Жариялаған: admin | Уақыты: 2025-04-30 10:15:00 |
Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 85
Тасқын қайталанды...
Өткен жылдың көктемінде еліміздің көптеген аймақтарында қолайсыз ахуал қалыптасты. Батыс, Солтүстік, Шығыс, Орталық аймақтардағы қаншама елдімекендер тасқын су астында қалып, миллиардтаған шығын келді. Мемлекет басшысы мұны тиісті азаматтардың жұмысты дұрыс ұйымдастыра алмауынан деп сыни пікір айтқанын ел ұмыта қоймады. Тасқын зардабын жоюға қазынадан қыруар қаржы бөлінді. Өкінішке қарай, қателіктерінен сабақ алуы тиіс лауазым иелері сол қателікті биыл да қайталап отырғаны қынжылтады.
Былтырғы су тасқыны кезінде Үкімет басшысы Олжас Бектенов Ақмола облысының билігін су тасқынына дайын емес деп сынады. «Су тасқыны елді мекендерді қорғау бойынша инженерлік-техникалық жұмыстардың дұрыс жүргізілмеуі салдарынан болған. Әлбетте, су тасқынына қарсы іс-шараларды жоспарлау және жүзеге асыру нашар. Мәселен, Старый Колутон кентінде Колутон өзенін тазарту, жағалауын бекіту және түбін тереңдету жұмыстары тек 3 шақырымдық учаскеде жүргізілсе, жобада 11 шақырымында жұмыстар қарастырылған. Салдарынан өзеннің тасуы салдарынан үйлерді су басты. Су деңгейі жоғары емес, бірақ мұны болдырмауға болатын еді. Жергілікті билік тиісті шараларды дер кезінде қолданбады. Облыстағы дәл осындай елді мекендер жыл сайын су басу қаупіне ұшырайды», – деп су тасқынының қайталануы мүмкін екенін ұғар құлаққа ұғынықты етіп айтқан еді. Алайда...
Ресми мәліметке жүгінсек, сәуірдің ортасында елімізде ондаған ауыл су басу салдарынан көлік қатынасынсыз қалған. Өткен жылғы сапырылыстан сабақ алмаудың салдарынан Ақмола облысының Астрахань ауданындағы Жаңатұрмыс, Колутон, Старый Колутон, Ягодное ауылдары мен Атбасар ауданындағы А.Құрманов, Бұланды ауданындағы Новобратское ауылында көптеген жеке тұрғын үйді су басқан, жүздеген адам эвакуацияланған.
Биылғы қалыптасқан шынайы ахуалды білмек оймен біз бірнеше облыстардағы таныстарымызбен телефон арқылы байлангыстық. Әйтеуір көпшілігінде жағдай тұрақты екенін есітіп қуандық. Тек Петропавл қаласының іргесіндегі елдімекендерден қауіп сейілмеген екен. Бұл жөнінде Булаев қаласының тұрғыны Темірәлі Әмірабат былай деді: «Петропавлға жақын жердегі Заречный мен Тепличный ауылдарында қауіп төніп, үйлерге су келіп жатыр. Бұл үйлер өткен жылы да су астында қалған еді. Былтырғы жасалған бөгеттерден биыл су өтіп жатыр. Мен ерікті ретінде көмекке келдім». Т.Әмірабаттың сөзінен түсінгеніміз, жергілікті басшылар қауіпсіздік шарасын ұйымдастырмаған. Бөгеттер дұрыстап бекітілмеген. Өткен жылғы құм толтырылған қаптар әлі тұрған сыңайлы. Оның күнге күйіп, ендігісі жарамсыз күйде екені түсінікті. Мұндай ахуал Ақмола облысында да орын алған. Бір сөзбен айтқанда, дайындық жұмыстары тиянақты болған облыстардың тұрғындары тасқын қаупін сезінбесе, басшысы бейқамдық танытқан облыс азаматтары алаң күйде.
Өткен қателіктен сабақ алмай, тұрғындарды тағы әбігерге салған ақпақұлақ әкімдер мен маубас министрлер осы әрекетсіздіктері үшін халық алдында жауап беруі тиіс.
Балқы БАЗАР.