Жариялаған: admin | Уақыты: 2025-04-01 11:45:00 | Соңғы рет жаңартылған уақыты: admin on
Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 280
Еңбек адамы
Қазығұрт ауданының Қарабау
ауылдық әкімшілігіне қарасты Үшбұлақ ауылында тұратын Иса Дадабаев жайлы кезінде БАҚ беттерінде жиі айтылып, көптеген мақала жарияланды. Десе де соңғы кездері көрінбей кеткен сол қарияны іздеушілер табылуда. "Қайда тұрады? Әлі де бау-бақша өсіре ме?" деп сұрайды олар. Жеміс ағаштарын баптауда өзіндік тәжірибесі мол маманнан кеңес алғысы келетіндер көп-ақ.
Има Дадабаев әлі де сол өз ауылында тұрады.
Жасы қазір 78-де. Жоғары білімді маман, кезінде шаруашылықтарда мал дәрігері,
зоотехник болып еңбек еткен. Қазіргі күндері де кезінде өзі құрған шаруа
қожалығының жұмыстарына бас-көз болып, қадағалап жүреді.
Исекеңнің үйіргелік жерінің аумағы шамамен 1 гектарды құрайды. Онда баршаға етене таныс тал-теректермен бірге қылқанжапырақты ағаштардың түр-түрі, тіпті лимон мен анар сияқты тропикалық жеміс ағаштары да өсіп тұр. Үй иелері лимон мен анардан жылына бірнеше жүз кило өнім алады.
Үшбұлақ ауылы тауға жақын орналасқан, өңірдің ауа райы біршама салқын. Мұндай жерде жылу сүйетін тропикалық ағаштардың өсіп, жеміс беруі қиын. Ал Исекең бұл ағаштарды қалай егіп, жетілдірген? «Шаруашылықтарда істеп жүргенде таудағы жайлауларға жиі баратынбыз, – деді Исекең. – Кейде сол жақта қонып та қалатынбыз. Тау іші түнге қарай суық болады. Осылай, жұмыс бабымен жүріп, жас кезімде белімді қатты суықтатып алған едім. 1985 – 1986-жылдары маған Түркіменстанның «Молдақара», сосын Әзірбайжанның «Иіссу» шипажайына барып емделудің сәті түсті. Маған лимон мен анар өсіріп көру туралы ой сол Әзірбайжанда жүргенде келді. «Иіссуға» таяу аумақта көлемі едәуір лимон бағы болатын, бірде соны барып көрдім. Қарауылы біздің Сарыағаш жақтан атамекеніне қоныс аударған әзірбайжан жігіт болып шықты. «Қазағымды көретін күн бар екен-ау!» – деп туған бауырын көргендей қуанып, сосын лимон бағын аралатып, оны қалай егіп, өсіру керегін тәптіштеп түсіндірді.
Мен елге ораларда ол жақтан бес түп лимон көшеті мен анар ағашының көшеттерін алып келіп, лимон көшеттерін кәдімгі алма көшетіндей ектім. Бірақ олар дұрыс жетілмеген соң, оларды кеңірек шұңқырларға отырғызып едім, ірірек өнім бере бастады. Сосын шұңқырды траншея сияқты етіп ұзартып, кеңейттім. Көшеттерді соған арасын біршама ашық қалдырып ектім. Содан бері олардан жыл сайын мол өнім алудамыз. Күн суыта келе траншея бетін «пленкамен» қымтап жауып қоямыз, күн жылынғасын бетін ашып тастаймыз. Олар басқадай ерекше күтімді қажет етпейді. Ал анар көшетін үйдің желден пана, ық жағына, күн көзі еркін түсетін аумаққа, түбіне едәуір топырақ үйіп отырғызғанмын. Бүгінде одан да жақсы өнім алудамыз».
Исекеңнің лимон мен анар ағаштарын өсіріп келе жатқанына биыл қырық жылды шамалап отыр екен. «Піскенін піскенінше жинап аламыз.. Былтыр лимонның килосын 1200 теңгеден саттық. Ағаштардың біреуі жемісті ірі етіп салады, жемісінің жарты кило, одан да көп салмақ тартатындары бар. Олардың бір данасын 500 теңгеден сатудамыз», – дейді Исекеңнің зайыбы Гүлзинат апа.
Бұл кісілер кезінде бірнеше ондаған түп «қортық алма» ағаштарын да еккен екен. Өнім молынан түскен жылдары 8 тоннаға дейін алма сатқандарын айтады. Алманы ауылдастары ғана емес, көрші аудан, облыстардан, тіпті Өзбекстаннан, Ресейден де адамдар келіп сатып алып отырыпты. Сондай-ақ, олардың осы үйіргелік жеріне жылына екі қайтарадан егіп, картоптан да 4 тоннаға дейін өнім алған кездері болыпты. Алайда күтіп-баптап, теріп, сақтауға қол күші жетіспегендіктен кейін алма мен картоп бизнесі тоқтаған. Бүгінде Исекеңнің шаруашылығы тек сүт өткізумен ғана айналысады. Қолдарында 15 шақты сиыр бар, соларды сауады, көрші-қолаңнан, жақын ауылдардан жинайды, сөйтіп жүздеген тонна сүтті «Фуд-Мастер» компаниясына өткізеді.
Исекеңнің үлкен бір арманы – жергілікті сиыр түлігін асылдандыру. Өйткені олар бүгінде өнімді аз береді. Ал сүтті сиыр шаруашылығын жолға қойған елдерде жеке шаруалар жылына 10 тонна, одан да көп өнім беретін асыл тұқымды сиырлар ұстайды. Тек сүт өндірумен ғана айналысатын миллионер фермерлер бар. «Басшылар дұрыс жолға қойып, тиісті көмек көрсетіп отырса, ондай табысты фермер бізден де шығар еді. Менің осы мәселені көтеріп келе жатқаныма бірнеше жылдың жүзі болды. Өкініштісі, ол әзірге тек арман болып қана қалып отыр», – дейді Иса қария.
Иә, Исекең сияқты қолынан іс келетін еңбекқор да іскер адамға қажет мүмкіндіктер туғызып отырса, біздегі ауыл шаруашылығының гүлденіп, дами түсері де рас-ау.
Д. НҰРПЕЙІС.