Жариялаған: admin | Уақыты: 2025-03-10 10:55:00 | Соңғы рет жаңартылған уақыты: admin on
Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 71
(детектив)
Жалпы, адамның жаны жұмбаққа толы. Әрбір адам баласын жеке алып қарағанда, оның жаратылысының өзі бір ғаламат әрі күрделі әлем дерсің! Адамдар осындай қарама-қайшылықтарға толы өте күрделі әлем аясында туып, өмір сүріп, қарама-қайшылықтармен күресе жүріп, біреулері алға қойған армандарына жетіп жатса, енді кейбіреулері ойлаған мақсаттарына жете алмай, өкінішке қарай қылмыс жолына түсіп, қиыншылықта жүріп, өмірден өтеді.
Мына пәни өмірде адамдар арасында жанды жадырататын қуанышты жаңалықтармен қатар, кейде адам естімеген жанды түршіктіретін қорқынышты қылмыстар да болып жатады. Бес күн жалған өмірде бір-біріне жақсылық жасайтындар көп, бірақ арасында жамандық жасайтындар да кездесіп қалады.
Әрине, әрбір адамның жанының терең түкпірінде не жатқанын тап басып білу және оны табу өте қиын. Кейде көзінен мейірім шуағы шашылып тұрған жанның ішінде не болып жатқанын немесе оның қандай қулық-сұмдықтарды ойлап жүргенін, яғни оның кеудесінде «қандай иттің өліп жатқанын» бірден байқап, аңғару мүмкін емес. Бұлай дейтініміз, сыры ішінде жататын кейбір адам баласының кез-келген уақытта кенеттен арамдыққа барып, үлкен зұлымдықтың, оңбағандықтың орын алып қалуы да ғажап емес.
Сонымен қатар, кез келген адам баласының ішінде оны тіпті бүкіл әлемге паш ететіндей зор қайырымдылық және ұлылық қасиеттердің болуы да ықтимал. Жалпы, мұндай жағдайлардың өмірде қаншаға қанша екені бізге беймәлім?
Мәселе, осындай екі түрлі қасиетті адамның қалай дамыта алуында. Қалай қалыптастырып қандай түрде сыртқа шығара алуында болса керек. Барлық нәрсені біліп болғанымен оны пайдаға асыра алмау жеңіс емес. Бәзбіреу, мысал ретінде айтсақ, ақын-жазушылардың жазғанындай «адал әрі ашық, турашыл, әлсіздерді басынып кеуде кермейтін, күштілерге жағынып бас имейтін, жауға қатал әрі ымырасыз болады. Олар әділ, кеңпейілді, қайырымды және өзін көзге мақтағанды, өзгені сыртынан даттағанды ұнатпайтын, айтар сөзі нақты әрі істеген тірлігі де соған сай – өте жақсы адам» болуы мүмкін.
Ал екінші бір адам жастайынан өсіп-өнген ортасы мен өмірден алған кері ықпалды әрекеттеріне байланысты қоғамдық қатынастарға қарама-қайшы келетін жаман әдеттер пен теріс әрекеттер бойын жаулайды. Ондай адам рухани байлықтан жұрдай, білімі де, адамгершілігі мен мейірімі де жоқ болғандықтан, қоғамның ауыр дерті – қылмысқа баруы, сөйте-сөйте, адам бейнесіндегі хайуан, қос аяқты жыртқышқа, жауызға айналуы мүмкін.
2012 жылы жергілікті және республикалық газеттер мен телеарналардан «Ауған соғысының ардагерін, пышақтап, қорлап өлтірген кім?» деген тақырыпта шыққан мақалалар мен телесюжеттер елді елең еткізді. Бұл оқыс оқиға Шымқалада болған еді. Қаланың шығыс жағындағы «Жібек жолы» көшесінің бойында орналасқан «Атлант» сауда орталығының маңында 2012 жылы 17 сәуір күні кешкі 21:00 сағат шамасында Ауған соғысының ардагері, кәсіпкерді жұмыстан қайтып келе жатқанда бір бұзақы оның кеудесінен бірнеше рет пышақпен ұрып, бауыры мен өкпесін қатты зақымдап, өлтірген. Содан соң қылмыскер артында ешқандай із қалдырмай, оқиға орнынан қашып кеткен. Қайтыс болған 40 жастағы кәсіпкер Дарханның артында әйелі жесір, ал екі қызы жетім болып аңырап қала берді!..
Қалалық Ішкі істер департаментінің Жедел іздестіру тобы қылмыс болған орынға тез жетіп, белгісіз қылмыскер Дарханның кеуде тұсының оң жақ бетінен, бес рет пышақпен осқылап, өмірлік маңызды мүшелерін, яғни ішкі ағзаларын зақымдағанын анықтады.
«Атлант» сауда орталығының айналасындағы көпқабатты үйлердің тұрғындары өте көп болғандықтан және ол маңда ерсілі-қарсылы жүретін адамдардың көптігінен, қылмыскердің ізін анықтау мүмкін болмады. Осыдан кейін тергеуші әккі қылмыскер құқыққа қарсы қасақана қаза келтіріп, оқиға орнынан бой тасалап, ол жерден тез арада кетіп қалған деген болжам жасады. Осылайша, Ауған соғысының ардагерін өлтірген қылмыскер ізім қайым жоқ болған.
Бүкіл қаланы шулатқан оқыс оқиғадан кейін тергеуші Дарханның үйіне барып, оның әйелі Тахминадан және қызынан түсініктемелер алды. Одан әрі бұл қылмыстың қалай болғанын, қылмыскердің қайдан келгенін және кім екендігін аша алмай тұйыққа тірелген-ді?
Алғашқы
айда кәсіпкердің ағайындары тергеушіге күнде келіп, бауырымызды өлтірген
қылмыскерлер табылды ма, деген сұрағына іздестіріп жатырмыздан басқа ешнәрсе айта
алмаған. Сұрақтарына оңды жауап ала алмаған соң Ауған соғысы ардагерінің
туыс-бауырлары да, журналистер де 5-6 айдан кейін бұл оқиғаны ұмыта
бастаған-ды. Содан...
(Жалғасы сайтта ертең жарияланады)
Қабыл Дүйсенби