Жариялаған: admin | Уақыты: 2025-05-12 11:15:00 |
Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 246
Мектеп – мүдде таластыратын мекен емес...
Соңғы 4-5 жылдың көлемінде Шардара ауданындағы Төлеген Айбергенов атындағы мектеп-гимназияның басынан бұлт арылмай тұр. Оқушыларға үлгі-өнеге болады деген ұстаздардың өзі мектеп ішінде жаға жыртысып, бүкіл елге масқара болды. Әлеуметтік желіде «жұлдыз» болғандары былай тұрсын, Республикалық телеарналарда көрсетіліп, олардың ұстаз деген ұлы есімге кір келтіргенін көпшілік әлі ұмыта қойған жоқ.
Бірнеше жылдан бері созылып келе жатқан білім ұясындағы төбелес, өзара соттасу, арыз-шағымдар білім сапасына да кері әсерін тигізбей қоймапты. Ұстаздары ұрысып жүрген мектеп оқушыларының тәртібі турасында не айтуға болады? Көрген-білгендері теріс қылық болған соң оқушылар тарапынан да құқықбұзушылықтар тіркелуде. Ал білім сапасы бөлек әңгіме. Биыл ауданның беткеұстар мектеп-гимназиясы екі рет қатарынан онлайн аттестациядан өте алмаған. Бұл мақтанарлық емес, масқара жағдай. Үшінші рет бақ сынау офлайн жағдайда, арнайы құрылған комиссия сүзгісінен өтуі тиіс. Бұл сыннан да сүрінбей өтуге кепіл жоқ. Ондай жағдайда бұл білім ұясы гимназия статусынан айырылып қалуы мүмкін. Заңдылығына жүгінсек, аттестациядан өте алмаған мектеп жеке дара білім беру құқынан айырылып, жақын маңдағы мектептің филиалы ретінде жұмыс істеуі тиіс. Мұндай жағдайда мектеп директоры филиал меңгерушілігіне төмендетіліп, орынбасарлар қысқарады. Біраз мұғалімдер басқа метепке ауысуға мәжбүр болады. Тіпті биылғы түлектер 11 жыл оқыған білім ошағының ұсынар аттестатын да ала алмай қалуы кәдік.
Түркістан облыстық Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Ғалымжан Алматов та бұл қауіптің негізсіз емес екенін жасырмады. «Біз бұл мәселеге байланысты облыс әкімдігі мен білім басқармасына хат жібердік. Кінәлі адам болса оны анықтап, шара көру сол кісілердің міндеті. Біз тараптан аттестациялаудың үшінші кезеңі келесі оқу жылында өтетін шығар. Ал биыл оқушыларға аттестаттың қалай берілетінін аудандық білім бөлімі шешеді», – дейді Ғалымжан Бауыржанұлы.
Өзіндік абырой-беделі қалыптасқан бұл мектеп-гимназияны кезінде білікті басшылар басқарды. Олардың ішінде аудандық білім бөліміне жетекшілік еткен Майра Биғараева, Сырлыбек Шынтаев секілді азаматтар тізгінін ұстаған. Сол жылдары мектептің білім сапасы көтеріліп, ұжымда ауызбірлік салтанат құрған. Ол жайында Сырлыбек Шынтаев былай дейді: «Мен мектепке 2010 жылы барғанда барлығын зерделеп, гимназия статусын алуға жұмыс істедім. Ол үшін қаншама жерге хат жаздық. Ауданнан, облыстан зерделеу тобы келді. Есімде, сол жылы мектептен 7 «Алтын белгі» шығып, 9 сынып оқушылары арасында да үздік аттестат алғандар көп болды. Ол бір менің емес, бүкіл ұжымның еңбегі еді. Қайбір күні бір азаматтан осы мектептің гимназия статусынан айырылу қаупі бар екенін естігенде еріксіз жүрегім езілді, ішім қан жылады. Еткен еңбек, төккен тердің арқасында қалыптасқан гимназиядан қалайша бір сәтте айырылып қалуға болады?».
Қаншама еңбекпен келген нәрсе еді, қалай соның бәрінен лезде-ақ айырылуға болады. Аудандағы жалғыз гимназияны мәртебесінен айырғанша соған жол бергендерді неге жұмыстан алмайды? Мұғалім заңгер емес, біраз жайтты білмеуі мүмкін. Ал егер әлгі күдік расқа айналса, онда директордың орынбасарлары қызметтен, мұғалімдерден сағаттар қысқарғалы тұр. Тіпті тереңдетіп оқытылатын сыныптар да қысқаруы мүмкін. Бұл бүтіннің бүлінгенімен бірдей. С.Шынтаев осыдан 15 жыл бұрын аталмыш мектептен 7 түлектің «Алтын белгіні» қорғап шыққанын айтты. Былтыр екі оқушы ғана «Алты белгі» төсбелгісін тақты. Биыл да бұл көрсеткіш екеуден аспайтын секілді. Мұны өсу дейме, өшу дейме, ол жағына баға беруді оқырманның еншісіне қалдырдық.
Мектеп кәсіподақ ұйымының төрағасы Зәуір Алтай да биылғы түлектерге аттестат өзге мектептің атынан берілетінін құлағы шалыпты. «Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды». Егер бұл сыпсың сөздер расқа айналса, он бір жыл осы мектепте оқыған оқушылардың, жалақысы қысқарған, жұмыстан босаған ұстаздардың обалы кімге?
Осы турасында мектеп директоры Райгүл Мұсалиеваның не ойлайтыны бізге беймәлім. Аудан мен облыстан зерделеу баратын кезде директор аяқасты «ауырып» қалып, ал орынбасарлары еш құжат көрсете алмайтын мектепте басқа қандай көрсеткіш болуы мүмкін?
Мектеп мүдделер қақтығысын, жеке бас араздығын шешетін алаң емес. Ол болашағымызға тәрбие мен білім беретін қасиетті мекен. Бұл екі міндетті қатар алып жүре алмаған ұстазға да, директорға да білім ұясынан орын болмауы тиіс.
Ұлықбек ҮМБЕТ.