Жариялаған: admin | Уақыты: 2025-04-23 13:25:00 |
Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 384
Жиенқұмдық досы – серілігімен аймаққа танымал болған, Тәнкі атанған рухтас жігітті түн ішінде іздеп келе жатқан Айқынбайдың Омарының көңіл-күйі мүлде түсіп кеткен. «Колхоз боласыңдар, барлық малды ортаға жиып, мемлекетке өткізесіңдер», – деген ауданнан келген басшылар Омарды «колхоз бастығы» етіп сайлап кеткен. Алғашқыда олардың кейбір шалағай тірліктеріне онша мән бермеген Омар келе-келе олардан мүлде көңілі қалды.
– Өзіңе бағынғысы келмей, қитыға беретін адамдарды аямай сабап ал. Алыса кетсең екі-үш адамға шамаң келетін еңгезердей жігіт емеспісің! Қарсыласқан үш адамды атып тастауға да правоң бар. Қазір «ағылшын агенттері мен жапон жансыздары» дегендер қаптап кетті. Соларға ерекше сақ болып, орталарыңа кіріп кетпеуін қадағала! Өткен жолы өзіңе берілген мылтық пен қылышты неге алып жүрмейсің? Мына көрші отырған «Бейнетқор» мен «Полезный труд» және «Ленин» колхозындағы бастықтар қаруларын өздерімен бірге алып жүреді. Бұл деген сөз - Кеңес өкіметінің өзіне қарсы келген кімді де болса аямайтынын білдіреді, – деген НКВД басшысының сөзіне бұл алғашқыда таң қалған.
«Иә, мына көрші отырған Ленин колхозының бастығы қолындағы қылышын оңды-солды бұлғақтата ойнатып, біреудің үйіне барса да дөрекілене сөйлеп, үйге алдымен оның қылышы кіреді екен», – деген қауесетті бұл да естіген. Бірақ, көпшіл мінезді ақкөңіл, сері атанған Омар өзінің ондай даңғазалыққа бара алмасын біліп тұр. Өзінен бұрынырақта бұл маңда 18 жыл 8 ай болыс болып өмірден өткен Сиқымбайдан кейін болыс болған Мырзақұлұлы Әжіқұлды «халық жауы» атандырып, Сібір деген итжеккенге жер аударып жібергендері де Омардың көкейінде қатталып қалған. Әйтпесе Әжіқұл аузынан Алласы түспейтін, әкесі Мырзақұлдың қажылыққа барып-келуіне бар жағдайын жасаған иманды, елге сыйлы қарияның бірі болатын. Әкесі алпысқа таяғанда бақилық болған анасының орнына 19 жасар Аякүл есімді қызды да атына мінгестіріп әкеп берген осы Әжіқұл еді. Оның жазықсыз жер аударылғанына өзін кінәлідей сезінген Омар бұл іске ара түсіп, қанша әрекеттенсе де ол кісіні ақтап ала алмаған болатын. Ауызбіршілігі ұйып отырған ауылдастарына өзін қаныпезер етіп көрсетпек болған аудан басшыларының бұндай оғаш қылықтарынан әбден көңілі қалған Омар:
Замана жылдан-жылға шатқа кетті,
Есектер құлағы ұзын атқа жетті.
Не арыстан, қабыландар бұғып қалып, Үстінен барақ иттер аттап өтті, – деп өлеңдеткен еді. Осы сөз ауыздан-ауызға тез тарап, жоғары жақтағыларға да жеткен екен. «Мынау дегенің Кеңес өкіметін сыйламай, қарсы шыққандық қой. Бәлкім жапон жансыздарымен немесе ағылшын шпиондарымен де байланыс орнатқан шығар», – деген Арыс ауданындағы басшылар Омарды «кезекті жиналысқа» адам жібертіп шақыртады. Осы өлеңінен өзіне тықыр таянғанын сезген Омар тоғыз жасар қызы Пернекүлді құлынды биесіне отырғызып, Жиенқұмдағы «құда болалық, ұлым Оспанға қызыңды бер» – деп, жік-жаппар болып жүретін рухтас досы Тәнкінің үйін бетке алып келе жатқан жайы бар. Сырбаз мінезді ақын Тәнкі тазалыққа өте мұқият, сезімтал жігіт болатын. «Қолаңсы иісі киіміме сіңіп қалмасын» дейтін ол сыйыры көп ауылдарға онша жолай бермей, оларды алыстан айналып өтеді екен. Бұндай мінез Омарда да бар болатын. Серіліктен бөлек, тазалықты ерекше сақтайтын бұлардың осындай қылықтарына көпшілік таңырқаса қараушы еді. Осылайша түн ішінде қызын ертіп, тосын келген Омардың суыт жүрісіне Тәнкінің таң қалған жайы бар. Оңашада көңіліндегі күдігін жайып салған Омар сөзінің соңында:
– Ал, бауырым Тәнкі! Менің ертеңгі күнім бұлыңғыр болып тұр. Өзіңмен «құда болалық» деп төс қағыстырып, бәтуәласқан сөзіміз мойнымда қарыз боп қалмасын деп болашақ келіндерің Пернекүлді қолдарыңа әкеліп тұрмын. Құдай қолдап, аман-есен болсам, бір-екі күннен соң келіп, қызымды алып кетермін. Ал хабарсыз кетсем, онда мына тоғыз жасар қызым Пернекүл Құдай алдында сендерге «аманат». Мына құлынды биені қызымның «алғашқы жасауы» деп білерсің. Жасы кәмелетке толғанда некесін қиып, келін етіп аларсың, – деген Омар еңіреп тұрған қызын құшырлана иіскеп, соңғы сөзін айтып жатты.
– Әке, мені жалғыз тастамаңызшы! Өтінемін, бұл жерде қалдырмай, ауылға алып қайтыңызшы! – деп зарлаған Пернекүлдің сөзі сүйектен өтіп барады. Қатал тағдыр әке-шешесімен енді қайтып жолықтырмасын ішкі түйсік сездіргендей, әкесін тас қылып құшақтап, еңіреп тұр.
– Қой қарағым, жылама. Құдайқаласа екі күннен кейін анаң екеуміз келіп, сені алып кетеміз. Оған дейін сабыр қылып осы үйде жүре тұр, – деген әкесінің сөзі бұған даритын емес.
– Жоқ, Сіз мені іздеп бұл үйге енді келмейтініңізді біліп тұрмын! Мені тастамаңызшы әке! Тастамаңызшы! Жалынамын, тастамаңызшы, – деп боз-бораны шыққан қызын құшағынан босата алмай, өзінің де жанары жасқа малынғанын Омар енді аңғарды. Қызының бекер үрейленбегенін жүрегі сезетін сияқты. Әйтсе де оны әрең дегенде тыныштандырғандай болып, атына мінген бойда досымен қоштасып, түн қараңғылығына сіңіп кете барды. Ақын, сері жігіт атанған досы Айқынбайұлы Омармен енді қайтып жолықпасын Тәнкі сол замат білген жоқ еді...
Таңға жуық үйіне жеткен Омарды күтіп тұрған НКВД-ның жендеттері сол замат әйелімен бірге тұтқындап әкеткен. Арада екі-үш күн өтсе де ағаларынан ешқандай хабар болмағасын, әкелерінің інісі Омарды іздеп Арысқа барған Қуанышбек пен Жұмашты да НКВД-ның жендеттері тергеуге алып, шәт-шәлекейлерін шығарған.
