Жариялаған: admin | Уақыты: 4202-02-10 14:30:00 | Соңғы рет жаңартылған уақыты: admin on
Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 208
Бұл жайлы Мемлекет басшысы ғалымдарды марапаттау рәсімінде айтты.
Aqorda таратқан ресми ақпаратта Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ғылым күні қарсаңында ғалымдармен кездесіп, кәсіби мерекесімен құттықтады. Қасым-Жомарт Тоқаев ғылымның әр саласында табысты еңбек етіп, мемлекетімізді өркендетуге атсалысып жүрген азаматтарға ризашылығын білдірді.
– Ғылым жолы – күрделі жол. Өз ісіне адал, табанды, еңбекқор, жаңашыл әрі жасампаз адамдар ғана ғылым жолындағы қиындыққа төзе алады. Біз шын мәнінде озық ойлы ұлт боламыз десек, қоғамда осы қасиеттерді дәріптеп, орнықтыруымыз қажет. Ұлы Абай да өз заманында «Ғылым таппай мақтанба» деп өсиет қалдырды. Қазір технология қарқынды дамыған кезеңде біз үздіксіз ізденіске, терең білім мен ғылымға ерекше мән беруіміз керек. Мен Бурабайда өткен Ұлттық құрылтай кезінде арнайы осы мәселеге тоқталдым. Бұл ретте, ғылыми қауымдастыққа айрықша жауапкершілік жүктеледі. Өйткені, ғалым – ұлттың шамшырағы, – деді Мемлекет басшысы.
Жиын соңында Президент бір топ ғалымды мемлекеттік наградамен марапаттады
Іс-шарада «Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері» атағы тұңғыш рет тапсырылды. Сондай-ақ бір топ жас ғалымға баспана кілті берілді.
Салтанатты рәсімде Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының академиктері Жұмабай Бәкенов пен Сұраған Дүрбітхан, Өсімдіктер биологиясы және биотехнологиясы институтының кіші ғылыми қызметкері Анастасия Капытина сөз сөйледі.
Басқосуда Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ғылымға баса мән берілмегені, көптеген ғалымның басқа салаға ауысып кеткені жайында айтылды
Соның салдарынан Қазақстандағы ғылыми қызметкерлердің саны үш есе азайып, бұл ахуал ұлттың зияткерлік әлеуетіне орасан зор кесірін тигізген. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы ғылым саласында жемқорлық фактілерінің көбейіп кеткенін де тілге тиек етті. Мәселен, «Парасат» холдингін басқарған белгілі академик оны әбден тонап, кейін балаларымен бірге АҚШ-тың азаматтығын алып, мұхиттың ар жағына қашып кеткен. Дегенмен бүгінде жағдай оңалып, ғылым қайтадан төрге шыққанын атап өтті. Бұл – мемлекеттің нағыз, адал ғалымдарға сенімі деген сөз.
– Мемлекет ғылымды дамыту үшін нақты шаралар қабылдап жатыр. Мен осыдан үш жыл бұрын Ғылым академиясын жаңғырту туралы тапсырма бердім. Содан бері ауқымды жұмыс жасалуда. Академияға жоғары ғылыми ұйым мәртебесі берілді. Инфрақұрылым жүйесі жаңартылып жатыр. Кадр даярлау ісі жолға қойылды. Былтыр қабылданған «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң осы үрдістерге тың серпін берді. Құжатта ғылымды басқару тәсілдері нақтыланды. Ғалымдарды әлеуметтік қолдау шаралары айқындалды. Бір сөзбен айтсақ, заңда ғылым жолында еңбек етіп жүрген азаматтардың мүддесі барынша ескерілді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ғылым – стратегиялық маңызы бар сала болғандықтан соңғы жылдары бұл бағытқа бөлінетін қаржы 3,5 есе артты, жас зерттеушілерге қолдау күшейді. Мемлекет басшысының пікірінше, осындай қадамдар еліміздің ғылыми әлеуетін арттыра түседі. Қазір Қазақстанда 25 мыңнан астам ғалым болса, олардың жартысы – 40 жасқа толмаған мамандар. Бұл елімізде ғалымдардың жаңа буыны қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.