Топырақты байытатын тың тәсіл

Агрокешен

Жариялаған: admin | Уақыты: 2025-03-31 12:20:00 |

Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 409


Топырақты байытатын тың тәсіл

 

   Көктемнің келуімен маусымдық дала жұмыстары қызады. Осы орайда жұртшылықты өңірдің бірқатар шаруашылықтарында қолға алынған топырақ тыңайтудың тың тәсілінен құлағдар етуді ұйғардық.

Бұл тәсіл «көміртегі шаруашылығы» деп аталады. Түркістан облысының Төлеби ауданындағы «Өгем» қоғамдық бірлестігі қазіргі күндері осындай шаруашылық құрып, жұмыстың мән-жайымен көпшілікті таныстырумен айналысуда. «Бүгінде жаһандық жылыну салдарынан климатқа зиянды өзгерістер орын алып отырғаны белгілі. Ол ауаға көміртегінің көп бөлінуінен болады. Сондықтан да ғалымдар экологияны барынша қорғаудың тың әдістерін ойлап табуда. «Көміртегі шаруашылығы» деген – осындай әдістің бірі. Ең бастысы, ол көміртегінің ауадағы көлемін азайтып, оның топырақ құрамындағы деңгейін арттырады, топырақтың құнарлығын күшейтуге көмектеседі», – дейді аталған бірлестік төрағасы Әлихан Әбдешев.

Топырақ құнарының негізгі кепілі ретінде органикалық көміртегі оның қарашірік қабатында, органикалық қалдық-шірінділерде, өсімдік тамырларында болады. Ал «көміртегі шаруашылығын» қолданудың арқасында топырақтың бүлініп-әлсіреуінің, эрозияға ұшырауының алдын алуға болады. Өсімдіктердегі зат алмасуы кезінде көміртегінің көп жоғалуына кедергі болуда да аталған тәсілдің жәрдемі зор. Яғни ол топырақтағы көміртегі тепе-теңдігін сақтауға көмектеседі. Топырақты қорғайтын, оны органикалық заттармен байытатын жағдайлар жасалады. Топырақ құрамында көміртегі жиылуына пайдасын тигізетін дақылдар егуге, органикалық тыңайтқыштар енгізуге басымдық беріледі. Осының бәрі жиылып келгенде ауаға көміртегінің тым көп бөлінбеуіне, жердің құнары артуына, оны эрозиядан сақтауға, сондай-ақ алынатын өнімнің мөлшерін арттыруға, сол өнімдердің экологиялық жағынан таза болуына септігін тигізеді.

Бүгінде жұртшылыққа ауыл шаруашылығын жүргізудегі осындай технологиялардың пайдасын түсіндіру маңызды. Осы орайда Еуроодақ құрамындағы Чехияның «Carboneg.eu» компаниясы көптеген жұмыстар атқаруда. Ол Түркістан облысындағы бірқатар шаруашылықтармен байланыс орнатқан. Бұл компания ауыл шаруашылығына регенеративті тәсілдерді ендіру және осы тәсілді насихаттау бойынша алдыңғы қатарлы компания болып табылады. «Регенеративті тәсіл» дегеніміз – қалпына келтіру тәсілі. Яғни ол топырақ құрамын сауықтыруға, климатты жақсартуға үлес қосуға бағытталған. Арнайы жоба әр елдердегі фермерлерге қолдау көрсетіп отырады. Топырақ құрамын зерттеп, ауаны тазартуға қосқан үлесін есептеп, соған сай сыйақылар беру арқылы жұртты ынталандырады. Регенеративті ауыл шаруашылығын қабылдап, оны тәжірибеге енгізгені үшін шаруа қожалықтарына тиесілі сыйақы төленеді. Топырақ құрамында көміртегі неғұрлым көп болса, сыйақы мөлшері де соғұрлым арта түспек.

 «Карбондық жер игеруді Төлеби, Түлкібас, Қазығұрт аудандарындағы бірқатар шаруашылықтар қолға алды. Әзірге ешкім де бұл істен нақты табыс көре қойған жоқ. Тек зертхана және біздің «Өгем» бірлестігі бірінші траншқа ие болдық. «Carboneg.eu» компаниясы бес шаруа қожалығын қаржыландырды. Енді жыл соңында жердің құнарын тексергеннен кейін тиісті қаржы бөлінеді деген үміт бар. Атқарылған жұмыстардың нәтижесі топырақ құрамындағы көміртегіні қаншалықты арттырғаны тексеріліп, есептелгесін қаржы 1 тоннаға 8 евро мөлшерінде бөлінетін болады», – дейді Ә.Әбдешев.

Бүгінде топырақты карбондық өңдеу, яғни оның құрамындағы органикалық көміртегі тепе-теңдігін қалпына келтіру тәсіліне жүгініп жатқан елдер көп. Себебі жыл сайын көбейіп келе жатқан халықты асырау үшін ауыл шаруашылығы өнімдері көп керек. Ал өнімді молынан ала түсу үшін адамдардың жаңа жерлерді игеріп, топыраққа түрлі тыңайтқыштар ендіретіні мәлім. Жерге химиялық және механикалық шамадан тыс әсер етудің зияны тиіп жатыр. Оның үстіне егілген дақылдар топырақтың құрамын әлсіздендіреді, орнына ештеңе бермейді. Ақырында топырақ бірте-бірте ескіреді, құрамы бұзылады, эрозияға ұшырайды, өнімді аз беретін болады, тіпті өнім беруге шамасы келмей де қалады.

          О. ТҰРАР.

 


Пікір қалдырыңыз: