Жариялаған: admin | Уақыты: 2025-04-07 10:45:00 |
Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 235
Оңтүстік өңірінде көктем күшіне мініп, табиғат-ана адам баласына өз сыйлықтарын ұсынып жатыр. Қазір қозықұйрықтың маусымы қызуда. Бүгінде бұл табиғи азық түрі Шымкенттегі базарлар мен дүкендерден, көшедегі сауда нүктелерінен көптеп көзге шалынады.
1 келісі – 1700 теңге
Бізге кешегі жексенбіде қаланың Ташкент бағытына шыға беріс аумағындағы аяқжол бойында қозықұйрық сатып тұрған бозбаламен сұхбаттас болудың сәті түсті. Нұрислам Құттыбек есімді бұл азамат (суретте) Қазығұрт ауданындағы Еңбекші ауылының тұрғыны екен. Сатып тұрғаны – даланың ақ қозықұйрығы. Келісіне «1700 теңгеден» деген баға қойып, кемінде 1600 теңгеден сатып тұр. Бірнеше пакетке бөліп салынған, шамамен 15 келідей қозықұйрықты сол маңнан ары-бері өтіп жатқан қала тұрғындары аз ғана уақыттың ішінде-ақ сатып алып кеткеніне куә болдық.
Өткен жылы бұл уақытта қозықұйрықтың 1 келісі 700-800 теңге шамасында болғаны еске түсті. Ал биыл ол неге екі есе қымбат болып тұр? «Қозықұйрық күн жылы, жаңбырлы кезде көп шығады, – деді Нұрислам біздің сауалымызға орай. – Ол күннің алғашқы күркіреуінен кейін бой көрсете бастайды. Биыл қозықұйрық кешірек шықты. Оның үстіне әзірге жаңбыр сиректеу болып тұр. Жаңбыр жиілесе шөп қаулайды, қозықұйрық та көбейеді. Енді бірер күнде Шымкентке Жамбыл облысынан, Тараз төңірегінен, Мойынқұмнан қозықұйрық жеткізетіндердің саны артады, өнім көбейгесін бағасы да төмендей бастайды».
Нұрисламның айтуынша, бүгінде Шымкентте сатылып жатқаны негізінен ақ қозықұйрықтар екен. Жұрт дәмді деп бағалайтын «көкаяқ» қазан болған, яғни оның маусымы өтіп кетті. Ал ақ қозықұйрық Шымкентке Түркістан облысы Бәйдібек ауданының Ақтас өңірінен, Қазығұрт, Сарыағаш сияқты күнгей беттегі аудандардан жеткізілуде. Бағасы әрқалай – 1500 – 1800 теңгенің аралығында. Бүгінде Шымкенттегі сауда нүктелерінен қозықұйрықтың қозықарын, жыланбас сияқты түрлері кезіге қоймайды. Банкаға жабатын дәмділеу әрі қымбаттау шампиньон саудаға енді шыға бастайтын сияқты.
1 күнде 1700 келі сатыпты
«Біздің қозықұйрық саудасына кіріскенімізге үш аптаның шамасы болды. Туысқан ағаммен бірге істеп жүрмін. Жұрттан көтере бағасына алып, сатамыз. Алғашында күніне 100 келіден алып жүрген едік, бүгінде 1 тоннаға дейін алудамыз. Қазір нағыз науқан кезі ғой, арасында бірден 500, 700 келіге дейін өткізетіндер де болады. Бүгін жеке сатуға шыққан едім, әп-сәтте 50 келідей сатып үлгердім», – дейді Нұрислам.
Ебін тапқан адам бір күнде бірнеше жүздеген келі қозықұйрықты оңай сата алатын сияқты. Нұрисламның: «Былтыр Жамбыл облысынан «Газельмен» әкеліп, бір күнде 1 тонна 700 келі қозықұйрық сатқан кезіміз болды», – деген сөзінен кейін іштей осындай ойға келдік. Әрине, бәрі де адамның пысықтығы мен ептілігіне, тиімді жол таба білуіне байланысты ғой. «Ебін тапқан – екі асайды» демекші, Нұрислам туысқан ағасы екеуі сол күні 1 миллион 335 мың теңге таза пайда тапқан екен.
Ауыр салмақтылары да болады
Нұрислам пұлдап тұрған қозықұйрықтар тым ірі емес, салмағы 50 – 80, 100 – 200 грамм шамасындағы орташа өнімдер. Үлкен дегендерінің өзі жұдырықтай ғана. Дегенмен өнім танитындардың қолға ұстап, желбезегін түртіп тексеріп, иіскеп көріп алып жатқанына қарағанда, ол шынында да балғын, сапасы жақсы. «Тасты, құмдауыт жерде өсетіндерінде аздап құм, қиыршық тас болады. Сол үшін қозықұйрықты жақсылап жуып, бір қайнатып алу керек. Сонда оның құрамындағы құм мен тас сүзіліп суға тұнады. Мына қозықұйрықтарда тас жоқ, таза. Еті де тығыз, қуырғанда кейбір қозықұйрықтар сияқты кішірейіп, бүрісіп қалмайды», – дейді Н.Құттыбек.
Жалпы, ақ қозықұйрықтың арасында салмағы 1 келі тартатын, тіпті одан да артатындары болады екен. «Қозықұйрықтың бұдан бірнеше есе ірі, салмақтылары да болады. Әзірге өз басым кезіктірген жоқпын, бірақ естідім. Былтыр қазығұрттық жолдас жігіттер айтқан: Қазығұрт ауданындағы бір ауылдың тұрғындары даладан 4 дана қозықұйрық тауып алған екен. Солардың біреуінің салмағы таза 7 келі тартыпты. Бұдан да ауырлары болады екен», – дейді Нұрислам.
Нұрислам бізге «Қазығұрт ауданында түсірілген екен» деп бірер видеолар көрсетті. Сенуге болатын сияқты. Өйткені осыдан бірер жыл бұрын Солтүстік Қазақстан облысында бір азаматтың 7 келілік қозықұйрық кезіктіргені, Жамбыл облысы жақта тағы бір адамның салмағы 17 келі тартатын қозықұйрық тауып алғаны туралы ақпарат құралдарынан оқығанымыз да еске түсті. Топырағы құнарлы, минералға бай, көзден тасалау жерде өскен қозықұйрық өзгелерінен әлдеқайда ірі боп жетілетін сияқты.
«Бір қызығы сол, қозықұйрық күн күркірегенде бой көтереді. Жамбыл облысы жақта осыдан бірер жыл бұрын оқ-дәрі жарылыстары болғанын білесіз ғой. Мүмкін сол әсер еткен шығар, бәлкім топырағында қажетті заттар көп шығар, ол жақтың қозықұйрықтары біршама ірілеу келеді», – дейді кейіпкеріміз.
Бір жыл сақтауға болады
Қозықұйрық бизнесімен айналысатындардан бұдан өзге де көптеген қызықтар мен пайдалы мағлұматтар естуге болады. Мысалы, бүгінде қозықұйрықты қолдан өсіретіндер де бар. Қалада ғана емес, ауылды жерлерде де белгілі бір қора-жайға жағдайын жасап қойып өсіруге әбден болады. Құнар алатын ортасын жақсылап әзірлесе, сосын уақыты келгенде электр зарядымен «күн күркіретсе», қозықұйрық пісе бастайды. Осындай тәсілмен өсірілген қозықұйрықты бүгінде барлық дерлік сауда нүктелерінен қысы-жазы табуға болады. Мұндай қозықұйрықтар сапасы мен дәмі жағынан дала төсінде табиғи жағдайда өскен қозықұйрықтан төмен жүреді. Дегенмен қозықұйрық танитын талғампаз жандар болмаса, көпшілік жұрт оларды аса ажырата бермейді. Әрине, арзанырағын алуға тырысатыны мәлім. Ал сапалы, құнарлы, сіңімді болуы үшін қай азықтың да табиғи болғаны жақсы. Табиғи жағдайда өскен қозықұйрықтың бойында ағзаға пайдалы ақуыз, микроэлементтері, минералдары жеткілікті болады. Мамандардың дәлелдеуінше, ол тіпті еттің калориясымен пара-пар қуат беретін азықтық құндылыққа ие. Ал мұндай қозықұйрықты келесі жылдың өніміне жеткенше мұқият сақтап қоюға да болады екен. «Тазалап жуып, сосын мұздатқышқа салып қойсаңыз, ол сол қалпында тұра береді. Қасиетін жоймайды. Қалаған уақытта алып, қуырып жей беруге әбден болады. Осындай қасиетін жақсы білетіндер оны келесі жылдың өнімі пайда болғанша сақтап, пайдалана береді», – дейді Нұрислам бұл жайында.
Біз бұдан кейін көпшілік жұрт жиі баратын Қырғы базар маңын да бір шолып қайттық. Базардың ішінде, Төле би, Т.Әлімқұлов көшелерінде де ақ қозықұйрықтар сатылып жатты. Бағалары 1500 – 1800 теңге аралығында. Ондағы сатушылардың да сөздеріне қарағанда, енді бірер күнде қозықұйрық көбейіп, бағасы біршама арзандай түсетін сияқты.
Мүмкіндік болып жатса, қозықұйрық алып, қуырып жеген де көктемнің бір мерекесі іспеттес. Екінші жағынан ол ағзаны қажетті ақуыз, минералдармен қамтамасыз етеді.
Д. НҰРПЕЙІС.