Жариялаған: admin | Уақыты: 2025-03-04 15:14:00 |
Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 62
МӘМС жүйесіне қатысты тұрғындарды толғандырар сауалдар әлі де көп. Мәселен, бір айдан аса еңбекке жарамсыздық парағын рәсімдеген жағдайда МӘМС жүйесінде сақтандырылған азаматтар қатарынан шығып қалуы мүмкін екенін білмейтіндер бар. Жеке кәсіпкерлер қандай жағдайларда МӘМС-ке жарна төлеуден босатылатыны да көпшілікті толғандырар сұрақтың бірі. Бухгалтерия қажетті төлемдерді төлеп отырса да неліктен ресми жұмысқа орналасқан адамдар мәртебесіз қалып жатады? Ал кейбір азаматтар үшін тіпті жарна төлеудің қажеті жоқ. Осы секілді сауалдар төңірегінде «Мырзакент» Мақтаарал аудандық ауруханасының СӨСҚ маманы Бақберген Қабылбековпен әңгімелескен едік.
- Бақберген Ұлықбекұлы, жүкті әйел еш жерде жұмыс істемесе, ЖК ретінде тіркелмесе медициналық сақтандыруды төлеуге міндетті ме?
- Мұндай жағдайда жүкті әйел жеңілдік санатына кіреді және ол үшін МӘМС жарналарын мемлекет төлейді. Жүкті әйел тіркелген орны бойынша өз емханасына жүгініп, жүктілігіне байланысты есепке тұруы қажет. Әдетте есепке гинеколог қояды, ал оның қабылдауына жазылу үшін МӘМС жүйесінде сақтандырылған болуы тиіс. Бұл жағдайда жүкті әйел мәртебесі болмаса да ТМККК аясында қабылдау жүргізетін учаскелік дәрігер және акушер арқылы есепке тұра алады. Босанғаннан кейін әйел – үш жасқа толмаған баланы тәрбиелеп отырған, жұмыс істемейтін адам ретінде басқа жеңілдікті санатқа көшетінін білген жөн, яғни әрі қарай да мемлекет есебінен сақтандырылады.
- Адам ресми жұмысқа орналасса жұмыс беруші оған төлемдер жасайды. Сонымен бірге оның жұмыс істеп тұрған жеке кәсібі болса, ол ЖК атынан МӘМС-ке жарна төлеуі керек пе?
- Жеке тұлғалар, оның ішінде жалдамалы жұмыскерлер, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт (АҚС) бойынша жұмыскерлер және жеке кәсіпкерлер МӘМС жарналарын төлеушілер болып табылады. Егер жалдамалы жұмыскер кәсіпкерлік қызметті де жүзеге асырса, онда МӘМС төлемдері келесідей болады: 1) жалдамалы жұмыскер ретінде МӘМС-ке жарналар - қызметкердің табысынан 2 пайыз мөлшерінде төленеді, МӘМС-ке аударымдар - жұмыс берушінің есебінен 3 пайыз мөлшерінде төленеді. 2) ЖК ретінде төлеуші МӘМС жарналарын да төлейді, бірақ табыстан емес, ең төменгі жалақының 1,4 – 5,5 пайыз мөлшерінде жарнаның тіркелген сомасын (2024-2025 ж.ж. - 5950 теңге) төлейді. Осылайша, егер жеке тұлға жалдамалы қызметкер болып табылса және салық есептілігін (ҚР Салық заңнамасына сәйкес) ұсынуды тоқтата тұрмаған немесе әрекетсіз деп танылмаған дара кәсіпкер ретінде тіркелсе, онда МӘМС жарналарын ЖК ретінде төлеу жөніндегі міндет одан алынбайды.
- Кейде жұмыс істеп жүрген адамға жұмыс берушінің төлеген төлемдері кері қайтып жатады, бұл немен байланысты?
- Қызметкер үшін төленген қаражат жұмыс берушіге келесі жағдайларда кері қайтарылуы мүмкін: 1) қаражатты аудару кезінде қызметкердің құжаттары (жеке куәліктің) ауысқан болса; 2) қаражатты аудару кезінде қызметкердің деректері дұрыс енгізілмеген болса (ЖСН, ТАӘ-дегі қателер); 3) қызметкердің жарналар мен аударымдарды төлеуден босатылатын төмендегі қандай да бір жеңілдікті санатқа кірсе: балалар; жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы асырап алуға, баланы үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты демалыста жүрген адамдар; зейнетақы төлемдерін алушылар, оның ішінде ҰОС ардагерлері; «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көп балалы аналар; мүгедектігі бар адамдар; орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары білім беру, сондай-ақ жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша білім алатын азаматтар. Яғни, егер сіз жеңілдікті санаттардың біріне кірсеңіз, жұмыс беруші сіз үшін жарналар мен аударымдарды төлемейді.
- Жұмыс істемейтін және медициналық сақтандыруға ешқашан жарна төлемеген адамды алда құны қымбат операция күтіп тұр делік. Оны МӘМС бойынша жасатуға болады, бірақ сақтандырылған мәртебесі болмаған жағдайда оны қалай алуға болады?
- Сақтандырылған мәртебе алу үшін жарналарды келесі әдістердің бірімен тәуелсіз төлеуші ретінде төлеуге болады: 1) осы немесе келесі айдан бастап алдағы 12 айға әрбір ай үшін ЕТЖ-дан 5 пайыз мөлшерінде жеке-жеке (2025 жылы - 4250 теңгеден); 2) өткен 12 айда әрбір ай үшін ЕТЖ-дан 5 пайыз мөлшерінде жеке-жеке (2024-2025 жж. - әр ай үшін 4250 теңгеден).
Егер пациент алдағы жылы ресми жұмысқа орналасуды жоспарламаса және жеңілдікті санаттарға жатпаса, онда бірінші әдісті таңдаған жөн. Бұл бір жылға алдын ала сақтандырылуға мүмкіндік береді. Төлемдер «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ-да 2-3 жұмыс күні ішінде өңделетінін білу маңызды, содан кейін төлеушіге мәртебе беріледі.
- Жұмыс істейді, бірақ емханаға барған кезде сақтандырылған мәртебесі жоқ екенін біледі. Адам екі ай ауруханада болған кезде жарналар бойынша алшақтық пайда болды. Мұндай жағдайда қалай әрекет ету керек?
- Қызметкер бір айдан астам уақыт еңбекке жарамсыз болған кезде, жұмыс беруші әдетте жұмыс күндері болған айда төлемдер жасайды. Еңбекке уақытша жарамсыздықтың келесі кезеңінде қызметкер табыс алмайды, сондықтан салық салынатын базаның болмауына байланысты міндетті төлемдер жүргізілмейді. Осы кезеңде берешек туындауына жол бермеу үшін қызметкер МӘМС жарналарын дербес төлеуші ретінде өзі төлеуі қажет.
- Бір азаматтың ресми жұмысқа орналасқанына 8 ай болған, сақтандырылған мәртебесі жоқ екен. Оған қазір бейінді дәрігердің кеңесі, әрі ем алуы қажет. Ол адамның не істеуі керек?
- Сақтандырылған мәртебесі өткен 12 немесе алдағы 12 ай үшін ай сайынғы төлемдер болған кезде беріледі. Демек, бұл жағдайда сақтандырылған мәртебесін екі жағдайда ала аласыз: 1) өткен 12 айдың ішінде жетіспейтін 4 ай үшін (әрқайсысы үшін 4250 теңгеден) дербес төлеуші ретінде жарналар төлеу қажет; 2) жұмыс берушіден жарналар мен аударымдар түсуін, оның қорытындысы бойынша қатарынан 12 төлем алу үшін 4 айдың өтуін күтіңіз. Қызметкер қазір медициналық көмекке мұқтаж болғандықтан, мәртебе алу үшін бірінші нұсқаны таңдағаны жөн.
- Мұғалім 56 күндік демалысында мәртебесін жоғалтпау үшін мектеп МӘМС төлемін қалай төлеуі керек?
- Ұзақтығы бір немесе бір күнтізбелік айдан асатын ақылы еңбек демалысы кезеңін қамтитын табысты есептеу кезінде аударымдар мен жарналар демалыс күндерінің санына барабар есептелген айлар бойынша бөлініп, демалыс кезеңін қамтитын табыстың біржолғы есептелген сомасынан аударылады. Яғни, егер демалыс бірнеше айды қамтыса, төлемдерді МӘМС-ке тиісінше кезеңдер бойынша бөлу қажет. Мысалы, қызметкер маусымның аяғынан тамыздың басына дейін демалыста болады. Бұл жағдайда бухгалтер төлемдерді бір емес, үш түрлі кезең үшін – маусым, шілде және тамыз айларындағы демалыс күндеріне пропорционалды түрде есептеп, төлеуі керек.
- Науқас төлемдерді тәуелсіз төлеуші ретінде дұрыс төлемесе жетіспейтін соманы қосымша төлеуге бола ма?
- Иә, айырмашылықты екінші деңгейдегі банктердің бөлімшелері, Қазпошта кассасы арқылы төлем жүргізілетін қажетті кезеңді көрсете отырып, қосымша төлеуге болады.
- Егер жеке кәсіпкер азаматтардың жеңілдікті санатына кіретін болса, МӘМС үшін ақы төлеу керек пе?
- МӘМС жарналарын ЖК «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» ҚР Заңдарына сәйкес төлейді (салық есептілігін ұсынуды тоқтата тұрғандарды немесе әрекетсіз деп танылғандарды қоспағанда). Жеке кәсіпкер келесі санаттарға кірсе жарналар мен аударымдарды төлемейді: балалар (18 жасқа дейін); зейнетақы төлемдерін алушылар, оның ішінде ҰОС қатысушылары мен мүгедектері; «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр Ана» атағын алған көп балалы аналар, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталғандар; мүгедектігі бар адамдар; орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары білім беру, сондай-ақ жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша білім алатын азаматтар.
- Жеке азамат өз мәртебесін қалай біліп отыруға болады?
- МӘМС мәртебесін Қордың сайты https://msqory.kz/, Telegram-дағы @Saqtandyrýbot арқылы тексеруге болады. Сондай-ақ, Qoldau 24/7, Damumed, Halyk, BCC.KZ, Kaspi.kz, Freedom SuperApp, Bereke bank. мобильді қосымшалармен қарауға болады. Бұлардан бөлек, egov.kz сайтында «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне медициналық қызметтерді тұтынушы ретінде қатысу туралы және аударымдардың және (немесе) жарналардың аударылған сомалары туралы ақпарат» мемлекеттік қызметі де қолжетімді.
- Уақыт бөліп, маңызды мәліметтер ұсынғаныңызға рахмет!
Сұхбаттасқан Н.Бекмұратова
Пікір: Мұғалімдер 56 күн еңбек демалысына шыққанда МӘМС төленбейтін болса қиын екен
Пікір: Көпшілік жұрттың біліп жүруі қажет жайлар жақсы ашылыпты