Оңтүстікте 11 ардагер қалды

Әлеумет

Жариялаған: admin | Уақыты: 2025-05-01 13:20:00 |

Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 83


Оңтүстікте 11 ардагер қалды

Бүгінде бүкіл Қазақстан бойынша Жеңістің 80 жылдығын 111 соғыс ардагері қарсы алғалы отыр. Олардың қатарында шымкенттік 2 ардагер бар. Ал Түркістан облысында олардың саны 8 ғана. Бүгінде олар Кентау қаласында және Жетісай, Ордабасы, Отырар, Сайрам, Созақ, Сарыағаш, Қазығұрт аудандарында тұрады. Яғни 6 ауданда 1 адамнан, Қазығұрт ауданында 2 ардагер қалған. Бірқатар аудандарда көзі тірі соғыс ардагері қалмады.

Соғысқа Оңтүстік өңірінен 140 мыңнан астам азамат алынған екен. Олардың жартысы майданнан оралмаған. Ерлігі үшін орден-медальдарға ие болғандардың ішінде 50-і Кеңес Одағының Батыры атанды, 9-ы үш дәрежелі «Даңқ» ордендерін толықтай иеленді.

Жалпы, жеңісті жақындатуға қазақстандықтардың үлесі орасан болды. Қазақстанда бірнеше ондаған атқыштар және атты әскер дивизиялары, бригадалар, жеке батальондар мен полктер құрылды. Бірер айдың ішінде ғана жолындағының бәрін жайпап, Мәскеу түбіне дейін жеткен жаудың бетін қайтарған+да негізінен Қазақстанда жасақталған осы әскерлер болды. Отансүйгіштік пен ерліктің ерен үлгілерін көрсеткен мыңдаған аталарымыз бен апаларымыздың есімдерін біз бүгінде мақтанышпен айта аламыз.

Жауға атылған әрбір он оқтың тоғызы Қазақстан металынан құйылғанын тарихи деректер растайды. Қазақстан майданға бүкіл КСРО-да өндірілетін мыстың 38 пайызын, молибденнің – 60, висмуттың – 65, қорғасынның 83 пайызын берген. Мұнай өндіру 40 пайызға дейін өскен. Бір ғана Қарағанды кеніші майдан қажеттіліктеріне деп 35 миллион тоннадан астам көмір жөнелткен.

Тыл еңбеккерлері жауынгерлер үшін майданға қыруар қалың киім, пима, қолғап жіберді. Майданды жүз мыңдаған тонна етпен, миллиондаған тонна нанмен және басқа да азық-түлікпен қамтамасыз етті. Атты әскер үшін, соғыс техникасын тасымалдауға деп 150 мыңға жуық ат берді, 4,5 миллиард рубльден астам қаржы жіберді. Қазақ жері КСРО-ның ең мықты, ең сенімді тылы болды. Қазақстан қалаларына соғыс жүріп жатқан, майдан шебіне жақын аумақтардан жүздеген зауыт-фабрикалар көшірілді. Одан бөлек, жүздеген мың адам эвакуацияланды. Тұрғылықты жерінен зорлап көшірілген халықтардың да көбі Қазақ жеріне әкеліп қоныстандырылды. Күйеуі, ұлы, бауыры майданда соғысып жүргенде колхоздың ауыр жұмысынан зорығып қайтыс болған адамдар да аз болмаған. «Бәрі де жеңіс үшін!» деген ұранмен майданға жөнелтілетін наннан, еттен, сүттен, жұмыртқадан бір шөкім, бір жұтым ауыз тие де алмай, аштан өлгендер болыпты.

Миллиондаған адамның өмірін жалмаған соғыстың ащы шындықтары көп айтылмайды. Бізде оны зерттеп, түгендейтін адам аз. Соғыстың кезінде мыңдаған солдат хабар-ошарсыз кетті. Жарынан, әкесінен, бауырынан айырылған талай адам ардақтысының бір хабарын біле алмай өмірі өксумен өтті. Осы олқылықтың орнын толтыру енді бүгінгі буын ұрпақтарына аманат.

Д. НҰРПЕЙІС.


Пікір қалдырыңыз: