Кезекті «боқтампаз «завуч» Шардарадан шықты

Мәселе

Жариялаған: admin | Уақыты: 2025-05-01 11:25:00 |

Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 95


Кезекті «боқтампаз «завуч» Шардарадан шықты

        

Ел арасында «боқтампаз завуч» атанып кеткен ордабасылық Ұлжан Елмұратованың әлеуметтік желідегі бейәдеп сөздері мен бей-берекет іс-әрекеттері оқырмандардың есінен шыға қойған жоқ. Кейін ол басқа қылмысы үшін сотталып кеткен-ді. "Енді, міне, Шардара ауданынан тағы бір «боқтампаз завучтың» пайда болғаны перзенттері сол мектепте оқитын жергілікті тұрғындарды алаңдатып отыр" деп жазады https://ozgepikir.kz/?p=8104

Бұл жолы жұртшылықтың назарына Сүткент ауылындағы Сүткент мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Гүлмира Узденова ілікті. 25 жылдан аса еңбек өтілі бар тәжірибелі ұстаз ауылдастарының наразылығын тудыратындай не айтып жүр? Жексенбі күні оқырмандардың өтінішімен Сүткент ауылына арнайылап барып, тұрғындардың пікірін тыңдап, ТО бойынша білім сапасын қамтамасыз ету департаментінің басшысы Ғалымжан Алматовтың атына жазылған арызбен таныстық. Арызданушылар бізге не айтты?

Мырзахан ТҰРҒАНБАЕВ, Сүткент ауылының биі: «Мен дауыстық жазбаны чаттан тыңдадым. Гүлмира апайдың боқтық аралас бейәдеп сөздерін беймарал отырып тыңдау мүмкін емес. Ауыл адамдары босқа шырылдап жүрген жоқ. Олардың бәрінің де мектепте оқитын ұл-қыздары, немерелері бар. Аузынан өте ұятсыз сөздер шығатын апайдан оқушылар қандай тәрбие алады? Мұндай адамның ұстаз қатарында жүруге құқы жоқ. Өзін-өзі тәрбиелей алмаған адам балаға қалай тәрбие бермек?».

Мадиярбек ТАШОВ, Сүткент ауылының имамы: «Ауыл чатын шарлап жүрген бейәдеп сөздердің мұғалім аузынан шыққанына сенгің келмейді. «Жаман әдет жұққыш келеді» демекші, «завуч» апайдың бұл сөздері қазір оқушылар арасында, бүгінгі тілмен айтқанда, «прикол» ретінде айтылып жүр екен. Бұл тәрбиеге теріс әсер ететін қылық. Сол үшін біз Гүлмира апайдың мектепте сабақ беруге құқы жоқ деп есептейміз. Ата-аналар жиналып, жанайқайымызды жеткізіп тұрмыз. Ұстаз балаға боқтық сөздер емес білім, бейәдеп қылық емес тәлім-тәрбие беруі, әдет-ғұрыпты бойына сіңіруі тиіс. Мұндай ұстазға баламызды оқытуға қарсымыз. Өзінің теріс қылығын мойындап, өз еркімен жұмыстан кетпесе, біз баламызды бұл мектепте оқытпаймыз».

Нағима БАТЫРБЕКОВА, ата-аналар комитетінің төрайымы: «Мұғалім мен үшін тәуліктің жиырма төрт сағатында да - мұғалім. Оқушы үшін мұғалім - биік тұлға. Ондай беделге ұстаз өз білімімен, қарым-қабілетімен, еңбекқорлығымен, бойындағы адами құндылықтарымен қол жеткізеді. Мұғалімнің әрбір іс-қимылы, әрбір сөзі, киім киісі, жүріс-тұрысы оқушыға үлгі. Білім және ғылым министрі қызметін атқарған қазіргі депутат А.Аймағамбетовтың 2020 жылғы Педагогикалық әдеп қағидалары туралы №190 бұйрығында: «Педагогтер қызметтік және қызметтік емес уақытта педагогикалық әдептің негізгі принциптерін сақтайды және мұғалімнің беделіне нұқсан келтіретін іс-әрекеттерге жол бермейді», – деп жазылған. Сондықтан ата-аналардың талабы орынды деп ойлаймын».

Н.Батырбекованың назарымызға ұсынып отырған бұйрықты біз де парақтап көрдік. Онда «Педагогикалық этиканы бұзғаны үшін педагогтер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылады», – деп тайға таңба басқандай жазылған екен. Демек бұл бұйрықтың шеңберінен шыққан ұстаз заң алдында қандай да бір жауапкершілікті сезіну керектігі айтпаса да түсінікті. Әрине, бұл әрекеті үшін Г.Узденованы ешкім соттай қоймас, бірақ ар сотын сезініп, тым болмаса көпшіліктің алдында кешірім сұрап, болашақта мұндай бейәдеп әрекеттерді қайталамауы тиіс.

Бұл ауыл тұрғындары тарапынан айтылған айыптаулар, ал Гүлмира Узденованың өзі не дейді? Айтар өз шындығы бар шығар? Оны да тыңдап көрдік. «Бұл оқиға үш ай бұрын, 18 қаңтарда, жақын сіңліммен арада болған отбасылық әңгіме, – деді ол кісі. – 13 наурыз күні білім бөлімінің басшысы мені шақырғанда әлгі аудиожазбаның директордың атынан келгенін естідім. Отбасылық әңгіме директордың қолына қалай, кімнен түсті, ол не үшін көпшілікке таралып кетті? Осыны ойлап, қорғаушыларыммен хабарластым. Мен бейәдеп сөздер айтқан болсам оны көпшіліктің көзінше немесе әлеуметтік желіде емес, сіңлімнің жеке чатына жібердім. Күйеуі намысыма тиетін сөздер айтқасын. Бұл мәселе ертеңіне-ақ шешіліп, жабулы қазан күйінде қалған болатын. Алайда, бұл әңгіменің не үшін арада екі ай уақыт өткенде барып ауыл чатына тарап, шулатып жатқанын түсінбедім. Кімге керек болды екен бұл? Себебін білмек оймен бірінші сіңліме хабарластым. Ол аудиожазбаның қалай өзгелерге жетіп, тарап кеткенін білмейтінін айтып, «ант су ішті». Ақиқатын айтқанда, бұл жерде менің де құқым бұзылып отыр. Енді оны заң арқылы қорғауға мәжбүрмін.

Менің мектепте жұмыс істегеніме 25 жыл болды. Жетістігім де жетерлік. Оқушылардың көзінше ондай әрекетке бармаймын, мектепте жеке эмоциямды көрсеткен емеспін. Мына жағдайдан кейін оқушылардың бетіне қалай қараймын деп ыңғайсыздандым. Ақиқат іздеген адамдар болса, менің сөздерімді ауыл чатына салмас бұрын ауыл биі, ата-аналар комитетінің төрайымы секілді 5-6 адамнан құралған топтың талқылауына салса болмас па еді?».

Әрине, ұлағатты ұстаз үйде де, түзде де отыз рулы елге таралуы мүмкін отыз тістен шығар әрбір сөзге мұқият, әрбір іс-әрекетіне сақ болуы тиіс. Бұл болашағымыз – жастардың тәрбиесіне тікелей әсер ететін дүние. Өйткені, «ұстазы мықтының - ұстанымы мықты». Алайда, пенде болғасын қателеспейтін адам жоқ. Ал, біреудің қателігін жалпақ жұртқа жария ету де ақылды адамның әрекеті емес. Ақылды адам қателігіңді өзіңе ғана, әдепті түрде жеткізеді. Шариғат тұрғысынан қарасақ, «кім бір мұсылманның айыбын жасырса, Аллаһ Тағала да ол адамның Қиямет күні айыбын жасырады» деген хадис бар. Рас, бір құмалақ бір қарын майды шірітеді. Ұстаздың бейәдеп сөздері қаншама оқушының тәрбиесіне теріс әсер етуі мүмкін, бірақ ол сөзді жария етпеуге, өзара талқыға салуға да болар еді ғой. Содан кейін де ерсі қылығын тоқтатпаса көптің талқысына салуға тура келеді. Бүгінгі кейіпкерлердің пікірлерін тыңдай отырып, мұнда әдеп мәселесі ғана емес, мүдде қайшылықтарының да бары байқалатын сияқты. Сол үшін мектепті жанжал алаңына емес, білім жарыстыратын алаңға айналдыру ең алдымен мектеп басшыларының, қала берді әрбір мұғалімнің негізгі мақсаты болуы тиіс. Сонда ғана болашақ үшін адал қызмет еткен тұлға қатарын толықтырған болар едік. Анығын айтқанда, мұғалім мәртебесін көтеретін заң емес, мұғалімдердің өз іс-әрекеттері. 

P.S. мақала газетке дайындалу барысында аудан әкімдігі мен білім бөлімінен құрылған арнайы топ Сүткент ауылы тұрғындарымен кездесуге шыққаны белгілі болды. Орынбасар оқиғасы назарымызда болады.

Балқы БАЗАР.

 

 

 

 


Пікір қалдырыңыз: