Жариялаған: admin | Уақыты: 2025-04-14 11:45:00 |
Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 442
Қарабұлақтың әкімі заң бұзды ма, әлде қарсы топтың бір көздегені бар ма?
Сайрам ауданының Қарабұлақ ауылында 2024 жылғы есеп бойынша 59759 адам тұрады. Бұл ресми сан. Ал бейресми мәліметтерге сүйенсек, аталмыш елдімекенде халық саны 70 мыңға жеткен. Бұл Түркістан облысындағы Отырар мен Бәйдібек ауданы халқының санынан көп. Ауылда ауылшаруашылық пен кәсіпкерлік саласы дамыған. Сол себепті де бірнеше жыл бұрын ауылға қала статусын беру республикалық деңгейде қозғалған болатын. Бірақ сол кездегі облыс әкімі Дархан Сатыбалды ауылды қалаға айналдырудың тиімсіз екеніне Үкімет басшысын сендірген-ді. Содан кейін бұл мәселе қозғаусыз қалды.
Бірақ, біздің бүгінгі айтпағымыз басқа. Соңғы кездері қарабұлақтықтар арасында қазіргі округ әкімі Камилжан Абдилахатовқа наразы топ пайда болыпты. Тіпті бір топ азамат «Аманат» партиясы Сайрам аудандық филиалының алдына «әкім қызметтен кетсін» деген плакат көтеріп барып, өз талаптарын қойған. Азаматтардың ашық қарсылыққа шыққанына қарағанда мәселенің мәні тереңде болса керек. Мән-жайды анықтау мақсатында осынау наразалыққа қатысы бар бірнеше азаматқа қоңырау шалдық.
Қаныбек Төлеметов, Қарасу ауылының тұрғыны: – Мен Қазақстан Республикасының азаматы ретінде тұрғылықты жеріме қарамастан пікір білдіруге құқылымын. Сот Қарабұлақ ауылы әкімінің заңсыз шығарған бірнеше шешімінің күшін жойды. Жерді заңсыз берген. Бұл «бармақ басты, көз қыстының» көрінісі емес пе? Наразылар қатарында мен ғана емес. Сол себепті біз «Аманат» партиясына бардық. Бұдан да сорақы жайттар бар, ол туралы көзбе көз кездессек айтайын, – деген Қ.Төлеметовпен жолығудың сәті түспеді.
Ал «Аманат» партиясы Сайрам аудандық филиалының атқарушы хатшысы Қуаныш Сыздықов бұл мәселеге қатысты өз ойын былайша жеткізді: «Камилжан Абдилахатовтың іскерлігіне дауым жоқ. Салық жоспарын орындап, инвестиция тарту ісіне икемді. Енді оның бұл іскерлігіне баға беретін атқарушы билік. Біз партиялық тұрғыдан әкімнен ауылындағы ауызбірлікті, ынтымақты талап етеміз. Іскермін деп білгенін істеп, халықпен қарым-қатынаста салғырттыққа жол беруге болмайды. Сын сағатта халықпен қоян-қолтық жұмыс істеуге уәде бергенімен, сенімді ақтай алмай отыр. Салдарынан бүгінде ауылда күнде айқай, күнде арыз. Осы келеңсіздіктерді негізге алып, оны партия қатарынан шығару мәселесі қаралып жатыр. Бюро отырысы өтіп, онда округ әкімін партия сапынан шығару жайында шешім қабылданды. Алайда ол еңбекке жарамсыздық парағын аштырып қойыпты. Сол себепті шешімді орындау кейінге қалдырылды. Жұмысқа жарамсыздық парағын бюро отырысы өткен күні таңғы сағат сегізден өткен кезде аштырыпты. Алайда, әкім ол күні түске дейін онлайн сабаққа қатысып, түстен кейін бізге келді. Одан кейін аудан әкімдігінің жиналысына қатысқан. Оның барлығы тіркелген. Сол себепті бұл құжаттың да заңдылығына күмәніміз бар. Дегенмен, қазір бюро ашық, ол жұмысқа оралған соң кез келген уақытта қарала береді.
Әрине, Камилжан Абдилахатовты жұмыстан шығару біздің құзырымызда емес, біз оны партия қатарынан шығарған шешімді сайлау комиссиясына береміз. Жұмыстан босату сайлау комиссиясының құзырында.
Шағымданушылар Қарабұлақтың тұрғындары емес деген қарсылық та бар. Алайда, мынаны ескеру керек: егер олар Қарасудан жер сұрап, бермеді деп Қарабұлақтың әкімінің үстінен шағымданса сөз басқа. Бұлар Қарабұлақтан жер сұраған. Заң бойынша Қазақстан азаматы кез келген өзіне қолайлы аймақтан жер телімін алуға құқылы.
Ал енді сайлау комиссиясы жұмыстан шығарса, ол өзін-өзі ұсынып қайта сайлауға түсіп, жеңіп шығуына заң кедергі келтірмейді. Біздің қояр талап – «әкім бол, халқыңа жақын бол» деген қағида».
Камилжан Абдилахатовтың әкімдікке кандидатурасын ұсынған «Аманат» партиясы. Демек, әкім партиядан шығарылса, жұмыстан кетуіне де тура келеді деген сөз. Мұндай жағдайда К.Абдилахатов не істеу керек? Тұрғындарға жақпайтындай, қарабұлақтықтар «кетсін» деп плакат ұстап шығатындай ол не істеді немесе нені істемеді? Осы сұрақты біз оның өзіне қойып, айтқан уәждерін оқырманға қаз-қалпында ұсынғанды жөн көрдік.
Камилжан Абдилахатов, Қарабұлақ ауылдық округінің әкімі: «Бұл мәселеге қатысты менің айтарым, соңыма түсушілік бар. Бәлкім қызметіме қызығып отырғандар бар шығар. Әлдекімдер аудан басшылығына «Камилжан ауылдағы 25 мал сою орындарынан тоқсан сайын 25 миллион теңгеден жинап алады, жерлерді сатып отыр» деп жалған ақпар жеткізгенге ұқсайды. Осы сыпсың сөз себеп болып, бірнеше тексеру жүргізілді. Ешқайсысы дәлелін таппады. Тексерушілерді мал сою орындарына ертіп бардым. Үш ай сайын маған 1 миллион теңгеден беру былай тұрсын, тіпті, жағдайы ауыр отбасыларға да демеушілік жасаудан шет қалып отырғандарын дәлелдеп бердім. Жер сатты деген де жала. Бізде бір соттық та бос жер жоқ. Жоқ нәрсені мен қалай сатамын? Дәлелдері болса көрсетсін. Күші жойылған шешімдерге келер болсам, жерді пайдалану мақсатын өзгертуге байланысты 5-6 шешім күшін жойды. Сот шешімдері әлі күшіне енген жоқ, алда әлі жоғары сатылы соттарда қаралады. Бірақ ол тек менде ғана ма екен? Басқа ауылдық округ әкімдерін айтпағанда, аудан әкімдерінің де шешімдері күшін жойып жатыр емес пе? Мұны қателік деп есептемеймін. Солардың бәрі жұмыстан кете берсе не болмақ? Шешімді мен жалғыз өзім шығара салмаймын. Ол алдымен арнайы комиссия қарауынан өтеді. Аудандық жер қатынастары, кадастр, басқа да құзырлы органдар оң қорытынды берген. Егер содан кейін мен шешім шығармасам сыбайлас жемқорлық бойынша жауапқа тартылар едім. Мен заңға қайшы келетін ешнәрсе істемедім. Тағы бір айта кетерлік жайт, мақсатын өзгертпек болғаны болмаса, ол жерлердің бәрі иелерінің өздерінде.
Ал енді «Аманатқа» арызданып барғандар туралы айтсам, ішінде біреуінен өзгесінің барлығы да басқа округтің тұрғындары. Олар менен заңсыз нәрсені заңдастыруды сұрады. Араларындағы жалғыз қарабұлақтық қария осыдан 20 жылдай бұрын «легализация» кезінде жерге алған мемлекеттік актісін алға тартады. Онысын қалай алғанын білмеймін, бірақ ол көшеде бос жер жоқ. Соны қазір өзі отырған, құжатсыз жерге қондырып, құжат жасап бер деді. Заңсыз нәрсе жасай алмайтынымды айтып, көнбедім. «Заңсыз талаптарыңды орындап сотталғанша, жұмыстан кетейін, келіспесеңіздер прокуратураға, сотқа шағымданыңыздар, менікі қате болса шара көрсін» дедім. Олар болса заңдылықты қадағалаушы органға емес, «Аманатқа» барып, байбалам салыпты.
Мен бұл жұмысқа байланып қалған адам емеспін. Бірақ мені шақырып алып, «жұмыстан жақсылықпен кет, әйтпесе жамандықпен кетесің, қайсысын таңдайсың?» деп талап қойды. Мен екіншісін таңдадым. Себебі ішіп-жеп қойғаным жоқ. Сайлаумен келдім. 8 ай мерзімім қалды. «Сол уақытқа дейін отырайын, сосын өзім-ақ тастап кетейін» десем көнбейді. Енді партиямен қорқытпақшы. Мейлі шығарсын, алайда ол кезде заң талаптары бұзылған болады. Егер партиядан шығару арқылы заңсыз жұмыстан босатса, онда келесі сайлауға міндетті түрде басқа партия атынан түсіп, жеңіп алуға тырысамын. Тұрғындардың басым бөлігі қолдайтынына сенімдімін. Атқарған жұмысым халықтың көз алдында. Қазынаның бір тиынын шығындамай, келісу арқылы қаншама қызыл сызыққа кірген нысандарды бұздырдым. Демеушілікпен жолдар төселіп, арықтар жасалып, жарықтар орнатылуда. Ондай кезде мен жақсы едім, ал енді жаман болып қалыппын. Мейлі, жұмысыма партия басшыларының көңілі толмаса толмасын. Ең бастысы халықтың сенімінен шығып, халықтың қолдауына ие болсам, маған сол жетеді».
Иә, Қарабұлақтың әкімі заңсыздықтарға барып, өз міндетін дұрыс орындамай жүр ме, әлде әкімдік кресло басқа біреулердің түн ұйқысын бұзып жүр ме? Әрине, әркім өз пікірін жөн санайтыны түсінікті. Дегенмен, сөз астарына үңілсеңіз, лауазымды орынға деген қызығушылықтың бары байқалатын секілді. Қалай болғанда текетірес салдарынан ушығып бара жатқан дауға май құймай, тиісті азаматтар керісінше сөндірудің амалдарын қарастыру қажет. Әкімдік таласатын емес, халыққа қызмет ететін лауазым. Ал енді жергілікті халықтың жағдайын емес, қандай жолмен болсын тек өз мақсатына қол жеткізуді ойлағандар болса елдің ынтымағына іріткі салып, әлеуметтің әлеуетіне кері әсерін тигізетіні айтпаса да түсінікті. Осындайда ауыл ақсақалдары мен билері қайда қарап қалады? Елімізге ең бірінші керегі – ынтымақ пен бірлік емес пе?
Ұлықбек ҮМБЕТ.