адам өліміне әкелген жағдайда ҚР Қылмыстық кодексінің 104-бабына («Абайсызда қазаға ұшырату») сәйкес, ит немесе өзге де жануар иесі бес жылға дейін сотталуы мүмкін.

Осы заң талаптарына сүйенсек, Жетісай ауданы Жылысу ауылында болған жағдайға байланысты полиция қызметкерінің арызды қабылдамағаны заңсыз есептеледі. Заңсыздыққа жол берген қызметкерге шара көрілу лайық. Қызды сүзіп, ауруханаға түсірген қошқар бәлкім құтырған болуы да мүмкін деген күдікпен Жетісай ауданындағы «Ветеринарлық қызмет» мекемесінің басшысы Темірбек Қозыбағаровқа хабарластық. Ол кісі көктем иттер мен жан-жануарлар үшін құтыру қаупі күшейетін мезгіл екенін, бірақ биылдыққа ондай оқиға тіркелмегенін, Жылысу ауылындағы жағдай бойынша мән-жайды анықтайтынын айтты.

Ауылда тұрғасын қораның малсыз болмағаны жақсы, алайда, олардың көрші-қолаңға зияны тимес үшін қауіпсіздік шараларына мұқият болуды да ұмытпауымыз керек. Сүзеген сиырыңыз, қодыраңдаған қошқарыңыз, асау жылқыңыз, тебеген тауығыңыз болса мүмкіндігінше қораға қамап ұстаңыз. Өмір заңында да, Ата заңда да адам өмірі мен қауіпсіздігі алғашқы орында тұратыны анық. Үй жануарларынан зардап шексеңіз, қауіп қайталанбас үшін, өзгелерге де зияны тимес үшін арыздану, иесін жауапкершілікке тарту керек. Ал полиция қызметкерлері кедергісін келтірмей бұл істе жәбірленушіге қайта көмекші болғаны жөн.

Ұлықбек ҮМБЕТ.

 

 

 


Пікір қалдырыңыз: