Жариялаған: admin | Уақыты: 2025-04-15 14:55:00 |
Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 496
Қазіргі жаһандану дәуірінде ғылым мен технологияның даму қарқыны теңдессіз деңгейге жетті. Бұл үдерістер заман талабына сай, кең ауқымда ойлай алатын, өз ісінің үздігі бола алатын, жаһандық сын-қатерлерге инженерлік тұрғыдан жауап бере алатын жаңа буын мамандарын талап етеді. Осындай қажеттілікке нақты әрі тиімді жауап беріп отырған оқу орындарының бірі – Халықаралық инженерлік-технологиялық университет (МEТU).
Бұл университет кәсіби инженерлерді даярлаумен шектелмей, инновациялық ойлауға қабілетті, Қазақстанның зияткерлік капиталының орталығына айналып келе жатқан заманауи білім ордасы ретінде ерекшеленеді. МEТU студенттерге тек білім беріп қана қоймай, оларды нақты өндірістік ортаға жақындататын оқу процесін ұсынады. Университет қабырғасында теория мен тәжірибе үйлесім тауып, білім алушылар инженерлік шешімдер қабылдау, заманауи технологияларды игеру және ғылыми жобалар әзірлеу бағытында еркін дамуға мүмкіндік алады. Студенттер оқу барысында нақты өндірістік жағдайларды модельдеу арқылы кәсіби машық қалыптастырып, білімді практикада қолданудың тиімді жолдарын меңгереді.
Университетте құрылған тәжірибелік зертханалар мен инновациялық оқу платформалары – бұл білім мен іс-әрекеттің тоғысқан кеңістігі. Мұнда жүзеге асырылып жатқан білім беру бағдарламалары халықаралық стандарттарға сай құрылып, еңбек нарығының сұраныстарына толық жауап береді. Бағдарламалар пәнаралық мазмұнға ие, яғни инженерия, биотехнология, цифрлық технологиялар, экономика және әлеуметтік ғылымдар бағыттарын бір арнаға тоғыстырады. Білім беру процесі қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізіледі. Мұндай көптілділік студенттердің болашақта жаһандық деңгейде бәсекеге қабілетті маман ретінде қалыптасуына жол ашады. Бүгінгі таңда университет құрамында жұмыс істейтін алты кафедра университеттің білім беру әлеуетін анықтайтын негізгі құрылымдар болып табылады. Бағдарламалық инженерия кафедрасы IT саласының ең өзекті бағыттарын қамтиды: жасанды интеллект, big data, киберқауіпсіздік және бағдарламалау негіздері осы салада жан-жақты оқытылады. Инженерлік смарт технологиялар кафедрасы автоматтандырылған жүйелер, робот техникасы, өндірісті цифрландыру мен жасыл технологиялар бағыттарында инженерлер даярлаумен айналысады. Тағам өндірісі саласына маманданған кафедра азық-түлік қауіпсіздігі мен технологиялық процестерді оңтайландыру бағытында жоғары білікті мамандарды қалыптастырады. Биохимиялық инженерия кафедрасы биотехнология, экологиялық қауіпсіздік және қоршаған ортаны қорғау салаларындағы келешек инженерлерді тәрбиелеуге бағытталған. Экономика және бизнес кафедрасы басқару, қаржылық талдау және техникалық кәсіпкерлік негіздерін тереңдете оқыта отырып, өндіріс пен экономиканың тоғысында жұмыс істей алатын жаңа буын көшбасшыларын даярлайды. Ал әлеуметтік-гуманитарлық пәндер және әлем тілдері кафедрасы студенттердің сыни ойлау қабілетін, тілдік, құқықтық және мәдени құзыреттіліктерін дамыта отырып, болашақ инженерлердің жан-жақты әрі жауапкершілігі жоғары тұлға ретінде қалыптасуына ықпал етеді.
МEТU үшін білім берумен қатар ғылыми-зерттеу және стартаптық қызмет те басты басымдықтардың бірі болып табылады. Университет жас зерттеушілер мен студенттерге тәжірибе жүзінде өз жобаларын іске асыруға мүмкіндік беретін ортаны қалыптастырған. Бұл бағытта студенттер экологиялық мәселелер, энергия тиімділігі, баламалы энергия көздері, қалдықтарды қайта өңдеу секілді жаһандық проблемаларды инженерлік жолмен шешуге өз үлесін қосуда. Сонымен қатар, университет студенттер мен оқытушылардың ғылыми мақалалар жариялауына, халықаралық форумдар мен байқауларға қатысуына жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Оқу орны халықаралық білім кеңістігіне белсенді түрде еніп, Түркия, Оңтүстік Корея, Қытай, Еуропа және ТМД елдерінің жетекші жоғары оқу орындарымен серіктестік байланыс орнатқан. Бірлескен білім беру бағдарламалары, тағылымдамалар, ғылыми жобалар мен академиялық ұтқырлық – студенттер үшін кәсіби көкжиекті кеңейтетін баға жетпес мүмкіндік.
Университет студенттің кәсіби тұрғыда ғана емес, сонымен қатар азаматтық жауапкершілігі жоғары, әлеуметтік белсенді тұлға ретінде қалыптасуына ерекше мән береді. Университетте ректорлық гранттар мен ішкі жеңілдіктер жүйесі қарастырылған. Үздік оқитын, ғылыми-зерттеу және қоғамдық жұмыстарға белсенді араласатын студенттер үшін оқу ақысының толық немесе ішінара өтелуін қамтамасыз ететін ынталандыру жүйесі қолданыста. Көпбалалы немесе аз қамтылған отбасылардан шыққан студенттер, мүмкіндігі шектеулі жастар, жетімдер мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған студенттер үшін арнайы жеңілдіктер мен әлеуметтік көмек түрлері жүйелі түрде қарастырылады.
Білім беру процесімен қатар, студенттердің күнделікті өмір сапасын жақсартуға да айрықша мән береді. Университет жанындағы STUDHOUSE жатақханасы — заманауи талаптарға сай жабдықталған, жайлылық пен дамуға қолайлы жағдай жасалған студенттік резиденция. Жатақхана аумағында кітапхана, ІТ-зертхана, спорт және демалыс аймақтары, сондай-ақ медиа-бұрыштар қарастырылған. Халықаралық оқу орнының бұл әлеуметтік қолдау жүйесі сапалы маман даярлаумен қатар студенттің тұлғалық өсуіне, болашақ бағытын табуына және өмірлік құндылықтарын анықтауына арналған нағыз мүмкіндіктер кеңістігі.
Жарылқасын Жаппасов,
тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор,
Университеттің Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер және
әлем тілдері кафедрасының меңгерушісі,
Арайлым Дәулетханқызы,
техника ғылымдарының магистрі, Тағам өндірісінің техникасы және
технологиясы кафедрасының аға оқытушысы.