Жариялаған: admin | Уақыты: 2025-04-14 12:45:00 |
Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 432
Көктем келесімен жер бетіне түрлі жәндіктер мен бауырымен жорғалаушылар шығады. Оның әрбірінен келетін қауіп әртүрлі. Дейтұрғанмен кенеден сақ болған жөн. Конго-Қырым геморрагиялық қызбасын тарататын кенелер адам өміріне өте қауіпті.
Кене шаққанда инкубационды кезеңнің ұзақтығы 1-14 күн, кейде 2-7 күн аралығында өтеді. Продромальды көріністер болмайды. Ауру байқаусызда басталуы мүмкін, дене қызуы тез көтеріледі және кейде аурудың жеңіл түрінде де дене температурасы 39-40°С-қа барады. Бастапқы кезеңдерінің өзінде жалпылама интоксикация белгілерін көруге болады, көптеген инфекциялық аурулар болуы мүмкін. Бұл кезде әлсіздік сезіліп, бас ауырып, дене қатты қақсайды. Науқастың денесінде геморрагиялық бөртпелер, қан құйылулар, иньекция жасаған жерде гематомалар пайда болады. Сонымен бірге мұрыннан, құлақтан, қызыл иектен, жатырдан, асқазаннан, ішектен қан кету байқалады. Бұл кезде науқастың жағдайы нашарлайды, интоксикация белгілері күшейеді. Обьективті қарағанда науқастың терісі бозғылт, акроцианоз байқалады. Қан қысымы төмендеп, тамыр соғысы жиілейді. Сандырақтаудың болуы мүмкін. Науқастардың 10-25 пайызында менингеалды симптомдар дамиды. Құрыспалар пайда болып, науқаста кома қалыптасады. Кейбір науқастарда асқыну, яғни пневмония, өкпе ісігі, тромбофлебит, жедел бүйрек жетіспеушілігі, шок дамиды. Қанда лейкопения, гипохромды, анемия, тромбоцитопения болады.
Кене шаққан жағдайда алғашқы іс-әрекет қалай болу керек? Кенені денеден қолмен емес, пинцетпен жұлу қажет. Жәндіктің басы тұсынан ұстап, ақырын оңға, не солға бұрап, баяу суырып алу қажет. Алып тастағаннан кейін тістеген жерді 70% спиртпен, содан кейін йод ерітіндісімен өңдесеңіз қауіп сейіледі.
Еркін Бөкшебаев,
«Мырзакент» Мақтаарал аудандық ауруханасының
эпидемиолог дәрігері.