Жеңіс күні құрбандарға дұға бағыштайық!

Әлеумет

Жариялаған: admin | Уақыты: 2025-05-01 10:45:00 |

Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 88


Жеңіс күні құрбандарға дұға бағыштайық!

Алдымызда 9-Мамыр – Жеңіс күні келе жатыр. Бұрынғы КСРО құрамында болған бірқатар елдерде ол үлкен мейрам ретінде аталып өтеді. Біздің ел үшін де ол – атаулы дата. Дегенмен жылына бір рет келетін осы күнге басқаша көзқарас қалыптастырған дұрыс сияқты. Негізі бұл күні соғыста қаза тапқандарды, сол Жеңіске үлкен үлес қосқан ата-апаларымызды еске алып, рухтарына құран бағыштаған жөн ғой.

Қазақстанның бұл Жеңіске қосқан үлесі ұшан-теңіз. Жарияланған ресми деректерге қарағанда, Екінші Дүниежүзілік соғысқа Қазақстаннан қатысқандардың жалпы саны 1 миллион 200 мың адамнан асады. (Кей деректерде 1 миллион 300 мың, 1 миллион 400 мың деп те айтылып жүр). Осынша адамның тең жарымынан астамы майдан даласында мерт болған, хабар-ошарсыз кеткен. Одан бөлек, соғыста қираған елді мекендерді қалпына келтіру үшін «Еңбек армиясы» деп аталатын құрылымдардың өзіне 700 мыңдай қазақстандық алынған. Олардың қаншасы елге оралмай қалды? Бұл жөнінде нақты деректер жоқ. Жалпы алғанда, соғыс жылдарында майданда қаза болғаны, хабарсыз кеткені, госпитальдарда, «Еңбек армиясында», аштықтан, тылдағы ауыр еңбектен қайтыс болғаны – барлығын қосқанда Қазақстанның шығыны бірнеше жүз мыңдаған адамды құрайды.

Демек, Жеңіс жолында жанын қиған, Жеңіске жету үшін тылда аянбай еңбек еткен ата-апаларымызды еске алып, олардың рухына құран бағыштап тұру – біздің азаматтық, перзенттік парызымыздың бірі болуы керек. 9-Мамырда осыны да есте ұстайықшы!

         Д.Ораз

 

 


Пікір қалдырыңыз: