Жариялаған: admin | Уақыты: 2025-05-13 15:20:00 | Соңғы рет жаңартылған уақыты: admin on
Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 555
Түркістан облысының Ордабасы ауданына қарасты Қарақұм ауылының тұрғыны Самат Сұлтановтың шаруашылығында қарбалас тірліктер жүріп жатыр.
Қарақұм ауылы теріскейге жақындау, көктемі кешірек шығады, жазы ыстық, аптап
күндері көп. Сондықтан ол жақта бау-бақша өсіру жайы күрделірек. Ол аумақтың
бір көтерілсе апталап соғып тұратын ерекше желі де бар. Сары топырақты бұл өңірдің
суы да ащылау болып келеді. Сондықтан ол жақта диқаншылықтан мол өнімді ердің
ері ғана ала алады десек, артық айтқандық болмайтын шығар. Самат Сұлтанов
осындай бейнеті көп кәсіпті ойдағыдай меңгеріп, онымен қоса өз білгенін өзгеге,
тіпті басқа облыстардың тұрғындарына да үйретіп жүр. Саматтың «Инстаграммдағы»
парақшасынан жер баптап, топырақты тыңайтуға, көкөніс, жидек өсіруге қатысты
бейнежазбаларды көріп, тиімді кеңестер алуға әбден болады.
Ауыл тұрғындарына «тамшылатып суғару» дегеннің не екенін алғаш көрсеткен де, үйретіп жүрген де – осы азамат. Бұдан оншақты жыл бұрын өзіне қарасты жер телімінен тұщы су шығатын құдық қаздырып алған, соның суын пайдаланады. Мұндай еңбекқор жанмен сұхбаттас болудың өзі бір ғанибет. «Тамшылатып суғаруды «Ютуб» арнасынан көріп жүріп үйреніп алдым, – деді Самат бізбен болған әңгіме кезінде. – Судың жылдан-жылға азайып келе жатқанын білем, сондықтан да ертерек әрекеттеніп, тиімді жолын жасап алуға тырыстым. Бұрын мақта егумен айналысқанбыз, оның пайдасы азайып, шығыны көбейгесін көкөніс өсіруге көштім. Алғашында 30 соттық жерге қияр егіп, кәсіпті сол жерден бастадым. Қазір тамшылатып суғарудың арқасында тыңайтқышты дақылдың түбіне ысырапсыз беруді де қолға алғанбыз. Суды да үнемдейміз. Бәрін автоматтандырылғандай етіп, қарапайым түрде жасап қойғанмын. Арық сияқты «су шықпайды», «шайып кетеді» деген проблема жоқ, бір нүктені бассаң, жердің қыр-сайына қарамастан егістіктің бәрі суғарылып тұра береді. Бұрын дақылдарды арық суымен тәуліктеп суғарушы едік, бүгінде екі-үш сағатта толық суғарып үлгеретін болдық. Тамшылатып суғарудың ең тиімді тұсы осы – уақытты үнемдейді, шығыны аз, берілетін тыңайтқышты да үнемдейді, жұмысты жеңілдетеді».
С.Сұлтановтың көкөніс өсіруді бастағанына он жылдан асып отыр. Ол алғашында қауын-қарбыз, қияр, қызанақ егумен айналысқан. Қазір негізінен қияр мен қызанақ өсіреді. «Көкөністі таңдау себебім – халықтың күнделікті тұтынысындағы азық болғандықтан оған қысы-жазы сұраныс көп, – дейді Самат. – Өсіру қиындау болғанымен өткізу жағы жеңілірек. Жылда өзімнен өнімді алып сататын тұрақты клиенттерім бар. Сату жағынан аса бір қиындық жоқ.
Бұрын көкөністі гектарлап егіп жүретінмін. Кейін адамның қол күші, техника қызметі, жанар-жағармайдың, тұқымдықтың, тыңайтқыштардың бағасы қымбаттауына байланысты оны тоқтаттым. Оның үстіне өнім піскен кезде шетелден көкөністер көп әкелінеді де, бағаның арзандап кетуіне себеп болады. Гектарлап еккеннің пайдасы азырақ болғандықтан бүгінде көкөністі үйіргелік жерге өсіруденмін. Жалпы аумағы 25 соттықтай жерім бар. Кейінгі төрт-бес жылдан бері бір алқаптан бір маусымда екі мәртеден өнім алудамын. Бір-екі гектардан табатын пайданы сол үйіргелік жерден-ақ алып жүрмін. Бүгінде ауылдық жерлерде бес-он соттықтан, тіпті жиырма-отыз соттықтан игерілмей, шөп басып жатқан жерлер көп. Мен сондай жерлерді игеріп, пайда табуға болатынын өзімнің әлеуметтік желідегі парақшамда іс жүзінде көрсетіп, дәлелдеп жүрмін. Дұрыс қарап, тиімді пайдаланып, күте білсең бір үйіргелік жерден де гектардағы сияқты өнім алуға әбден болады.
Жыл он екі ай бойы қалтаға ақша түсіп тұратындай мүмкіндік беретін жүйе қалыптастырып қойғанмын. Мысалы, күн суыған кезде жылыжайда қияр, құлпынай, қызанақ өсіремін. Қыс ауасында ол жерден де тұрақты табыс түсіп отырады. Ерте көктем шыға келе есік алдындағы қосымша жерге көкөніс егеміз. Жұрт «Дуга», «Термос» деп айтып жататын, үсітпейтін, күннен қорғайтын, суықтан сақтайтын «Агроспан» жабындысын агродүкендерден сатып алып, еккен дақылдың үстін бір айға дейін жауып қоямыз. Тамшылатып суғару арқылы ерте өнім шығарамыз. Бізде біршама салқындау болғанымен өнімді саудаға Жетісай ауданы диқандарымен қатарласып шығара аламыз».
С.Сұлтанов осылай дейді. Еңбегінің нәтижесі жақсы. Мысалы, былтыр ол үйіргелік жеріне 3 мың түп қызанақ еккен екен, содан 12 тонна өнім жинап алыпты. Өсіру-баптауына төрт айдай уақыт жұмсап, 2 миллион теңгеден астам пайда тапқан. Мұнымен шектелмей, орнын тазалап, топырағын аударып, өңдеп, ол жерге күздік қияр егіп алыпты. Қысқасы, бір маусымда екі мәрте өнім алып, 2-4 миллион теңге аралығында табыс тапқан.
«Тәжірибемді шыңдау мақсатында жылда өзіндік эксперименттер жасап тұрамын, – дейді С.Сұлтанов. – Мысалы, бір жылдары жылыжайға қияр өсіріп, пісіп, таусыларға жақындаған кезде оның арасына көшетінен тағы да қияр егіп қоятынмын. Біріншісі қазан бола бастағанда екіншісі астынан өсіп шығып, өнім беруді жалғастырады. Сондай тәсілмен бүгінде қиярдың астына құлпынай егіп, екеуінен де бірдей өнім алып жатырмын. Негізі қиярдың орнына қызанақ егуге де болады».
Саматтың құлпынай өсіріп жүргеніне екі жылдай болыпты. Мақсат – құлпынай Қарақұмның климатына, жеріне, топырағы мен суына төзімді ме – соны анықтап алу. Ол құлпынайдың италиялық «Мурано», кореялық «Сольхянг» және америкалық «Альбион» сұрыптарын өсіруде. Осыларды сынақтан өткізіп жүр. Таяуда бұлардан алған алғашқы өнімдерді саудаға шығарды. «Жоспарда биыл жылыжай көлемін үлкейту бар. Сол жерден қыста өнім алу үшін құлпынайдың кореялық «Сольхянг» сортын таңдап алып отырмын. Оның көшеттерін Мырзакентке жақын бір ауылдағы өзбек жігіттерден алып келгенмін. Өзім ақырындап көбейтіп алып жатырмын. Басқа сорттарды Шымкенттің айналасындағы таныс азаматтардан алдым.
