Жариялаған: admin | Уақыты: 2025-03-10 15:45:00 | Соңғы рет жаңартылған уақыты: admin on
Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 66
Білім саласының беделін түсіріп жатқан жайттар көп. Сауатты шәкірт тәрбиелеуге деп бөлінген миллиардтар жекенің қалтасын қампайтқаны елдің жағасын ұстатты. Білім сапасының төмендеуіне себеп болып жатқан келеңсіздіктің тағы бірі – жалған дипломмен жұмыс істеп жүрген жалған ұстаздар.
Соңғы бірнеше жылдың өзінде Түркістан облысында көптеген ұстазсымақтардың жалған дипломмен жұмыс істеп келгені анықталды. Неге екені белгісіз, солардың біреуіне немесе жалған диплом берген оқу орнына шара көріліп, лицензиясынан айырып жатқанын естімедік. Шара көру былай тұрсын, дипломы жалған екені анықталып, жұмыстан шығарылғандар араға бірнеше ай салып, тағы бір жалған дипломды ұсынып, жұмысын жалғастыра беретін болған. Шара көрмеудің соңы осындай сорақылықтарға жол ашады. Тіпті, жалған дипломды анықтаған адамның соңына шырақ алып түсіп, қудалауға салатынын естігенде еріксіз жаға ұстайсыз.
Тақырыпқа тұздық ретінде айта кетейік, Сарыағаш ауданындағы Б.Момышұлы атындағы мектептің бұрынғы директоры Жайна Аблаева жазған арызында былай дейді: «Сарыағаш аудандық білім бөліміне қарасты Б.Момышұлы атындағы мектептің бірнеше мұғалімінің білім сапасы күмән тудыруда. Олай деп отырған себебім, Сарыағаш АПБ-нің анықтаушысы Н.Кулбаевтың 12.08.2024 жылғы сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтату туралы қаулысында Б.Момышұлы мектебінің қызметкері Алматы қаласындағы «Орталық Азия университетінен» 15.07.2014 жылғы ЖБ-№0948115 санды бакалавр дәрежелі жалған дипломды ұсынып, қылмыстық теріс қылық жасағандығы анықталғаны жазылған. Сол себепті 19-қыркүйек 2024 жылы азамат «А» өз өтініші бойынша жұмыстан шыққан. Солай бола тұра азамат «А» 20-мамыр 2024 жылғы Жұмабек Тәшенов университетінің күндізгі бөлімінде оқығанын растайтын диплом алып, сол арқылы оны Б.Момышұлы мектебіне 2024 жылы 21-қараша күні директордың м.у.а Қ.Исахов жұмысқа қабылдаған. Азамат «А» Б.Момышұлы мектебінде бірнеше жылдан бері жұмыс істеп жүрсе қалайша Жұмабек Тәшенов университетінде төрт жыл бойы күндізгі бөлімде оқыды?
Сол секілді азамат «Р» да Сарыағаш АПБ-нің сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтату туралы қаулысында Шымкент қаласындағы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінен 20.06.2022 жылы алған жалған дипломды ұсынып, қылмыстық теріс қылық жасағандығы анықталғаны көрсетілген. Осыған байланысты азамат «Р» 10-қазан 2024 жылы өз өтінішімен жұмыстан шыққан. Алайда ол да қазіргі таңда Жұмабек Тәшенов университетінде бес жыл бойы күндізгі бөлімінде оқып алған дипломымен жұмысқа қайта қабылданды.
Мектеп басшылығы конкурсты әділ өткізбеген. Ешқандай аудио, видожазбаларды қолданбаған. Одан бөлек толтырылуы тиіс хаттама да жоқ. Жалған дипломмен жүргендердің кейбірі бүгінде бала күтімімен демалыста жүр. Ең сорақысы, басқа мектептен жалған дипломмен шығарылған азамат екінші дипломмен Б.Момышұлы мектебіне жұмысқа орналасып отыр.
Бұл не масқара? Жалған дипломмен жүргендер балаға қандай сапалы білім мен саналы тәрбие береді? Мен осындай заңсыздықтарды ашқаным үшін белгілі бір топқа ұнамай, қудалауға түстім. Өкініштісі сол, аудандық білім бөлімі мені қолдаудың орнына, өзімді жұмыстан шығарды. Бізде осылай, заңсыздықты жойып, дұрыс жұмыс істегің келсе, құдалауға түсесің».
Бұл Түркістан облысындағы бізге белгілі болған бір ғана мектептегі олқы жағдай. Сорақысы, жалған дипломмен жұмыс атқарғандар әрекеті әшкере болғаннан кейін де ешқандай жауапқа тартылмай, мектептен мектепке ауысып жүре бере ме? Олардың осы кезге дейінгі балаға берген сапасыз білімі мен жалақы есебінде төленген бюджет қаражатының сұрауы кімнен болмақ? Жалған дипломды ксерокөшірме секілді тарататын университеттердің мәселесін кім қарайды? Бұл жөнінде заңымыз не дейді?
«Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары туралы» Заңының 4-бабына сәйкес, білім туралы жалған дипломдарды дайындау және сату фактілерін анықтау әрі жолын кесу бойынша жұмыстар Ішкі істер министрлігінің құзырына жатады. Қылмыстық Кодекстің 385-бабы бойынша жалған құжаттарды жасау әрекетіне 2 000 айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салынады немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, сондай-ақ 600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартылады. Бұл қылмыс үшін 2 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы да қарастырылған. Алайда, әзірге заң талабы қағаз бетінде ғана қалып отырған секілді.
Ұлықбек ҮМБЕТ.