Жариялаған: admin | Уақыты: 2025-04-06 17:45:00 |
Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 237
Тіл мәселесінде байыпты болайық
«Магнум» сауда желісінің бір бөлімінде тілге байланысты орын алған жай бүгінде әлеуметтік желіде кеңінен талқыланып жатыр. Қазақ қазаққа қазақша сөйле дегені үшін жазықты болып, жұмыстан қуылған. Өз тілінен өзге тілді артық көрген бір қандасымыз оның үстінен басшыларына шағымданыпты. Жұрт осыған ашулы. Біз де осы бір қолайсыз жайға орай біраз ой білдірсек деп едік.
Негізі тіл мәселесі – аса ұқыптылықты, ұстамдылықты, сақ әрекет жасауды қажет ететін өте күрделі мәселе. Осыған әрбір қазақ жоғары жауапкершілікпен қараса екен дейміз. Өйткені тілге қатысты даудың соңы жанжалға, қақтығысқа ұласып кететін кездері болады. Мұндайды ниеті бұзық біреулер әдейі ушықтырып жіберуі де мүмкін. Ал оған жол бермес үшін тіл саясаты өте мұқият жүргізілуі керек. Ең бастысы, әрбір қазақ өз ана тілін құрметтей білуі, оның мәртебесін жоғары ұстауы тиіс. Жалпы, үлкен-кіші барлығымыз да халқымыздың басынан өткерген тарихын біле жүргеніміз жөн. Осыны өз ұлтына жаны ашитын әрбір қазақ баласы біліп жүрсе, соған сай әрекет етсе тілге байланысты мұндай өзара айтыс-тартыстың жолы кесілер еді.
Тіл дегеніміз – ұлттың тарихы, тұрмысы, сыры, мінезі, оның өзіндік болмысы, рухы. Тілі болмаса, ұлт жойылады. Әлемде өз тілінен айырылып, өзгеге сіңіп кеткен ұлттар қаншама. Ана тілін мемлекеттік тіл етпек түгілі, оны аман сақтап қалудың өзін уайымдап жүрген ұлттар бар. Сондықтан тіліміздің сақталуына, өркендеуіне әрқайсымыз шама-шарқымызша үлес қосуымыз керек. Ал бұл аса қиын шаруа емес: өз тіліңде сөйле, соның өзі-ақ жетіп жатыр.
Ойланып көріңізші, сонау 1960-жылдары елімізде қандастарымыз жалпы тұрғын халықтың 30 пайызын ғана құраған ғой. Яғни әрбір үш-төрт адамның біреуі ғана қазақ болыпты. Осы аз ғана қазақтың ішінде өз тілінде сөйлей алмайтындары да көп болған. Тіліміз жойылып кете жаздаған. Ал қазір жағдай мүлде басқаша, ел халқының 70 пайыздан астамын өз қандастарымыз құрайды. Ендеше тіліміз туралы бәріміз де толғана жүрейік. Сауатты сөйлеуді, әсіресе әлеуметтік желілерде қатесіз жазуды бұлжымас әдетке айналдырайық, тіл байлығын, сөйлеу мәдениетін ұштайық. Көше атауларынан, көрнекі құралдардан қате көрсек, оны түзетуге атсалысайық. Сөзді бұзып, қысқартып, шұбарлап сөйлеуге шама-шарқымызша тосқауыл қояйық. Бәріміз таза қазақша сөйлесек, ана тілін білмейтін қандастарымыз да, өзге ұлт өкілдері де ойланады, қазақша сөйлеуге тырысатын болады.
Біле білсеңіз, қазақ тілі байлығы, сұлулығы жөнінен әлемдегі озық тілдердің қатарында тұр. Ресми деректерге қарағанда, әдеби тіліміздің өзінде 180 мыңға жуық сөз бар. Тіліміз бүкіл түркі халықтары тілдерінің ішінде байлығы бойынша бірінші орында.
Тағы бір қызық дерек айтайық: қазақ тілі ғарышқа ең алғашқы болып сапар шеккен тіл болып табылады. Кезінде «Байқоңырдан» ұшырылған зымырандарда бір арнайы пакеттерде «Жолдастар! Мына пакетті кім тапса, жақын төңіректегі жергілікті советке хабарлассын» деген жазулар болыпты. Ғарышкерлер Жерге оралған кездегі олар отырған арнайы парашютті капсула да ұланғайыр Қазақ даласына келіп қонатын болған. Сол кезде қандай да бір себеппен далаға түскен әлгі пакетті шопандар ма, көлік жүргізушілері ме тауып, тиісті орынға апарып береді екен. Ол пакет жерге оралған ғарышкерлерді дер кезінде іздеп табуға тиімді қызмет ететін болған.
Ғарышта бертінде қазақтың сөзі, әні де айтылды. 1994-жылы ғарышкер Талғат Мұсабаевтың жерге «Әлем» орбиталық ғарыш кешенінен сәлем жолдап, Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін орындағаны естеріңізде болар?
Қазақ тілінің байлығы, сұлулығы, мүмкіндігі туралы осындай мысалдарды мыңдап келтіре беруге болады. Біз әрқайсымыз өз үйімізде соның бір мысқалдайын болса да айтып, отбасы мүшелеріне ескертіп жүрсек те жаман болмаймыз. Әсіресе жастар ұлт тарихын, тіл қадірін, оның қажеттілігін біліп өсуі керек. Сонда қазақ қазақпен өз жерінде өзге тілде айтысып, жағаласып жатпайтын болады деп ойлаймыз.
Әрбір қазақ баласы өзінің жаңғырығы ғарышқа дейін жеткен бай да сұлу Ана тілін құрметтей білсін!
О. ТҰРАР.