Маған әзірге осы «Сольхянг» ұнап тұр. Басқалары қыста күн сәулесі жеткіліксіз болғандықтан бойына дәм беретін қасиетті толық жия алмайды, тәттілігі кем болады, дәмін сақтап қала алмайды. Ал «Сольхянг» күзден бастап көктемге дейін өнім береді, қыста өсіруге қолайлы, тәтті, иісі де керемет болады. Қыста оның 1 килосы 4000, 5000-6000 теңгенің арасында бағаланады, оған сұраныс жақсы. Тортқа, құлпынайлы шоколад жасауға, тағы да басқа сән, тренд болып жатқан нәрселерге қолданылады. Өткізуде қиындықтар жоқ».
С.Сұлтанов бүгінде жылыжай кәсібін басқа жерге ауыстыруға кіріскен. Өткен жылы аумағы 2 соттық жылыжай салған екен. Биыл соның жанына тағы да қосып, үлкейте түспек. Сол 2 соттыққа былтыр күзде астына құлпынай, арасына қияр еккен. От жақпай, күннің жылуын пайдаланып, одан 2,5 тоннадай қияр жинап алған. Жылыжайға шығындалған 2,5 миллион теңгедей қаржының 700 мың теңгесін сол жылы-ақ өтеп алыпты. Қалғанын биыл күзге дейін қайтарып алам деген есебі бар. Жалпы, 24 соттық жеріне алдағы бірер жылда аумағы 15-20 соттықтай жылыжай салып, қысы-жазы өнім алып тұрсам деген мақсат қойып отыр. Ол жергілікті топырақты тыңайтуға мал бордақылаумен айналысатындардан алып ірі қара қиын пайдаланады. Қаптай шыққан арамшөпті үш-төрт мәртеге дейін ерінбей отайды. Сөйтіп топырақтың құрамы мен құнарын арттырып отырады.
С.Сұлтанов сондай-ақ оншақты ауылдастарын да тұрақты маусымдық жұмыспен қамтамасыз етеді. Көшеттерді егерде, шабықта, шапқаннан кейін, терім кезінде ауылдың адамдарын жұмысқа жалдап, ақысын күнделікті беріп тұрады. Енді ауыл тұрғындарын, әсіресе жұмыссыз жүрген жастарды өздерінің үйіргелік жерінен жылыжай салып алуға үндеп жүр. «Ауа райының қолайсыздығына қарамастан жылыжайдан қысы-жазы өнім алуға болады. Ең бастысы, оны берік етіп темірден жасап алған дұрыс. Қыстың суығына, жаздың ыстығына төзімді, шірімейтін, күймейтін, сынып, күйреп кетпейтін арнайы жабындылар бар. Сонымен екі қабаттап, ішінен тағы да «пленка» жауып, одан қыстай өнім алуға болады. Өте тиімді бизнес. Ауылда жұмыссыз жүрген жастар осыны кәсіп етсе болады. Шағын жылыжай салып алуға 500 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін шығын жұмсалады. Бір салып алса болды, есесіне ол жылдар бойы қызмет атқара береді. Өйткені темір оңайлықпен шірімейді», – дейді ол.
С.Сұлтановтан диқаншылық кәсібін үйреніп жүргендер әр облыстан бар. Мысалы, жаңаөзендік бір жігіт 24 соттық жерге жылыжай салып, оның 20 соттығына қияр еккен екен, бүгінде одан күніне 500 килодан 1 тоннаға дейін өнім алуда. Ол С.Сұлтановпен жұмыс істей отырып, 10 күнде 4 миллион теңгедей пайда тапқан. Алда тағы екі айдай өнім алатын уақыт бар. Ол жақта баға қымбат. Ал 24 соттық жылыжайдан бір айналымда 30-40 тонна қияр жинауға болады екен.
Жоқтан бар жасай алатын осындай азаматтардан үлгі алу кімге де болса керек. Бұл мақаланы жазуда біз де осыны мақсат тұттық. Үйреніңіздер, адал еңбектің арқасында бай, қуатты болыңыздар!
Д. НҰРПЕЙІС.