Жариялаған: admin | Уақыты: 2025-04-05 17:25:00 |
Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 260
Жақында әлеуметтік желі қолданушы Тәуірбек Бозекенов деген азамат «Балаға «әпшу берші?» деу педофилияға жата ма?» деп мәселе көтерді. Расында да ойландыратын мәселе. Қазақы тәрибенің уызына жарығандар жөн-жоралғы, ырым-тиымдардың мәнісін жақсы түсінеді. Дінтанушылар да қазақтың көп салт-дәстүрі діни жөн-жоралғымен үндесетінін, негіз алатынын жоққа шығармайды. Ата-бабаларымыз, апа-әжелеріміз тұрмыстағы көп тыйымды еріккеннің ермегі үшін әдетке айналдырмаған. Негізінде діни наным-сенім барын дәлелдейді. Десе де дәстүрге қарсы шығушылар да аз емес.
Тілге тиек болып отырған жазбаға қайта оралсақ. «Кеше қызық болды. Есік алдында темекінің түтінін будақтатып, кейде ауладағылармен әңгімелесіп отыратын екі ақсақал бар. Ауылдың сүйкімді шалдары ғой, кейін ұл-қыздары қалаға көшіріп әкелген. Солардың бірі басынан өткен оқиғасын айтып берді: Өткенде немеремдей балаға «Әпшу берші!» деп айтып, бәлеге қалдым. Балақай жүгіріп барып шешесіне шағымданды. Ол келіп «Почему вы спрашиваете половой орган?», - деп бажақтады. Айтпағанды айтты. Соттатамын деді. Әйел адам болғасын үндемедім. Тіпті, не дерімді білмей қалдым. «Ей, сотқа бермес бұрын, күйеуіңді шақыр!», - дедім. Сосын әкесі келіп, «Аға, баламнан неге әпшу сұрайсыз?», - деп жай ғана айта бастағанда, ашуланып кетіп, «Маған балаңның емес, сенің әпшуің керек. Әкел бері?!»,-деп қолымдағы таяғыммен салып жіберім».
Аталардың кішкентай балаға «әшубай берші» деп, балақайдың өзіне де тарттырып, өзі де тартып «әпшу! Ащы екен...тәтті екен» деп ырымын істеп жатуын бала күнде расымен жиі көріп өстік қой. Ал оның мәнісі неде? Болмайтынды ермек ететін қазақ емеспіз. Бұл әрекеттің астарында бір пәлсапа жатқаны анық. Ол не? Білетініміз, баланың «алтын шүмегіне» екі желеу, бір сылтаумен массаж жасау. Терісін тартқылау. Мұны дәрігерлер де құптайды. Сүндетке отырғызардың алдында баланың мүшесін осылай дайындау керектігін айтатын хирургтер көп.
Қазіргі аталар олай ете бермейді. Оны жоғарыдағы жазбада келтірілгендей жақтырмайтын келіндер көп. Солай екен деп пайдасы бар істен неге тыйылу керекпіз? Бәлкім дұрысын түсіндіре алмай жүрген шығармыз...
Дінтанушылар не дейді?
Журналист-теолог, исламтанушы, Дінтану ғылымының магистрі Салтан Сайранұлы былай дейді: «қазақ «әпшу берші» деп әлі сүндеттелмеген 1 мен 4 жас аралығындағы баладан сұрайды. Бұл уақытта бала әлі сүндеттелмегендіктен, кіші дәретке отырған сайын шүмегінің ұшында, яғни, кесіліп тасталуы тиіс артық еттің арасында зәр қалады. Ол зәр тазаланып тұрмаса, инфекциялық ауруларға душар етеді. Осыны түсінген қазақ «әпшу берші» деген сылтаумен баланың шүмегіндегі зәрді сығып тастаған. Біріншіден, инфекциялық аурудың алдын алса, екіншіден, зәр іш киімге тиіп, былғамас үшін осылай тазалап отырған. Яғни, гигиеналық жағын да ойлаған. Үшіншіден, бала сүндеттелгенше шүмектің басын уқалап, тартып, созып, сүндеттеу рәсіміне дайындаған. Міне, бір-ақ әрекетпен қазақ бірнеше дүниенің алдын алған. Сондықтан да немерелері кіші дәретке отырып болғанда шалбарын көтерместен бұрын аталар «әпшу берші» деп сұрап, шүмегінің ұшын тартып, «ащы екен ғой» деп өтірік болсын бір жақсылап түшкіріп жатады. Баланы қызықтыру арқылы келесіде «әпшу берем» деп өзі жүгіріп келетіндейге әдеттендіру. Қазақтың бұл әдеттері мен әрекеттері сүндеттің айналасынан тамыр алады.
Австралиялық ғалымдар қызық жаңалық ашты. ВИЧ инфекциясының таралу жолын жіті зерттеген олар «сүндеттеу» – СПИД ауруына қарсы күресудің және алдын алудың тиімді тәсілі» деп қорытынды шығарған. Ер адамның жыныс мүшесіндегі артық ет – дертке тез шалдығатын және түрлі зиянды вирустар үйірсек келетін бөлік екеніне көз жеткізген. Ғалымдар артық еттен тезірек арылуға кеңес береді. Статистика бойынша, СПИД ауруын жұқтырғандардың көбі сүндеттелмегендер. Олар инфекциялық ауруларға да жиі шалдығатыны дәлелденген. Қазір АҚШ-та «сүндеттеу операциясы» кеңінен етек жайып келеді. Америкада статистика бойынша, жаңа туған балалардың 80 пайызы сүндеттеледі екен. Ал Израильде бұл көрсеткіш 98 пайызға жетіп отыр.
Тазалық мәселесіне келер болсақ, бірде Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) сахабаларымен қабірдің жанынан өтіп бара жатып, екі қабірді нұсқап: «Бұл екеуі азапталуда, бірақ, үлкен күнә істегендері үшін азапталып жатқан жоқ. Олардың бірі зәрінен тазармайтын еді (яғни, зәр шығарғаннан соң өзінің киіміне, денесіне немесе таза жерлерге тиуіне көңіл бөлмейтін еді), ал, екіншісі сөз таситын еді», – деген (Бухари, Муслим риуаяты). Осыны қатаң ескерген қазақ баланың да зәріне сақтық танытып, кішкентайынан тазалығына көңіл бөлген. Сол себепті, «әпшу берші» деу тек атаның сұрайтын дүниесі емес, атасы мен енесінен бөлек тұратын ерлі-зайыптылардың да әдетке айналдыратын әрекеті болуы керек.
Осыдан соң Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының «дін де, ғылым да, әулиелік те қазақтың сөзінде жатыр» дегеніне бас шайқаудан басқа ештеңе қалмады. Қазақтың сөзінде де, ишарат еткен әр әрекетінде де ғылым жатқанына дау айта алатын біреу бар ма?», - дейді Салтан Сайранұлы.
«Әпшу сұрау керек»
Белгілі қолөнер шебері, биші, актриса Гүлшарат Жұбаева да осындай пікірде. Ол инстаграмдағы парақшасында былай дейді: Үлкен ұлым кішкентай кезінде водянка (су жиналу) болып уролог дәрігерге қаралғанбыз, сол кезде дәрігер балаға кішкентай кезінде «Әпшу бер» деген дәстүрді жасау пайдалы және қажет екенін атап өткен еді. Енді міне кішкентай ұлымыз өсіп келеді, бұл дәстүрді жалғастырып жатқан жайымыз бар. «Әпшу берші» – дегеннің мәніне үңіле қоймайды екенбіз. Оның мәні терең екен».
Гүлшарат Жұбаеваның бұл жазбасына желі қолданушылар түрлі пікір қалдыруда. Солардың бірі «Менің жолдасым дәрігер. Ұлымыз туылғаннан 3 жасқа дейін өзі массаж жасап уқалап, арасында тұз сияқты әппақ бірдеңелерін тазалап отыратын. Сүндеттегенде балам ешқандай да қиналмады. Ауырсынуды сезініп, жыламады да. Тез жазылып кетті. Сол кезде жолдасым айтып еді, «үлкендер ауылда «әпшу сұрағанда» осыны біліп сұрайтын» деп. Өзім сонда таңқалғанмын. Аталарымыз қалай осының бәрін білген деп» дейді.
«Балаға жақындауға болмайды...»
«Әпшу сұрау» ырымының мәнісін түсіндіруге негізделген мұндай пікірлер өте көп. Бірақ, мұны мойындамайтын, «бұл дұрыс емес» дейтіндер де бар. Бала тәрбиесінде психологтардың, түрлі коуш мамандардың белсенділігі артып отырған бүгінгідей қоғамда «Әпшу сұраушыларға» қарсы шығатындардың табылуы да таңсық емес. Оларға да құлақ асуға болады. Мысалы, балалар психологы Бота Ибраеваның айтуынша, балаға 2 метрден артық жақындауға болмайды. «Ата-аналардың көбі баласының «жеке шекарасына» көңіл бөлмейді» деген ол қазақы тәрбиедегі ата-аналарда бұл жиі кездесетінін айтады. «Қазақтарда баланың бетінен шымшып, сүйіп, тіпті ұл баладан «әпшу бер» деп сұрап жатады. Өз басым бұны құптамаймын. Мысалы, бөтен біреу «әпшу» сұраса, бала шынайы қауіпті ойын деп қабылдауы мүмкін. Жақында бір мектепте өткен тренингке қатысқан оқушы «Маған үйге келген туыстарым мен қонақтардың бетімнен сүйіп, айналып-толғанғаны ұнамайды. Соны айтсам, анам «ұят болады, мінез көрсеттің деп ұрсады» деді. Бұл мінез көрсету емес, өзінің жеке шекарасын қорғау дер едім. Бала – ол тұлға, оның да жеке шекарасы бар. Ересектер оны қабылдап, санасуға тиіс. Ересектер мінез көрсетуге болмайды деп айтады. Ересек адамның беделі қосылады. Бір күні қауіпті адамға тап болса, мінез көрсетуге болмайды деген түйсік пайда болуы мүмкін», – дейді Бота Ибраева.
Психологтың бұл ойын түбегейлі дұрыс емес деуден аулақпыз. Тынышы кеткен, қауіпсіздік шаралары қатаң сақтала бермейтін бүгінгі қоғамда балаға жасалып жатқан шабуыл барын мойындаймыз. Әсіресе, жақында ғана елді дүр сілкіндірген Астанадағы лифтте болған жағдай. «Біздің елде педофилия жоқ» деуден де аулақпыз. Кімнің кім екенін тап басып білмейтін қоғамда өмір сүрудеміз. Бейтаныс адамға жоламау керектігін балаға ұдайы айтып отыратынымыз да содан.
Психолог мамандар көзге көрінбейтін жеке шекараны әр тұлға (әр бала) әртүрлі қабылдайтынын да жасырмайды. Сол себептен де олармен өз түсінік-пайымы тұрғысынан санасу, сөйлесу керек. «Адамның интимді және интимді емес жерлері болады. Оған тиісуге ешкімнің де хақысы жоқ деп үйретеміз. Мәселен, баланы дәрігерге әкелгенде оны тыңдау үшін жейдесін көтеріп немесе шешіндіре бастайды. Дәрігерлер баладан «ұстасам немесе киіміңді шешсем бола ма?» деп рұқсат сұрамайды. Жалпы баланың қауіпсіздігі туралы курсты ата-ана, ұстаздармен бірге дәрігерлерге де өту керек. Қоғам баланың жеке шекарасы қалай қалыптасатынын білуге тиіс және оны бұзбауы керек» дейді маман. Мұны қалай дұрыс емес дей аласыз? Орынды уәж.
Расында да дәрігерге алғаш барып тұрған бала мұндай көріністен психологиялық «соққы» алуы мүмкін. Әсіресе, бұл қыз балаларында жиі кездесетін жағдай. Дәрігерлер үшін күнделікті қызмет бабында үйреншікті әдетке айналған әрекет бала үшін үлкен соққы. Содан да болса керек, бозбала мен бойжеткендер арасында ерте жастан урологиялық, гинекологиялық ауруларды анықтап, емделуге деген құлық болмайды. Ержеткен соң да бала күнгі дәрігерге барғандағы алғашқы «соққыдан» айыға алмаушылар аз емес.
Әрине, бұл алдағы кездің бөлек әңгімесі, тақырыбы бола жатар. Әзірге, айтпағымыз «әпшу берші» дегенге сіз қалай қарайсыз? Сонымен бұл дұрыс па, бұрыс па? Ортаға салып, ойласа отырайық, оқырман!
Сая Жұмағұлова