– Ағаларың Омардың жапонның жансызы екендігі белгілі болды. Бұлардың тобында тағы кімдер бар! Ештеңені жасырмай, бәрін түгел айтыңдар, – деген олар Қуанышбек пен Жұмашты аштан-аш екі күн қамап, әбден қинаған. Сол маңда тұратын бір қария Омарды жалаң бас күйінде бағанаға байлап, ыстық күн астында шыжғырып қинағанын айтты. Осылайша ағалары Омар мен оның келіншегін қайтып көре алмасын сезген бұлар ұнжырғасы түсіп, амалсыз елге қайтқан. Арада үш-төрт күн өткенде Омар досын іздеп барған Тәнкі оның «халық жауы» атанып, тұтқындалғанын естіді. Арада бірер жыл өтер-өтпесте ауданға жаңа келген НКВД-ның татар бастығы:
– Бұндай ағылшын агенттері мен жапон жансыздарының тобын анықтап, бірін қалдырмай құрту керек! Кеңес үкіметін жамандап өлең шығарып жүрген Омар сияқтыларды түп-тамырымен құртпай, ешқашан тыныштық болмайды, – деген татар бастық Айқынбаев Жұмашты бүгін түннен қалдырмай тұтқындауға бұйрық береді. Бұл кезде Омардың туысқаны Қуанышбек Ташкент асып кеткен болатын. Мына жиналыстан шыққан бойда ешқайда қайрылмай, атына қамшы басқан Самылтырдың Сүгірі Жұмашты әйел бала-шағасымен сол түні қашырып жіберген. Ересек болып қалған ұлы Сартайды Әуескүлмен бірге Темір станциясында тұратын бажасы Тасқожаның үйіне қарай жіберген Жұмаш әйелі Әнипамен Қытай асып кеткен. Олардан әлі күнге дейін ешқандай дерек жоқ...
Кәмелет жасына толғанда өзінен бес-алты жас үлкендігі бар Оспанға некеленіп қосылған Пернекүл алғашқы перзенті Болатты дүниеге әкелді. Өзінің Айқынбайұлы Омардың қызы екендігін НКВД адамдары немесе шолақ белсенділер білетін болса тұтқындалуы мүмкін екенін түсінген Пернекүл өзі туралы жақ ашпай, туған ауылына да ат ізін салған емес. Көп ұзамай басталған Ұлы Отан соғысы да Пернекүлге аз бейнет әкелген жоқ. Әке-шешесі мен туысқандарына деген сағыныш пен жалғыздықтың азабын көп тартқан ол ішкі мұң-зарын ешкімге ақтара алмай қатты қиналатын. Соғыстан кейінгі көрген қызы Манат пен ұлдары Жанат, Қанат көз қуанышы болып, солардың келешегіне үміттене қарайтын. Ересек болып қалған перзенттері кейбір кезде «Біздің нағашымыз кімдер? Олар қайда тұрады? Көршінің балалары нағашыларына барып тұрады ғой, біз де нағашымызға барайықшы», – деген кездері оларға не деп жауап берерін білмеген Пернекүлдің жүрегі езіліп, іштей жылайтын. «Мен көрген қасіретті Құдай ұл-қыздарыма бере көрмесін» деген тілегін тастамаған ол перзенттерінің болашағы үшін бар күш-жігері мен қажыр-қайратын осылардың жолына жұмсады. Оқуда озат болған перзенттерінің бәрі де жоғары білім алып, иманды да ибалы тәрбиенің арқасында өмірден өз орындарын тапты.
Сарыағаш ауданының бас дәрігерлігінен зейнетке шыққан Манат ағасы Жанат, інісі Қанатпен бірге тынбай ізденіп, бақилық болған Пернекүл анасының төркінін ақыры тапты. Іздеу-сұраусыз кетіп, Шымкенттегі «албасты сай» атанған жерде атылған Айқынбайұлы Омар аталарының дерегін жолықтырып, саясаттың құрбаны, жазықсыз жалалы болып, бақилық атанған аталары мен апаларының рухына арнап құдайы ас бермек ниетте. Ордабасы ауданы Аманкелді ауылында. Саяси қуғын-сүргін құрабандарын еске алу күніне орай...
«Орнында бар – оңалар», «Тектіден – текті туады» деген сірә осы болса керек.
Бөріхан Тәмен,
Қазақстан Журналистері және Халықаралық Жазушылар
Одағының мүшесі.